Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Қуат өндірісіндегі серпінді жоба

Мойнақ СЭС-інде жыл басынан бері электр энергиясын өндіру 350 млн кВтсағаттан асып, жоспардың 113 %-ін құрады.

Станция мамандарының дере­гінше, СЭС орналасқан Шарын өзеніндегі су деңгейі былтырғыдан төмен, алайда 4 айда ағып келген су көлемі көп жылғы орташа көрсеткіштен 10% көп. Бұл ретте, өзеннің жылдық орташа шығыны елеусіз, шамамен 30 м3/с болуына қарамастан, су торабының құрыл­ғыларын ыңғайлы орналастыру, өзен арнасының табиғи бұрылысын және судың шамамен 500 метр болатын биіктіктен құлауын пайдалану, сондай-ақ тар шатқалдар мен контрреттегіш су қоймасының болуы, Қазақстанның энергия жүйесінің Оңтүстік аймағында тәуліктік жүктеу кестесінің ең жоғары көрсеткіштерін жаба отырып, СЭС-тің 300 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруіне мүмкіндік береді.
2012 жылдан, пайдалануға тап­сырылған уақыттан бері, Мойнақ су электрстанциясы 6,5 млрд кВтсағаттан астам электр энергиясын өндірді.
Бүгінде «Самұрық-Энергода» Шарын өзенінің сол жақ тар­мағын – СЭС-тің су алатын тора­бынан төмендеу құйылатын Кеңсу өзенінің арнасын қысым тон­нелімен гидротурбиналарға су берілетін Бестөбе су қоймасына бұру жобасы қарастырылуда. Жоба іске асырылған жағдайда, СЭС-тің өндіруі артады және энергия нысанының су азайған кезеңдерге тәуелділігі сезілмейді деп күтілуде.
«Самұрық-Энерго» энергия холдингінің «Нарықты дамыту» депар­­­таменті дайындаған, Қазақ­станның электр энергиясы мен көмі­рінің нарығына жасалған талдауға сай, «Самұрық-Энерго» АҚ энергия өндіретін ұйымдарының бүгінгі күнге дейін өндірген электр энергиясының көлемі 11,1 млрд. кВтсағатты құраған.
Тұтас алғанда, Жүйелік опера­тордың деректерінше ҚР электр станциялары 2019 жылғы 27 мамырға дейін 42,8 млрд. кВтсағат электр энергиясын өндірген, бұл 2018 жылдың дәл осындай кезеңіндегі көрсеткіштердің 101 процентін құрайды.
Қуаты 300 МВт, О.Д.Қантаев атындағы Мойнақ СЭС Үдемелі ин­дус­триалдық-инновациялық даму­дың мемлекеттік бағдарламасы аясында және ҚР Электр энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес құрылған. Ол Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Шарын өзенінің бойында орналасқан. Бұл Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағындағы (Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары) энергия тап­шылығын қысқартумен, ең жоғары жүктемелерді жабумен және энергия жүйесіндегі қуаттылықты реттеумен байланыс­ты міндеттерді ойдағыдай шешіп отырған қарышты жобалардың бірі. Кәсіпорынның жоба бойынша бір жыл ішінде орташа есеппен электр энергиясын өндіруі – 1,027 млрд. кВтсағат.

ТОЛҒАНАЙ ҚҰДАГЕЛДИЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру