Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Инвестиция тарту қарқыны бәсеңдемейді

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ғаламдық экономикалық байланыстарға кірігіп, халықаралық еңбек бөлінісіне атсалысатын кез келген мемлекеттің дамуын инвестициясыз көзге елестете алмаймыз. Бұл тұрғыда алғанда еліміз Тәуелсіз мемлекеттер достастығында алғашқы орындардың бірін иеленуде. Өткен жылдың есеп-қисабына жүгінсек, 930 млн АҚШ доллары сомасына 8 трансұлттық компания әріптестікке тартылған, 3,1 млрд АҚШ доллары сомасына 27 жоба пайдалануға берілген. Аталған жобаларды іске асыру аясында 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылған.

Дерек көздерінің дәлел-дәйегіне сүйенсек, Жамбыл облысында өндірістік қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр станциясы, Қызылорда облысында жылына 1 млн тонна цемент өндіретін цемент зауыты, Түркістан облысында тәулігіне 100 тоннаға дейін құрғақ түйе сүтін өндіретін Қазақстандағы алғашқы зауыт жұмысын бастаған. Сонымен қатар өткен жылы Павлодар облысында темір жол дөңгелектерін шығаратын өндіріс іске қосылған, Нұр-Сұлтан қаласында трансформаторлар өндірісі пайдалануға берілген, Қарағанды облысында машина жасау зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталған. Хабардарлықты арттыру үшін қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде invest.gov.kz бірыңғай ұлттық интерактивті интернет-ресурсы іске қосылған. Сайтта Қазақстанға инвестиция салу, инвестицияларды талап ететін жобалар туралы қажетті ақпаратпен қатар түрлі сұрақтар бойынша сұраным бағыттары да ұсынылған. Инвесторлар тарапынан түскен кез келген сұранымды, бастаманы немесе шағымды аздаған уақытта аталған порталда рәсімдеуге болады. Сайт ақпаратына сәйкес, биылғы жылы ұлттық компания 2 млрд АҚШ доллары сомасына шетелдік инвесторларды қатыстыра отырып, 30 жобаны пайдалануға беруді көздеп отыр. Пайдалануға берілетін жобалардың жалпы санының 40-қа жуығы экономиканың жаңартылатын энергия көздері және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар сынды жаңа секторына тиесілі. Қуаттылығы 400МВт болатын күн электр станциясы, қуаты 90 МВт-тық жел, 25 МВт-тық су электр станциясы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл электр станцияларының жалпы құны 680 млн АҚШ долларын құрайды.

Бүгінгі таңда тау-кен металлургия кәсіпорындары саласында жалпы сомасы 9,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 25 жоба бойынша мониторинг жүргізілуде. Олардың ішінде 2,3 млрд долларлық 10 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп және құжаттар дайындалып жатыр. 7,4 млрд долларлық 15 жоба бойынша пысықтау жұмыстары, сондай-ақ екіжақты келіссөздер ұйымдастырылып, әлеуетті инвесторлар тарапынан кешенді сараптама дайындалуда. Кешенді сүйемелдеуден басқа тау-кен металлургия саласындағы әлемдік ойыншылар үшін жаңа тауашалар іздестірілуде. Инвестициялық ұсыныстарды алға жылжу мақсатында «Қазақинвест» компаниясы екі жыл қатарынан халықаралық консалтингтік компаниялармен бірлесе отырып, халықаралық стандарттарға сай тауашалы жобаларды «қаптау», оның ішінде жобаны іске асыруға арналған бизнес-жоспарды дайындау бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Тау-кен металлургия саласындағы жобалардың көбісі өндіру кезеңіне жеткізу үшін толық барлау қажет етілетін металлдарды өндіріп, өңдеуге қатысты шағын жобалар болып табылады. Бұларға әлеуетті инвесторлар тарапынан қызығушылық бар. Осыған орай шетелдік инвесторлар қазақстандық әріптестермен түйістіріліп, келіссөздер жалғасуда.
Елімізде тау-кен металлургия саласына инвестиция тартуға қажетті кеніш қорлары жеткілікті. Инвесторларды қызықтыратың тауашалар қатарында Қоскөл, Союзное, Бақалыадыр секілді мыс өңдеу бойынша келешегі мол учаскелерді, сондай-ақ алюминий және алтын өндірілетін орындарды атап өтуге болады. Қазақстанда болжанып отырған алтын қоры 9,5 мың тоннаға бағаланады. Бағалауға сәйкес алтын кендерін өндіру және қайта өңдеу бойынша жобаларға инвестиция тартудың қосымша әлеуеті 10 млрд АҚШ долларына дейін жетуі ықтимал. Сирек және сирек жер металдарын өндіру және өңдеу әлеуеті жоғары секторлардың бірі болып табылады. Бұл орайда Қарағанды облысындағы әлемдегі ең ірі Солтүстік Қатпар және Жоғары Қайрақты вольфрам кен орындарына үлкен қызығушылық танытылып отыр. Бұл жобаларға 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция тартылған жағдайда Қазақстан аммоний паравольфраматы бойынша әлемдегі жетекші ойыншылардың біріне айналады. Келесі бір келешегі мол жоба Қызылорда облысындағы Баласауысқан кен орны болып табылады. Жоба аясында бұл аймақта ванадий пентоксиді мен концентраттарын өндіретін зауыт құру көзделіп отыр. Тау-кен металлургия кешені саласындағы тиімді инвестициялық жобаларды анықтау және оларды іске асыруға инвесторларды тарту жөніндегі жұмыс жалғастырылуда. Қазақстанның тау-кен және өңдеу өнеркәсібінің өзекті мәселелерін талқылау үшін орталық алаң болып табылатын салалық ғылыми Конгрестің ресми серіктесі ретінде «Қазақинвест» компаниясының мамандары жыл сайын әлемдік сарапшылармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, әлемге әйгілі ғалымдармен, ірі компаниялардың басшыларымен бірелсе отырып, тау-кен металлургия саласының өзекті мәселелерін және даму келешегін ой елегінен өткізіп келеді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру