Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

Қаржы тұрақтылығы қамданудан басталады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында үшінші басымдық түпқазығы – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде басты міндет – ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту қажеттігін, осыған орай Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұрғандығын, орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізуі керек екендігін айтқан болатын. Сонымен қатар екінші деңгейлі банк балансын тиімсіз несиеден арылту жұмысын жеңілдетуді жүктеп, Ұлттық банкке нақты тапсырма берген еді.

   Жалпы қаржы саласы мемлекет тағдырына тікелей әсер ету тұрғысынан маңызға ие экономикалық артық­шылық, жылдам әсер етуші және тез нәтиже беруші басымдылық. Қазір Құдайға шүкір, елімізде банк жұмысы халыққа тиімді шарттармен жұмыс істеуде. Бұрынғыдай сан емес, сапа бар. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың басынан ортасына дейінгі азғантай аралықта Қазақстанда  200-ден астам коммерциялық  банктер пайда болса,  бүгінде елімізде екінші деңгейлі отыздан астам банк жұмыс істейді.

Бүкіл өмірі несиеге тәуелді еуропалықтардың кредитпен өмір сүру дағдысы біздің елімізді де айналып өтпеді. Несие саясаты айырықша дамығандықтан, өмірімізді несиеден бөліп алып қарай алмайтын халге жеттік. Бүгінде Қазақстандағы несие нарығының   25-30 пайызын  несиенің қаржылай түрі иемденсе,  40 пайызын  тұтынушылық түрі,  ал, ипотекалық түрі 29-30 пайыз шамасын иемденеді. Тіпті, тұтынушылық несиенің өсуі    жыл сайын 45-60 пайызға дейін көтерілуде. Демек, банкінің араласпайтын саласы жоқ. Рас, мемлекеттің экономикалық секторының тұтас бір қабырғасын алып отырған банк секілді қаржы институттары үшін несие – қаржы саясатының орыны ерекше. Бұрын Еуропа елдерінде бастау алған несиелендіру  қазірде  бүкіл әлемді жаулап алды.  Өйткені, әлемдегі  7 миллиардтан астам  адамға ортақ байлық  1 миллиард  алпауыттың  қолына көшті. Несиелік саясаттың стратегиясына жүгінсек, мемлекет пен халықтың және  мемлекеттер арасында банк өзінің  делдалдық міндетін атқарғаны үшін бір жағынан пайда көрсе, екінші жағынан елдің экономикалық-әлеуметтік проблемаларын шешуге үлес қосады. Екінші деңгейлі банктердің ресурстық базасы қорының 40-45 пайызы  несие қоржынынан тұрады.

Қазір еліміздегі екінші деңгейлі банктер көптеген игі істерді халыққа ұсынуда. Мәселен, Каспий банктің Kaspi Red клубы тұтынушыларына шарттары тиімді жобаларды қолға алды. Бұған дәлел ретінде өзіңізге ыңғайлы 50, 100 немесе 150 мың теңгелік лимитті таңдауыңызға болады. Бұдан басқа сатып алынған әр зат үшін әрдайым 1 пайыз, ал Kaspi депозиттерде 1 миллион теңгеден көп сома болған кезде 2 пайыз, Kaspi-ден арнайы ұсыныстар аясында 3 пайыз және одан көп бонус есептеледі. Kaspi Red-пен 10 000 теңгеден басталатын сомаға зат сатып алған кезде, бірінші айда 1000 Бонус түседі. Kaspi Bank бөлімшелерінде немесе сауда-ойын-сауық орталықтарындағы Kaspi Red промостендерінде клубқа кіруге болады. Клубтық картаны рәсімдеуге санаулы ғана минут кетеді. Өзіңізбен бірге тек жеке куәлігіңіз бен ұялы телефоныңызды алсаңыз жеткілікті.

Бүгінгі күні Халық Банкі мен Қазкоммерцбанк қоян-қолтық жұмыс істеуде. Бұл екі банк қарапайым халыққа түсінікті оңай шарттарды ұсынумен таңғалдырып келеді. Halyk Group-тың мүшесі болып, қаржылық қолдау алған Qazkom инновацияларды енгізу мен жаңа сервистерді әзірлеу жұмыстарын жетілдіру үстінде. Мәселен, Қазкоммерцбанк пен Visa компаниясы ТМД және Еуропа елдері бойынша алғашқы болып Қазақстанда интернет-банкингтегі Visa технологиясының мобильдік қосымшаның негізінде инновациялық Homebank Pay төлем сервисін іске қосты. Бұның өзі 27 жыл Тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақстан үшін үлкен жетістік болып саналады. Аталған төлем сервисі тұтынушыларға QR кодты түсіру арқылы төлем жүргізуге, ал сауда орындарымен қызмет көрсететін кәсіпорындары үшін қымбат тұратын POS-терминалдарсыз QR-технологиясы арқылы контактісіз төлем қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл технология тауар мен қызметті өтеу кезіндегі есептесу процесін әлдеқайда жеңілдетеді.

Visa сервисі арқылы төлем жүргізуі үшін Homebank мобильдік қосымшаны пайдаланушыға бар болғаны смартфонның камерасы арқылы сатушының (интернет-сайттағы немесе полиграфиялық сурет ретінде бейнеленген) QR-кодын түсіріп алу қажет, сол сәтте жүйе коммерсанттың барлық деректемелерін автоматты түрде ала алады және төлем бірден жүргізіледі. Коммерсантқа қаражатты аударатын төлемнің бастамашысы тұтынушының өзі болғандықтан коммерсантқа картаның деректемелері қажет емес (push-төлемі). Бұл процесс қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, сондай-ақ транзакциялық даудың болу тәуекелдерін азайтады. Айта кетерлік бір жайт, қазіргі уақытта ТМД және Еуропаның нарығында бұл төлем сервисінің аналогы болмай тұр әрі электрондық төлем қабылдаудың даму потенциалы бар әлемнің бірқатар мемлекеттерінде, солардың ішінде Үндістан, Кения, Мысырда ғана қолжетімді.    Болашақта бұл сервис Халық Банктің клиенттеріне де қолжетімді болмақ.

Қазақстан – ТМД және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінің аймағында қарқынды дамып жатқан нарықтардың бірі. Visa-ның QR технологиясының негізінде мобильдік төлемнің іске қосылуы тұтынушыларға сондай-ақ коммерсанттарға электрондық төлемдерді әп-сәтте орындауға және елде электрондық төлемдерді қабылдау инфрақұрылымын жаңа сапалы деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталған төлем жүйесі EMVC серіктестігімен әлемнің түрлі елдерінде QR-код технологиясының тәжірибесі ескеріле отырып, Visa-мен әзірленген болатын. Бұл ашық стандарттармен жұмыс істейтін индустрияның дамуына, ал мемлекеттерге сандық экономикаға тез өтулеріне ықпал жасайтын болады.

Тұтынушылық несиелеу бағдарламасының екінші бағыты – Homebank Orange – Қазкоммербанктің кредиттік карта ұстаушыларына арналған және Homeshop.kz онлайн-дүкеннен тауарды таңдап, оны бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде банк клиенттеріне 5 мыңнан артық тауардың түрі: тұрмыстық техника, аудио және видеоэлектроника, мобильдік гаджеттер және т.б. тауарлар  қолжетімді болмақ. Бұл тауарларды артық төлемсіз, қандай да бір комиссиясыз, жылдық 0 пайызбен кредитке алуға болады. Тауардың құнын екі түрлі жолмен өтеуге болады – кез келген банктің әдеттегі дебеттік (жалақылық) картасы арқылы немесе Qazkom-ның кредиттік картасымен бөліп төлеу арқылы. Тауарды екінші жолмен өтеген кезде тауардың құны банктің кредиттік қаражатынан бірден төленеді, ал клиент өтеудің өзіне ыңғайлы кезеңін таңдайды.

Halyk Group – ТМД елдерінің жеке қаржы институттарының актив көлемі бойынша үшінші орынды иеленетін Қазақстанның ірі жетекші қаржы тобы. Halyk Group қаржы тобының құрамында Halyk Bank, Qazkom және Altyn Bank әмбебап коммерциялық банктер, сондай-ақ бөлшек сауданы, ШОБ және корпоративті банктік қызметтерді, сақтандыруды, лизингті, активтерді басқару және брокерлік қызметтерді ұсынатын компаниялар бар. Сонымен қатар Halyk Group Қазақстаннан өзге шет елдерде: Ресейде, Грузияда, Қырғызстанда және Тәжікстанда да қызмет көрсетеді.

Несие саласында тиімді шарттар осылайша әр банкте әрқалай жобалар сәтті іске асуда. Қарапайым халықтың өміріне екінші деңгейлі банктер көптеген оң ықпалын тигізуде. Пайыздық көрсеткіші төмен мемлекетіміздің банктерінен несие алып, уақытында қайтармайтын азаматтар да өмірде кездеседі. Қарызы бар бола тұра қашып жүргендер де баршылық. Банктер кез келген Қазақстан Республикасының азаматтарының құқықтары мен бас бостандығын ерекше мән беріп отыр. Осы орайда адамгершілік құндылықты ең алдымен бірінші орынға қоятын екінші деңгейлі коммерциялық банктер барлық салада да тиімді шарттарды ұсынуда. Тіпті, банктер кешіктірілген несиеге өте төмен немесе пайызсыз қайтару керектігін де хабарлауда. Ал жағдайы төмен отбасыларға жағдай жасалуда. Үй салу, құрылыс жұмыстары, жол, мектеп, емхана және тағы да басқа көптеген шараларға да қаржылай көмектесуде.

Қазір елімізде криптовалюта да қолданысқа сәтті араласуда. Бұл жайлы Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев жаһандық экономиканы дамытудың маңызды аспектілері қатарында халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесін айрықша атап өткен болатын. Елбасы осы ретте әлемдік қар­жы архитектурасын трансформациялау қа­жет­тігі туғандығын айта келіп, «халық­ара­лық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесіне байыппен қарайтын уақыт жеткендігін тілге тиек еткен болатын. Әлемді валюталық соғыстардан, алаяқтықтан ары­луға, сауда қарым-қатынастарында қате­лік­терге ұрынбауға, нарықтағы құбылма­лық­ты төмендетуге мүмкіндік беретіндігін де атап өткен болатын.

Криптовалютаның болашағы қандай, бұл нарықта тәуекелдер қаншалықты және оған сенім бар ма, яғни инвестиция салу қаншалық тиімді деген орынды сауалдар бүгінде жиі алға шығады. Бұл валюта әуелде қолданушыларға қолайлы болу мақсатын көздеген электрондық төлем құралы ретінде дүниеге келген еді. Алайда қазір ол 99 пайыз дерлік жәй ғана алыпсатарлық құрал болып отыр.  Себебі бағаның тұрақсыздығы өте жоғары, кейбір криптовалюталарда бұл бір күнде 50 пайызға дейін өседі. Мұнда тәуекелдер де үлкен, тіпті аса үлкен десе болады. Бағамның құлдырауы кезінде салымдарыңызды жоғалтып алумен қатар, бақылау тізгінінен айрылып қалудың техникалық қатері де аз емес. Құпия сөзді ұмытып қалдыңыз, криптовалютаны басқа жаққа аударып жібердіңіз, бұл жағдайда биржа немесе электронды әмиян жұмыс істемей қалатын көрінеді. Дегенмен криптоинвестициямен айналысып көру қажет, қалай десек те, бұл – бірінші кезекте, технология, одан асып кете алмаймыз. Әрине, мұндай тәуекелі жоғары активтерге жалпы инвестпортфеліңіздің 25-30 пайыздан артық салудың қажеті жоқтығын ескерген жөн.

Криптовалюта – толық еркіндік ахуалында өмір сүретін біртұтас әлем үшін қажет нәрсе. Сондай жағдайда ол тамаша жұмыс істейтін болады. Мемлекеттер мен одақтарға бөлінген бүгінгі әлем жағдайында криптовалюта дұрыс жұмыс істей алмайды. Кейде бір-бірімен қырғиқабақ болып жататын қайсыбір мемлекеттер оған қарсы болуы, тыйым салуы мүмкін. Әлемнің бірқатар елдері бүгінде криптовалюталар үшін өз нарықтарын ашты. Бұл – блокчейн технологиясы негізінде жұмыс істейтін цифрлы құралдар нарығы. Қазір жаһандағы ең белсенді де танымал криптовалюта биткоин болып табылады. Таяуда Дубай үкіметі emCash атауымен алғашқы мем­лекеттік криптовалютаны айналымға шы­ғар­ғаны туралы мәлімдеді.

Елбасы жаһан­дық валютаны Орталық банктердің пулін құру жолымен, мәселен, БҰҰ-ның арнайы құрылған комитеті жанынан енгізуге болатындығын атап өтті. Онда барлық елдің тең құқылы, әділ өкілдігі болуы тиіс. Бұл, әрине, қарапайым мәселе емес. Бірақ оны айтып қана қоймай, шешу де қажет екендігін де тілге тиек еткен-ді. Себебі, әлем қазіргі таңда жылдам өзгерістер үстінде. Зымыраған уақыт әлемдік қаржы архитектурасын да өзгертуде. Сол өзгерістердің қатарында бірқатар елдерде қолданысқа шыққан криптовалюта да бар. Әу баста тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін жасалған электрондық төлем құралы – криптовалюта келешекте танымал инвестиция құралына айналары сөзсіз. Болашақта криптовалютаның болашағы жарқын болуы ықтимал.

2018 жылдың қарашасынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі айырбас операцияларын ұйымдастырудың Ережесіне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы қаулы қабылдады. Соған сәйкес айналымға алтын құймалар қосылды. Одан басқа 2018 жылдың шілдесінде «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңға өзгеріс енгізіліп, қосымша құқық беру жолымен банктерден тысқары айырбас пункттерінің қызметі де ұлғайтылды.

Ұлттық Банк берген деректерге қарағанда, өкілетті ұйымдар бұрын заңды тұлға есебінде бағамдалып, шетелдік валюталарды айырбастаумен ғана айналысса, енді олар Ұлттық Банк шығарған алтын құймаларын сатумен және сатып алумен де айналысатын болды. Бірінші кезеңде Ұлттық Банк аффинацияланған алтын құймаларын шығарған, әрі ол екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылды, ал екінші кезеңде ондай құқық өкілетті ұйымдарға, яғни жекеменшік айырбас пункттеріне де берілді.

Банктен тысқары айырбас пункттерінің қызметінің ұлғайтылуы аффинацияланған алтын құймасын саудалау ауқымына жағымды әсер етпек және Ұлттық Банктің алтын құймаларын шеткері аймақтарда да саудалауға мүмкіндік бермек деген деректер айтылуда.

Қаржы жүрген жерде сыбайлас жемқорлықтың жүретіні белгілі. Сарапшылар берген деректерге қарағанда, көлеңкелі қаржы айналымының Қазақстан экономикасындағы үлесі 25 пайызға жуықтайтын көрінеді. Демек, іскерлік қатынастардың төрттен бірі салық  төлемейді  және мемлекеттік бюджетке төлем жасамайды деген сөз.

Елімізде бизнес қызметін жүйелеу мен бақылау саласында реформалар жүргізілуде. Оның ішінде салық әкімшілігін жақсарту бағыты да бар. Дейтұрғанмен, көлеңкелі қаржы айналымы азаяр емес. Оны Парламент депутаттары да мойындады. Ол аз десеңіз, биліктің атқарушы саласы да мойындап отыр. Сенатор Сергей Плотниковтың пікірінше, көлеңкелі экономика проблемасы елімізде барынша өткір көрінеді.

Республикалық бюджет жобаларында салық әкімшілігін жақсарту есебінен түсімдерді арттыру жоспарланған болатын. Оның көлемі 2017 жылы – 72,8 миллиард, 2018 жылы – 82,3 миллиард., соңғы жобада 92,8 миллиард. теңге. Салық әкімшілігін жақсарту дегеніміз – есепсіз қаржы айналымын көлеңкеден шығару, ал жыл сайын түсімдердің жоспарлы өсімі көлеңкелі қаржы айналымының қысқармағанын көрсетіп отыр.

Екінші деңгейлі банктер қарапайым халықтың жағдайын тек несиемен ғана емес, депозитпен де қамтамасыз етуде. Бір ғана Каспий банк клиенттеріне жоғары мөлшердегі депозиттерді ұсынумен ерекшеленіп келеді. Бұдан басқа Каспий банк күн сайын демалыссыз халыққа қызмет етуде. 2015 жылдың тамызында теңгенің күрт құнсыздануына байланысты 2016 жылдың басында теңге бойынша 14 пайыздық депозит пайда болды. Екі жылдық келісімшартпен жалғасатын бұл депозитке әр жерде шағын филиалдардан құралған Каспий банктің кез келген бөлімшесінде лық толған адамдар салым салу үшін банк ішінде сыймай кеткен кездері де болған. Бұның өзінен-ақ екінші деңгейлі коммерциялық банк болып саналатын Каспий қарапайым тұрғындарға оң ықпалын тигізіп жатқанын аңғаруға болады. Қазірдің өзінде де жылдық мөлшерлемесі 14 пайыз бойынша Каспийде депозиті бар адамдардың саны өте көп. Себебі, бұлардың салымы келесі жылдың әрқилы айларда (келісімшартпен ашқан күнімен тығыз байланысты) аяқталады. Тіпті қазірдің өзінде Каспий банкте жылдық мөлшерлемесі 12 пайыздық депозиттерге ақша салушылардың қатары көп. Қазкоммерцбанкте де жағдай осындай Бұдан басқа Qazkom-да әртүрлі “Үздік” салымы, “Еркіндік” салымы, “Зейнеткерлік” салымы, “Мультивалюталық” салым, “Азаматтық” салым деген атаумен тиімді депозиттер баршылық. Форте банкте жылдық мөлшерлемесі 12 пайыздық көрсеткішпен қызмет етіп қана қоймай, кез келген уақытта бірнеше миллиондап шешіп алуға да қызмет жасауда. Екінші деңгейлі банктер 10 миллион теңгеге дейін кепілдік бере алады. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші кез келген уақытта банк банкротқа ұшыраса 7 нөлдік соммаға дейінгі қаражатты уақытында қайтарып беруге шамасы бар.

Салымның пайыздық көрсеткіші дәл уақытында түсіп отырады. Мәселен, Каспий кез келген айдың бірінде, Форте айдың ең соңғы күнінде, кейбір банкте ашқан күнге байланысты түседі. Ешқандай қателесу жоқ. Дәлме дәл қызмет атқаруда. Бұдан басқа Каспий банк Kaspı gold кәртешкесін ұсынуда. Жылына 10 пайыздық мөлшерлемемен ақшаның көрсеткішіне байланысты түсіп тұратын бұл бонус көптеген адамдарды өзіне баурап алды. www.Кaspı.kzсайтында тіркеліп, түскен бонуспен өзіңізге қажетті өтемдерді орындауыңызға болады.

   Жергілікті азаматтарда «Екінші деңгейлі банк қарапайым адамдардың қалтасын қағып жатыр» деген жаңсақ пікір  қалыптасқаны белгілі. Несие, ипотека, депозитімен халыққа қызмет етіп жатқан коммерциялық банктердің өмірімізге ықпалы зор. Тіпті астамшылдыққа салынып, депозитте пайызды қосу көрсеткіші аз деп, салымнан ақшасын шешіп, әртүрлі инвестицияға құйып жатқандар да көп. Инвестицияда пайыздық мөлшерлеме көп болғанымен ешкім кепілдік бере алмайды. Ал, екінші деңгейлі коммерциялық банктегі депозитке толық кепілдік бар.

Міне, осылайша депозиттегі пайызбен өмір сүріп жатқан азаматтардың қарасы жылдан-жылға көбеюде. Бұл екінші деңгейлі банктің халыққа жасап отырған сыйлығы, көмегі деуге әбден болады. Қазақстандағы банктер әрдайым да адамгершілік танытып, адам құндылығын жоғары қойып, тиімді шарттарды ұсынумен келеді. Тіпті бұндай шарттар іргеміздегі Ресейде, дамыған Еуропа мемлекеттерінің өзінде жолда қойылмаған. Сондықтан Қазақстандағы банктердің болашағы жарқын.

   Нұрлан ҚҰМАР

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру