Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

266 өтініш мақұлданған

Елбасының Жолдауында айтылған «Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын іске асыру мақсатында әзірленген «7-20-25» – ипотекалық бағдарламасы Ақ Жайық өңірінде жүзеге асырылуда. Бүгінде екінші деңгейдегі банктерге тұрғындардан 2,3 млрд. теңге шамасында несие сұраған 397 өтініш түсіп, соның 266-сы мақұлданған. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалында өткен басқосуда айтылды.

«Баспана» ипотекалық ұйы­мы» АҚ-ның аймақтық директоры Гүлнәр Дабылованың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыруда жаңадан салынған үйлердің жоқтығы қолбайлау болуда. Өйткені «Нұрлы жер» бағдарламасының қолға алынуымен өңірде тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Сол үйлердің 50%-ы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша салымшыларға, қалған 50%-ы әкім­діктердің үй кезегінде тұрған аза­маттарға беріледі.
– «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілген өзгерістерден кейін салын­ған, бірақ әлі өтпеген үйлер 30 күннің ішінде екінші деңгейдегі банктерге берілуі керек. Қазіргі уақытта «7-20-25» бағ­дарламасымен баспаналы бол­ғысы келетіндердің қатары қалың. Алайда құрылыс компаниялары салынып жатқан үйлердегі пәтерлерді құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде сатып жібереді. Сондықтан жеке құрылыс компаниялары өздері салған үйлердегі пәтерлердің бір бөлігін «7-20-25» бағдарламасы бойынша өткізуге құлық танытып, ипотекалық ұйымға қолдау білдіреді деген ойдамыз, – деді Гүлнәр Дабылова.
Басқосуда айтылғандай, бұл бағ­дар­лама бойынша жұмыс істейтін, тұрақты табысы бар азаматтар несиеге үй ала алады. Сондықтан банктер соңғы алты айдағы зейнетақы қорына тұрақты жарна аударымдарын растайтын құжатты сұратады. Егер де табыс мөлшері жеткіліксіз болса, онда бағдарламаға қатысушы қасына екі адамды кепілдік беруші ретінде тартуға құқылы. Ең бастысы, осы бағдарлама арқылы баспаналы болғысы келетін адамның атында жеке үйі, ипотекалық несиесі болмауы керек. Бағдарламаның атауына сай ипотекалық несие 7%-бен, бастапқы жарнасы – 20%, ипотекалық несие 25 жыл мерзімге беріледі. Несие тек жаңадан салынған тұрғын үйлерге ғана беріледі.
– Өңірдегі екінші деңгейдегі банктер өзге облыстардағы жағдаймен салыстырғанда ипотекалық несие сұраушылардың өтініштерін көбірек мақұлдаған. Яғни кері қайтарылған өтініштер аз. Кейбір өтініштер неге кері қайтарған десек, көптеген тұрғын жеке компанияларда жұмыс істей­ді, жалақы алады. Қолға айына 100 мың теңге жалақы алғандарымен, зейнетақы қорындағы аударымдары тұрақсыз. Одан басқа «несие тарихындағы» уақытылы төленбеген несие төлемі кедергі болады, – деді Гүлнәр Дабылова.
Биыл облыста 450 мың шаршы метр тұрғын үй салып, пайдалануға беру жоспарланған. Өткен бес айда 209,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
«Баспана Хит» – екінші нарықтан үй сатып алғысы келетіндерге қолайлы бағдарлама. Гүлнәр Дабылованың сөзіне сүйенсек, бұл бағдарлама бойынша меншікті тұрғын үйі бар адамдар да басқа үй ала алады. Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі 10,75%, бастапқы жарна тұрғын үй құнынан 20%, несиені қайтару мерзімі – 15 жыл.
– Сатып алынатын үйдің ең жо­ғары құны Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында – 25 млн. теңге, басқа өңірлерде, соның ішінде БҚО-да – 15 млн. теңге. Жұмыс істейтін және кәсіпкерлік қыз­­мет­тен табысы бар, қолданыстағы басқа ипотекалық қарызы жоқ азаматтар бағдарламаға қатысу үшін әріптес банктерге өтінім береді. Ипо­текалық несие алу үшін банкке тұрақы табысының барын растайтын құжаттарды, кредиттік бюроның ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің жоғы жөніндегі мәліметтерді қамти­тын несиелік есебін, сатып алынатын жыл­жымайтын мүліктің құжаттарын, тәуелсіз бағалаушының сатып алынатын мүлікті бағалау бойынша есебін, әріптес банктің талабы бойынша басқа да құжаттарды ұсыну қажет, – деді Гүлнәр Дабылова.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру