Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

ЕЛОРДА: БҮГІНІ – БЕКЕМ, ЕРТЕҢІ – ЕҢСЕЛІ ҚАЛА

Еліміздің басты қаласы – Нұр-Сұлтан міне, тағы бір жасқа өсіп, адами ғұмырмен есептегенде жігіттік шаққа – 21-ге толып, дәл бүгін нағыз қайнаған өмір, жайнаған жастық дәуренін тойлап жатыр. Қазақстанның жаңа астанасын салу идеясы еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Сосын Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Нұр-Сұлтан ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы – 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанның аумағы 722 шаршы шақырымнан асады, халық саны – 1 млн. адамнан астам. Қала төрт ауданнан – «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» аудандарынан тұрады. Нұр-Сұлтан Қазақстанның орталығында құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Қала аумағы аласа терраса – жайылма жер бедері түрінде келеді. Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады. Ауа райы күрт континентальды – қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң. Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Нұр-Сұлтанды экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.
Айта кету керек, қала экономи­касының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Нұр-Сұлтан­ның тартылған инвести­циялар­дың республика­лық көлемін­дегі үлесі – 10%, республика экономи­касындағы ЖІӨ үлесі – 10,2%. Елорда эконо­ми­ка­сының негізін – өнеркәсіп­тік өндіріс, көлік, байланыс, сауда және құрылыс өнеркәсібі құрайды. Өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін/сусын шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған.Нұр-Сұлтан Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын айтуға болады.
Нұр-Сұлтан қаласы Қазақ­стандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәде­ниеті қарыштап дамып келеді – мұнда 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Нұр-сұлтандық тұрғын­дардың орташа номинальді айлық жалақысы 154 мың теңге шамасында. Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллионнан аса шаршы метр тұрғын үй салынған. Нұр-Сұлтан құрылысына жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысты.
Астанамыздың көрікті жерлеріне тоқтала кетсек. Мұндағы сонадайдан көз тартатын «Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңіз­ден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, «Астана опера» опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени ор­талық ғимараттарын атауға болады.

Мұнда отандық білім беру саласының жетекші ЖОО-лары – Назарбаев Университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан.
Елордада тұрақты негізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ла­рының съездері, Астана экономи­калық форумы және басқа да ха­лық­аралық маңызды іс-шаралар өтеді. Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. 2017 жылы Нұр-Сұлтанда «Expo-2017» халықаралық көрмесі өтті.
Басты қаламыздың экономи­калық-әлеуметтік дамуы да ырғақты өрбіп, негізгі көрсеткіштері елімізде алдыңғы қатардан көрінуіне ұйтқы болуы да қуантады. Атап айтар болсақ, 2016-2020 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту бағдарламасына сәйкес, 14 мақсат, 135 нысаналы индикатор қарастырылған, соның ішінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша 92 нысаналы индикаторға қол жеткізілген (68,2%). Бағдарламаны іске асыру жөніндегі 2018 жылға арналған іс-шаралар жоспарында 807 990,7 млн. теңге сомасына 253 іс-шара қарастырылып, іс жүзінде 1 675 878,2 млн. теңге игерілген.
2018 жылдың қаңтар-желтоқса­нында Индустрияландыру картасы­ның шеңберінде өндірілген өнім көлемі 288,2 млрд. теңгеден артық соманы құрапты. Өңдеу өнеркәсі­бінің жалпы көлемінен өнім өндіру көлемінің үлесі 57,0%-ды құрайды. 2018 жылдан бастап № 1 Индустриялық парктің аумағында жалпы сомасы 10,6 млрд. теңгеге 730 жұмыс орнын құрумен 7 жоба пайдалануға енгізілген. Бүгінгі күні Астананың өз-өзіне жеткілікті экономикасы бар, 61% ЖӨӨ кәсіпкерлік секторы есебінен құрылады. Әрекет етуші субъектілердің саны 28,2% (124,7 мың бірлік) ұлғайды, әрбір үшінші астаналық тұрғын кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылған (342,4 мың адам жұмыс істейді). Салықтық түсімдердің жартысынан артығы (53%) – шағын және орта бизнестен түсетін салықтар.
Астананың Еуразияның іскерлік орталығы ретіндегі рөлін де айрықша атап өткен орынды.
2018 жылы шамамен 40 ірі іскерлік халықаралық іс-шаралар өткізіліпті, оның ішінде: «CREW-2018 коммерциялық жылжымайтын мүлік аптасы», ENACTUS Kazakhstan EXPO-2018 студенттік кәсіпкерлік пен стартаптардың ұлттық кубогы, «Сауда әлемі» ритейлердің халықаралық конвенті, 25-ші дүниежүзілік тау конгресі, ТМД мен Балтия елдерінің C-bonds 15-ші облигациялық конгресі және т.б. бар.
Астана Конгресстер мен конфе­рен­циялардың халықаралық қауым­дас­­тығында (ICCA – Inter­natio­nal Con­gress and Convention Association) ел бойынша жалғыз қатысушы болып табылады, бұл ірі халықаралық іс-шаралар (биддинг) өткізуге өтінімдер кон­курстарына қатысу мүмкіндігін береді.
Сондай-ақ Астанаға БҰҰ бүкіл әлемдің туристік ұйымының үлестігі берілді (UNWTO – United Nations World Tourism Organization), бұл UNWTO өткізетін зерттеулердің қорытындыларына қолжетімділік, оған қатысу және тәжірибемен алмасу мүмкіндігін береді.
Астана үшін іскерлік туризм саласында соңғы табыстардың бірі қалалық туризм бойынша UNWTO 8-ші дүниежүзілік саммитін өткізу орны ретінде елорданың таңдалуы болып табылады (бұған дейін форум Стамбул, Мәскеу, Барселона, Марракеш, Люксор, Куала-Лумпур, Сеул қалаларында өткен).
Медициналық туризм жаңа туризм түрі болып табылады, сондай-ақ ол ерекше сипаттарға ие. Бүгінгі күні Астана Орталық Азия елдері арасында медициналық туризмді дамыту бойынша ең перспективалы дестинациялардың бірі болып саналуға құқылы. Медициналық сипаттағы қызметтерге деген сұра­ныстың өсімін және қызметтерді бір өңірде алудың мүмкін еместігін ескере отырып, Астанада осы туризм түрін дамыту хабардар болуды жоғарылатуға, жаңа өнім жасауға және өңірдегі туризм саласында өз орнын иеленуге мүмкіндік береді.
Елордамыз мәдениеттің өңірлік орталығы ретінде де қарышты дамуда. Атап айтсақ, Астанада 66 мәдениет мекемесі қызмет етеді (8 респуб­ликалық маңызы бар объектінің есебімен), оның ішінде 7 сарай, концерттік залдар, 5 мұражай, 7 театр, 20 кітапхана, 1 цирк, 8 кинотеатр, 4 жеке-меншік көркемөнер галереясы, 3 концерт ұйымы, 8 мәдениет және демалыс паркі, 3 басқа да мекеме («Ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі дирекция», «Коммуналдық меншік қоры» МКК, «Астана-Бәйтерек» ЖШС).
2018 жылы театрлар саны 1 бірлікке ұлғайды. Астана қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 15 қазандағы № 508-1722 қаулысымен «Nomad City Hall» МКҚК құрылды.
2019 жылдың 1 қаңтарына мәдени-демалыс мекемелері мен Мемлекеттік академиялық филармония 1495 іс-шара өткізді.
Нұр-Сұлтан қаласы – өмір сүру үшін қолайлы қала. Мұнда дәл қазір «Smart Astana» жобасының тұжырым­дамасын іске асыру мақса­тында мынадай 6 бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде:
• Ақылды басқару – Әкімдік қызметтерін автоматтандыру;
• Ақылды қоғам – білім және құзыреттілік (е-learning), желілік академиялар CISCO;
• Ақылды өмір сүру салты – қауіпсіздік, өмір сүру сапасы мен ыңғайлылық, денсаулық сақтау;
• Ақылды қоршаған орта – қор­шаған орта мен табиғи ресурс­тардың сапасын жақсарту, ресурстарды тұрақты басқару. Тұрғындардың қор­шаған ортаны қорғауға тартылуын жоғарылату.
• Ақылды көлік – қаланың көлік жүйесін дамыту, ИТС, Астананың халық­аралық қолжетімділігін арттыру.
• Ақылды экономика – акселерация мен бизнес-инкубациялау арқылы кәсіпкерлікті дамыту, қаланың турис­тік тартымдылығы. Астананың халық­аралық қауым­дастықтарға қосылуы.
Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігі жұмысының негізгі бағытта­рына енген 14 смарт-жобалар іске асырылуда. Бұл – «ақылды көшелік жа­рықтандыру», веб-портал және «Smart Astana» мобильдік қосымшасы, «е-КСК», «е-Билет», «Интернет заттар», «Смарт қолжетімділік жүйесі (Ақылды шлагбаум)» және т.б.
Қорыта айтқанда, басты қала­мыздың тұрғындары, осында жұмыс істеп жатқан еңбеккерлер қауымы елордамыз бүгінгі күні бекем алға басып, мұндағы тұрмыс-тіршілікті келешекте одан әрі жақсарту мақсатында қарқынды іс-қимылға жұмылған. Осы жолдағы олардың игі істері қашанда табысты болсын деген тілек білдіреміз. Туған күніңмен, аяулы астанамыз – жарқырап, жайнай бер еңселі Елорда!

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру