Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

«Жасыл экономика» — экономикалық дамудың серпілісі

Қазақстан соңғы 100 жылдықта экологиялық мәселелер бойынша көптеген қиындықтарды басынан өткерді. Кезінде Аралдың құрғап кетуі, Семей полигоны сияқты үлкен экологиялық апаттар бүкіл жұртшылыққа мәлім. Адамдардың денсаулығы нашарлап, бұрын адам баласы естімеген ауруларға кезігіп жатқаны жасырын емес. Сонымен қоса су және энергия ресурстарының тапшылығы байқалып отыр. 2013 жылдың жазында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы «Жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Қазіргі уақытта осы Жарлық бойынша елімізде қарқынды жұмыстар жасалып жатқаны белгілі.

Осы ретте, «жасыл экономика» ұғымына түсінік бере кетелік. «Жасыл экономика – Қазақстан қабылдаған халықаралық мін­деттемелерге сәйкес және бола­шақ ұрпақтың мүддесі үшін табиғи шикізат қорларын тиімді және рационалды қолдану арқылы тұрғындардың әл-ауқатының артуына жеткізетін табысты экономика. Электр және жылу энер­гиясының генерациясы, газ өндіру, су ресурстарын пайдалану, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, өнеркәсіп қалдықтарын басқару және тұтыну, көлік және жол инфрақұрылымы – жасыл экономиканың негізгі секторлары болып саналады. Жасыл экономика күрделі сұрақтардың басты шешімі болып табылады. Оны дамыту арқылы зиянды қалдықтардың ауаға таралуын қысқарту, табиғи қорлар­ды үнемдеп тұтыну, энергия тиімділігін арттыруға қол жеткі­земіз. Жаңа экономиканың стратегиясы табиғи техноло­гиялардың дамуына инвестицияларды тартып, ел экономикасын жаңа белеске жеткізеді. Экологияға бағыт­талған жасыл экономиканың жар­қын болашағы бар екеніне біз сенеміз.
Негізінен, «жасыл» экономика үшін және «G-Global-ды дамыту коалициясы» «жасыл» экономика мен әлеуметтік инновациялар бойынша келісілген үкіметтік емес ұлттық қоғамдық ұйым болып табылады. Ерекше атап өтерлік мәселе, бұл әлемдегі «жасыл» экономика бойынша өзін-өзі қаржыландыратын жалғыз қоғамдық бірлестік. Коалицияның басты міндеті «жасыл» өсім қағидаларын енгізуге көмек көрсету үшін, экожүйелік тәсіл негізінде өңірлердің кешенді дамуы мен «жасыл» инновациялық инфрақұрылым үшін, «жасыл» экономикаға өту үшін құқық­тық және институционалдық негіз қалыптастыру мақсатында үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес, ғылым мен билік орган­да­ры­ның мүмкіндіктері мен күш-жігерін жұмылдыру болып табылады.
«Таза болса табиғат – аман болар адамзат» деп дана қазақ халқы айтқандай адам әр кезде де табиғатпен тығыз байланыста өмір сүреді, оның байлықтарын пайдаланады және өз қызметі арқылы табиғатқа әсер етеді. Бүгінгі таңда табиғатты қорғау үшін экономикасы жоғары деңгейде дамыған елдерде мате­риалдық, мәдени және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында табиғат пен оның байлықтарын тиімді пайдалануға және қайтадан қалпына келті­руге арналған көптеген қоғамдық және мемлекеттік іс-шаралар атқарылуда. Адамның өндірістік әрекетінің экологияға тигізетін жағымсыз әсерін белгілі бір дә­режеде шектеп, табиғи қорларды ұтымды пайдалану ежелден бері адам баласының көкейтесті мәселелерінің бірі болып келді және қазіргі техниканың дамыған заманында ғаламдық мәселеге айналып отыр.
Кезінде Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біз экологиялыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құ­руға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын», – деді. Қоршаған ортаға залалын тигізетін құрылымдарды бірте-бірте жойып, оған балама көздерін табу қазір қолға алыну үстінде. Табиғатты таза сақтау бойынша «жасыл экономика» жобалары жасалып, іргелі жұмыстарға басымдық берілуде. Соның бірі – күн нұрынан қуат өндіру болса, екіншісі – жел энергетикасын заман талабына сай қолданысқа енгізу, сол арқылы табиғатты таза сақтау. Елбасы Жолдауындағы он жаһандық сын-қатерінің дені азық-түлік қауіпсіздігіне су, табиғи ресурстарды, энерге­тикалық, тағы да басқа адам өміріне қажетті дүниелерді таза сақтай отырып, дамыту жолдары айқындалғанын көріп отырмыз. Сол секілді, «жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы аясында атқарылатын шараларға құқықтық, экономикалық, ғы­лыми негіздер қалай отырып, та­биғатты керегімізге қарай игеру, игерілген байлықты тиімді тұтыну, яғни, байтақ жеріміздің әр түп жусанын сақтау көзделген. Осындай елдік істі мінсіз атқарудың заңнамалық жол-жосығы «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлығында жан-жақты дәйектелген.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру