Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Әлеуметтік қолдау нақты көмекке мұқтаж азаматтарға көрсетілуі тиіс

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру бойынша стратегиясының жалғасы болып табылатын әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

Министрлер кабинетінің бірінші кезектегі міндеті – әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруға бірден кірісу, оларды уақытылы орындау үшін барлық ұйымдастырушылық және құқықтық іс-шараларды шұғыл жүргізу. Бұл азаматтардың материалдық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. «Президент мәлімдеген әлеуметтік шаралар көп саланын қамтиды. Оларды толық және уақытылы орындау үшін алдымен бір апта мерзімде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері Ұлттық банкпен бірлесіп, азаматтың борыштық жүктемесін төмендетуге бөлінген қаражатты пайдалану жөнінде және кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша жинақталған айыппұлдар мен өсімдерді есептен шығару бойынша тиісті тетіктер мен Үкіметке тиісті шешім жобасын енгізуі керек», – деді Асқар Мамин.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарлама­сы микрокредит, мемлекеттік гранттар берудің, оқыту және қайта оқыту тетіктерін, жұмыссыздарды өнімді жұмысқа тартудың тиімді құралы болып табылады. Оларды кеңінен пайдалану үшін 50 млрд теңге көзделген. Үкімет басшысы осы ретте Еңбек министрлігі, әкімдіктер және «Атамекен» палатасы аталған жұмысты тиімді ұйымдастыруы тиістігін атап өтіп, әдеттегідей жұмыссыз адамдарды тіркеумен ғана шектелмей, жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдарды іздеу және бос жұмыс орындарын толтырудың белсенді форматына көшу арқылы Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жетілдіруді тапсырды.
Премьер-министр тұрғын үймен қам­тамасыз ету бағыты бойынша мем­лекеттік органдарға жұмыс іс­тей­тін жастар арасында баспана бөлу тетігін бекітуді аяқтауды және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдікті несиелер беру тетігін іске қосуды жеделдетуді тапсырды. «1 қыркүйектен бастап тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 5 мың нысаналы білім гранты қосымша бөлінеді, жұмысшы мамандықтарының стипендиясы 30 пайызға артады», – деді Асқар Мамин және осы гранттарды беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Барлық өңірлердің әкімдеріне бүкіл нормативтік рәсімдерді қатаң сақтау, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға мониторинг жүргізу тапсырылды.
Тұрғындарды өнімді жұмыспен қамту шараларының нәтижелілігін арттыру үшін Бас министрге Атырау, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе және Түркістан облыстарының оң тәжіри­бесін ескере отырып, халықтың табысын арттыру үшін өңірлердің скринингін іске асыру жоспарын және әдістемесін әзірлеу тапсырылды. Скрининг базасында кәсіпкерлер мен үй шаруасындағы әйелдерге сауалнама жүргізу қамтамасыз етіледі. «Қабылданып жатқан шаралар ең алдымен нақты мұқтаж азаматтарды, оның ішінде жастарды қолдауға, сондай-ақ адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған, – деді Асқар Мамин. – Біздің азаматтарымыздың проблемаларын шешу көп жағдайда үйлесімді жұмысқа байланысты».
Үкімет отырысында Мемлекет басшысының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, сондай-ақ Президенттің 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматта­рының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі заң жобасы мақұлданды. Заң жобасын таныстырған премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов нақтылауды биылғы сәуір айында түзетілген, 2019 жылға арналған еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін сақтай отырып жүргізу ұсынылғанын атап өтті. Министр баяндағандай, 2019 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады: түсімдер – 10,5 трлн теңге; шығыстар – 11,9 трлн теңге; тапшылық – 1,4 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 2,1 %. Бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырыл­ды. Бірінші – халықтың тұтынушы­лық несиелері бойынша борыш жүк­темесін азайту. Өмірлік қиын жағ­дайда қалған азаматтар санатына жатқызылған әрбір қарыз алушы үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Жобада осы мақсаттарға 88,5 млрд теңге сомасында шығыстар қарастырылып отыр.
Екінші – жұмыспен қамту, аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша пәрменді шараларды кеңейту және күшейту.
Бұл мақсаттарға 138,6 млрд теңге бағытталатын болады.
Үшінші, жобада Үкімет резервін 72,9 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға бағытталатын болады.
Сонымен қатар 35,9 млрд теңге көлемінде қаражатты ішкі қайта бөлу есебінен кейінге қалдыруға болмайтын шешімдерді талап ететін бірқатар міндеттемелер қаржыландырылатын болады. «Барлық әзірленген әлеуметтік шаралар маңызды. Заң жобасын Парламент қарауына бағыттауды ұсынамыз», – деп түйіндеді Ә. Смайылов.
Президенттің тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз ету Тікелей инвестициялар қорын құруға көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен іске асырылатын болады (370 млрд теңгеден 300 млрд теңге).
Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру, соның ішінде кепілсіз тұтынушылық займ беруді реттеу шаралары бойынша еліміздің бас банкі қабылдап жатқан қосымша шаралар туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтып берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Ұлттық банк Үкіметпен, банктермен және шағын қаржы ұйым­дарымен бірлесіп, 2019 жылғы 1 маусым­дағы жағдай бойынша кепілсіз тұтыну­шылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеден аспайтын сомада өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың берешегін өтеу тетігін әзірледі.
Үкімет отырысында 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке және 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына шағын несиелендіру құралдарын кеңейту, гранттар бөлу, қысқа мерзімді оқыту және кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы жобалары қабылданды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру