Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

297 пәтерге өтініштер қабылдануда

Орал қаласындағы Зашаған кентіне қарасты жаңа шағын ауданындағы (Орал – Саратов күре жолы бойында) «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үш тұрғын үйдің құрылысы алдағы қазан айында аяқталады. Қазір осы үйлерге «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшыларынан өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

«Қазақстанның тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкі» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Диас Рахымханның айтуынша, бұл тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің құны 140 мың теңгені құрайды. Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасы – тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі арқылы тиімді шарттармен баспанасы жоқ адамдарға үйлі болудың ең ыңғайлы жолы. Бағдарламаға қатысып, қалай үй алуға болады десек, алдымен өтініш беруші, соның ішінде әкімдікте үй кезегінде тұрған азаматтар аталмыш банкпен тұрғын үй құрылыс жинағы жөнінде келісімшарт жасауы тиіс. Жаңа үйдегі пәтерді сатып алу үшін салымшының шотында 20% шамасында ең төменгі бастапқы жарнасы болса жеткілікті. Сонда өтініш беруші бес пайызбен жеңілдетілген мөлшерлемемен несиелік қарыз ала алады. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй алуға үміткер тұрғын үйді сол өзі тұратын, тіркелген қаласынан не елді мекенінен алады.
– Жыл соңына дейін өз кли­ент­терімізге таза әрленген 1100 пәтерді ұсынбақпыз. Қазіргі уақытта Зашаған кентіндегі 297 пәтерге шілденің 23-іне дейін өтініштер қабылдануда. Жіктеп айтар болсақ, бір бөлмелі пәтер саны – 180, екі бөлмелі пәтер саны – 117. Бұл үйлерде үш бөлмелі пәтерлер қарастырылмаған, алдағы уақытта берілетін өзге үйлерде үш бөлмелі пәтерлер болады. Өтініштерді қабылдау басталғалы үш күннің ішінде 500-ден астам өтініш түсті. Әлі де түседі, бұл үйлерге сұраныс жоғары. Осы ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы екі тоғыз қабатты тұрғын үй салынуда. Қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі үш үйдің және Ақсай қаласындағы бір тұрғын үй құрылысы жүруде. Ол үйлерге жыл соңына дейін өтініш қабылдау жоспарымызда бар, – деді Диас Рахымхан.
Жаңа үйлердегі бір бөлмелі пә­тердің құны шамамен 5 609 800 тең­гені құрайды, бастапқы жарнасы 1 121 960 теңгеден кем болмауы керек. Сонда ай сайынғы несиелік төлем алғашқы сегіз жылда 37 960 теңге, одан кейінгі жылдары 18 244 теңгеге дейін төмендемек. Мұны несие алушылар 11 жыл бойы төлейді. Бұл үйлердегі бір бөлмелі пәтердің құны шамамен 5 609 800 теңгені құрайды, сәйкесінше бастапқы жарна 1 121 960 теңгеден кем болмауы тиіс. Несие бойынша ай сайынғы төлем алғашқы 8 жылда 37 960 теңгені құрайды, одан кейін ол 18 244 теңгеге дейін төмендейді, оны клиенттер тағы 11 жыл ішінде төлейтін болады.
Өткен жылы «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша жинақтау жүйесі арқылы 210 үй өз иесін тапты. Ал биыл бұл көрсеткіш үш есеге өседі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан барлық нысан жайында baspana.kz сайтынан білуге болады.

Гүлбар Шаңгерей


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру