Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

Даудың басы – ала-құла айлық

Атырау облысы «Теңізшевройл» компаниясындағы жаппай төбелес жайдан-жай «бұрқ» ете қалған жоқ. Бұл жылдар бойы жинақталған күрделі әлеуметтік мәселенің шегіне жеткенінің айқын дәлелі.

Ең алдымен қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбекақысындағы алшақтық шымбайға қатты батқаны байқалады. Оны осыдан біраз уақыт бұрын айтқандар да болған. Олардың уәждеріне құлақ асып, назар аударып, нақты нәтиже шығару былай тұрсын, соңына шам алып түсіп, қудалаудың сан түрін қолданғанын айтып отыр білетіндер. «Отбасымды асырап отырған азын-аулақ айлығымнан айырылып қалмасам екен» деп аш құлақтан гөрі тыныш құлақ жүргендері қаншама? Оларға қайтіп кінә артарсың? Нәпақасын тауып жүрген жұмысы. Қаны қыз-қыз қайнап, ашу кернегенімен өзін сабырға шақырып, «сап-сап көңілім» деп сабасына түседі.
Еңбекақы деген өзекті мәселе. Айлығы шайлығына жетпей жатса, ашынбағанда қайтеді? Өзімен қатар жұмыс істеп жатқан, білімі де, тәжірибесі де шамалас шетелдік жұмысшының бірнеше есе жоғары жалақы алатынын көргенде қаны басына шаппағанда қайтеді? Өкінішті, әрине. Бұл өзекті мәселеге енжар қараудың салдарынан ССЕР компаниясының жұмысшылары бір-бірімен жаға жыртысып, жанжалдасты. Бір-біріне жұдырық ала жүгірді. Қырықтан аса адам жарақат алды.
Компания басшылығы «Айлықтың айтарлықтай айырмашылығын жергілікті тұрғындар білмейді» деп ойлаған болар, бәлкім. Бірақ, бұл шиеленісті жағдайды жасырып, жапқанмен күндердің күнінде шындықтың беті ашылып, жалпақ жұртқа жария болатынын, басқадай көрініс емес, жаппай төбелес көрсетіп берген жоқ па?
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та осы өзекті мәсе­леге ерекше назар аудармаса, айлықтың алшақтығы алауыздық пен жұмысшылардың «дүмпуіне» алып келетінін бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында баса айтып қалды. «Бір ұжымда бірдей жұмыс істеген екі адамның бірі 300 доллар, екіншісі 3000 доллар алмауы керек, адамдар көріп отыр» деді аймақ басшысы.
Құлаққа кіретін сөз. Жұмыс ауқымы бірдей, бірақ айлық ала-құла. Жергілікті жұмысшылардың еңбекақысы он есе төмен. Адамдарды осылай алалау бар екенін күнде көріп-біліп отырған шетелдік жұмысшылар қазақстандық әріптестерін өздерінен төмен санап, басынбағанда қайтеді? Жанжал өрті тұтануының себеп-салдары да осы емес пе? Оның үстіне шетелдік жұмысшылар қалта толатын қаражат алып, алшаң басып жүргенде жергілікті тұрғындар ақша беріп жұмысқа тұруға, пара беріп еңбек шартын созуға мәжбүр. Өз елінде, өз жерінде жүріп осындай күйге түскен жергілікті жұмысшылардың шыдамы да шегіне жетіп, ашу-ызасын сыртқа шығарды. Дау-дамайға әкелді.
Ең өкініштісі – жанжал орын алғаннан кейін Атырауға жеткен ССЕР компаниясының бас директоры Кауаш Хишам еңбекақы айырмашылығын емес, әлеуметтік желілерде әбден талқыланған фотоға түскіш Эли Даудпен келісім-шарт бұзылып, оның еліне қайтарылғанын айтумен шектелді. Жұмысшылар жалақысындағы айырмашылық туралы тіс жармады. Неге? Әлде бас директор жаға жыртысқан жанжал еңбекақыға байланысты емес, фотосуретке қатысты шыққан деп ойлай ма екен? Егер бұл кикілжіңді жәй ғана тұрмыстық сипаттағы мәселе деп қараса, онда қатты қателескені. Фотоға түскіш жұмысшыны еліне қайтарып, мәселені жылы жауып қою мүмкін емес. ССЕР компаниясының басшылығы айлықтың айырмашылығына байланысты анық-қанық ақпарат беріп, олқылықтың орнын толтыру мақсатында қам-қарекет жасауы қажет.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуына қарағанда, еңбекақы айырмашылығына байланысты шағым көп. Оның бәрін ескерусіз қалдыра беруге болмайды. Компания басшылығы нақты шешім қабылдауы қажет. Лайықты нәтижеге қол жеткізбейінше, қазақстандық жұмысшылар қазір тыншу тапқанымен, болашақта тағы да дүмпу қайталануы әбден мүмкін. Соның алдын алған абзал.
Сонымен бірге жұмысшыларды қосымша жұмыстарға тартқаны үшін төленетін ақыны да кешіктірмей, уақтылы беру жөніндегі талап та орынды. Мереке мен демалыс күндері де уақытпен санаспай жұмысқа шығатын адамдарға да еңбекақы төлеудің өз тәртібі бар. Бірақ жұмысшылар бұл да сақтала бермейтінін айтып отыр. Жұмыс күнінің нақты кестесі болуы тиіс. Оны орынды-орынсыз өзгерте беруге жол берілмеуі керек. Еңбек адамының да құқы ескерілуі қажет. Компания қожайындары «Өзім – би, өзім – қожа, не істесем де еркім бар» дейтіндей көзқараста болмағаны жөн. Жұмысшылармен де санасқаны жөн. Тіпті Теңіз жобасында мердігер мекемелердің бірінің басшысы күн сайынғы жұмыс күнін өз бетімен төрт сағатқа көбейткен көрінеді. Бұл еңбек адамын қанау. Оның еңбек құқы тапталып, денсаулығына зиян келеді.
Міне, еңбек қатынастарына байланысты осындай заңсыздықтарды байқаған салалық кәсіподақ шырылдап жұмысшылардың жанайқайын жеткізіп отыр. Соның бірі – Салтанат Рахимова. Ол «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрайымы.
– Қазақстандық жұмысшы бір мың доллар алса, шетелдік жұмысшы үш мың мен он мың доллар аралығында еңбекақы алады. Бұл әлеуметтік теңсіздік тудырады. Бұл жерде «Басқалармен салыстырғанда «Теңіз» кенішінде қазақстандықтардың жалақысы жақсы ғой, олар неге рен­жиді» деп әңгіме айту қисынсыз. Өйткені, тағы да қайталап айтсам артық болмас, компанияда әлеуметтік теңсіздік орын алып отыр. Біз бұл мәсе­лені талай мәрте көтердік. Бірақ шет­елдік компания басшылары кәсіп­одақтың арыз-шағымына жүрдім-бардым жауап береді. Тіпті кейбір дау­ларды шешу бірнеше айға созылады, – дейді Салтанат Рахимова. – Қазақстандық 6 разрядты оператор күніне 44 доллар алатын болса, тура сондай шетелдік оператор күніне кем дегенде 200 доллар алады. Яғни 44 доллар мен 200 доллар арасындағы айырмашылық өте көп емес пе?. Екеуінің де разряды, дәреже-деңгейі бірдей. Бірақ айлығы әртүрлі. Бұл бір ғана дерек. Бұдан басқа да көптеген дерек бар. Тіпті кейбір компанияларда айына 35 мың фунт стерлинг жалақы алып отырған шетелдік жұмысшылар бар. Бұл өте жоғары жалақы. Осындай көптеген фактілерді еңбек инспекциясы да анықтады. Тек биылдың өзінде отандық және шетелдік мекеме-кәсіпорындарда тексеріс жүргізіп, 300-ге тарта заң бұзушылықтың бетін ашқан. Нәтижесінде 9 млн теңге айыппұл салынған. Ұжымдық арыз негізінде жүргізілген тексеру барысында Қазақстан шекарасынан менеджер ретінде өткен адам келген соң қауіпсіздік қызметінің басшысы лауазымын атқарған.Жай жүрмей, қарамағындағылардың артынан шам алып түсіп, шектен тыс талап қойған.
Жалпы, ССЕР компаниясындағы дау-дамай Қазақстандағы шетелдік компаниялардың қожайындарына ой салған сыңайлы. Олар біздің елдің аумағында жұмыс істеген­діктен мемлекетіміздің еңбек заңдылықтарына мойын ұсынуы, еңбек қатынастарына байланысты талаптарды орындауы тиіс. Әлеуметтік әділетсіздікке жол бермеуі керек. Жұмысшылардың барлығы бірдей, мейлі қазақстандық болсын, мейлі шетелдік болсын, еңбек жағдайын жасауы қажет. Еңбекақы айырмашылықтары да болмағаны жөн. Кәсіподақ осындай мәселелерге мән беруі тиіс.
Осындай қадам жасап жатқан кәсіподақ ұйымдары да бар. Шығыс Қазақстан облысындағы «Казцинк» компаниясының кәсіптік одағы жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде басшылықтың алдына мәселе қойып, оң шешімін тапты.
Компания қызметкерлерінің 98 пайызы кәсіподақ ұйымына мүше. Бұл үлкен күш. Сондықтан да олардың талап-тілегіне компания басшылығының құлақ асқаны өте орынды. Енді «Казцинк» жұмысшылары осы шілде айынан бастап еңбекақыны 10 пайызға көп алатын болады.
Бұл үлкен компания. Оның құ­ры­лымдары Шығыс Қазақстанда ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарында да бар. Демек олардың да еңбекақысы шілдеден бастап он пайызға көбейеді деген сөз.

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру