Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

АХҚО ел экономикасының дамуына тың қарқын бермек

Осыдан бір жылдай бұрын Нұр-Сұлтан қаласында ашылған Астана халықаралық қаржы орталығы маусым айының басында Astana International Exchange (AIX) NASDAQ SMARTS нарықтық қадағалау жүйесінің сәтті енгізілгені туралы хабарды таратты. Бұның айтарлықтай жетістік ретінде танылары сөзсіз болса керек. Аталмыш жүйенің мақсаты – лезбе-лез уақыт режимінде (режим реального времени) нарықтық іс-әрекеттерді бақылау және қадағалау.

Бұның маңызы өте зор. Өйткені NASDAQ SMARTS жүйесі шеңберінде, АХҚО сайтында атап көрсетілгендей, «хабардар ету мен есептер жинағы AIX-ке аномальды сауда әрекеттерін (спуфингті, «layering» сөз байласуды және т.б. қоса алғанда) белсенді анықтауға және активтердің барлық түрлері (тіркелген кірісі бар акциялар мен қағаздар) бойынша нарықтық теріс пайдалану жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл технологияның ауқымын кеңейтуге және қажет болған жағдайда бағалы қағаздардың басқа түрлері үшін пайдалануға болады».

Осы жаңалық Астана халық­аралық қаржы орталығының табысты түрде дамып келе жатқанының нақты дәлелі болса керек. Әйгілі американдық Forbes журналының 17 маусым күні жарияланған «Kazakhstan Passes Torch To New Leader. Investors Hope For More Lively Market» деп ата­латын мақаласында оған мынадай баға берілген: «Назарбаевтың ең көр­некті мұраларының бірі – Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – ҚР-ның қор нарығын, британдық заңнамаға сүйенетін сот жүйесі мен арбитраждық платформаны, ислам қаржы орталығын және басқа да іскерлік қызметтерді біріктіретін нарықты қолдауға арналған дамыту жобасы болып табылады».
Қазақстан басшылығы мұнай мен газға тәуелділіктен арылып, өз экономикасын әртараптандыруға ұмтылуда. Олар елдің Нұр-Сұлтан қаласының бүкіл Орталық Азияның қаржылық орталығына айналуын қалайды. Осындай мақсатпен Қазақстан билігі кезінде швейцариялық капитал мен ноу-хауды әріптестікке шақырды.
Швейцарияның Женева қала­сында француз тілінде және Berliner пішімінде күнделікті шығатын Le Temps газеті өзінің «Le Kazakhstan veut séduire les banques suisses» деген мақаласында: «Шілденің басында экономикалық мәселелерге жауапты Швейцарияның федералдық кеңесшісі Йоганн Н. Шнайдер-Амманн отызға таяу бизнесмендерді бастап, Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға да, бармақ. Бұл ел, әлемдегі ауқымы жағынан төртінші, Астана Халықаралық қаржылық орталығын (АХҚО) ашпақшы, оның өкілдері бұған дейін-ақ швейцариялық қаржылық субъектілерге осында жетекші рөл атқару туралы ұсыныс жасап та қойған болатын».
«Шүбә жоқ, біз банктердің, сон­дай-ақ активтерді басқару бойынша менеджерлердің және қаржылық технологиялардың келуін асыға күту­деміз, – деді Женевада өткен баспа­сөз мәсли­хатында АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов. – Біздің патри­мониямыз (тәуелсіз байлық қоры, халықаралық резервтер және зейнетақы қорларымыз) 100 миллиард долларға бағалануда».
Екі аса ірі швейцариялық банк – UBS және Credit Suisse – Қазақстан астанасында өз бөлімшелерін ашқан. 1998 жылдан бері қатты дами бастаған бұл қала қазірдің өзінде Орталық Азиядағы бизнес үшін маңызды орталыққа айналды. Бұрынғы астана Алматы өте ірі сауда және мәдениет орталығы статусын сақтаған.
Соңғы 20 жылда Қазақстанның экономикасы, мұнай-газ және де басқа тау-кен өндірісі өнімдерінің арқасында, даму серпілісін бастан кешуде. Ол елде банктерге қосымша ондаған басқа да швейцариялық компаниялар – мәселен, Mabetex пен ABB инженерлік тобы, сондай-ақ Glencore, Nestlé, Gate Gourmet – табан тіреген.
«Біз Швейцариямен стратегиялық және пұрсатты қарым-қатынас орнатудамыз», – деді АХҚО басшысы. Өз елінде орталық банктің төрағасы болған кезінде Қайрат Келімбетов швей­цариялық билікпен, соның ішінде мемлекеттік қаражатты басқару құры­лымдарымен тығыз ынтымақ­тас­тық орнатқан болатын.
Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қазақстан, іс жүзінде, тек қана мұнайға және шикізатқа негізделіп, дамуының шегіне жетті.
Соңғы жылдары, шикізаттық тауарларға әлемдік бағалардың күрт төмен­деп кетуінен, диверсифика­циялауға қажеттілік арта түсті. 2000-жылдардың басында елдегі жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсімінің жылдық қар­қыны 10 пайызға жуық болатын еді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4 пайызға дейін түсіп кетті.
«Біздің валютамыздың (теңге) құнсыздануы және қаржылық қорлар­дың азаюы бізге қатты әсер етті», – деп түсіндірді АХҚО бас экономисті Баур Бектеміров. – Бұл жағдай басқа да кемшіліктеріміздің бар екенін көр­сет­ті. Мысалы, ауыл шаруашылығы ІЖӨ-нің 4-5 пайызға дейін бөлігін ғана құрайды, ал онда экономикалық белсенді халықтың 25 пайызы жұмыс істейді».
Астана халықаралық қаржы­лық орталығының басшысы Қайрат Келім­бетов Бүкіләлемдік эконо­­мика­лық форумның (БЭФ) атқа­рушы төр­ағасы және құрушысы Клаус Швабпен кез­десті, деп хабарлады баспасөз қыз­меті.
Кездесу өткен жылдың 21 маусымында Женевада болған. Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова да кездесу барысындағы пікіралмасуға қатысты. Олар терең әңгіме қозғады.
Женевадағы кездесулердің жалпы тақырыбы Астана халықара­лық қаржылық орталығының іс-қимылына қатысты бірқатар мәселелер болды. Батыстың іскер қоғамдастығы АХҚО-ның ашылуын қызығушылықпен қарсы алды.
Бұл бастаманың негізін қандай концепция құрайды?
Әлемге әйгілі американдық іскер Forbes журналының «Kazakhstan opens Astana International Financial Center in hopes to become Eurasian finance hub» деп аталатын мақа­ласында Астана халықаралық қар­жылық орталығының басшысы Қайрат Келімбетовтың мынадай сөздері келтірілген: «Бұл – бұрын Қазақстанда ешқашан сыналып көрмеген жаңалық. Рас, қаржылық ор­талық бастамасы тың емес, өйткені Алматы 2004 жылдан бері осы саланы дамытуға және соған қатысты аймақтық орталық болуға тырысқан еді. Ол мақсат жүзеге аспады… Біздің Dubai International Financial Center немесе Abu Dhabi Global Markets сияқты табысты халықаралық қаржылық жобалар тәжірибесіне жүгінгеніміз және, соның негізінде, істі нөлден бастап өрбіткеніміз жөн… Идея жаһандық сарапшыларды тартуға, тиісті жүйе құруға және тәжірибе бөлісуге негізделген. Қысқа мерзімді және орта мерзімді келешекте бізге сыртқы сарапшыларға сүйенуге тура келеді. Біз үздіктердің ішіндегі ең үздіктер үшін жаһандық еңбек нарығында сайысқа түсеміз. Бұл ауыр міндет болады, мен түсінемін».
Өткен жылы болған Жаһандық қатерлер саммитінде жаһан көле­міндегі үрдістерді көрсете отырып, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл мәселелердің барлығын еңсеру үшін жаңа тиімді механизмдер құрып, мемлекеттер арасында диалог орнатып, білімдерімізбен алмасу қажет», – деді. Осы бастамада айшықталған көре­гендік Астана халықаралық қаржылық орталығын құруға алып келді.
Ұлттық астана мәртебесіне 20 жылдан астам уақыт бұрын ие болған Нұр-Сұлтан – қазір үлкен осы заманғы қала. Оның халқы 1 000 000 адамнан асты (тұрғындарының саны жағынан бұл Алматыдан кейінгі Қазақстанның екінші алып қаласы). Қалада халықтың жылдам өсуі байқалады. Нұр-Сұлтан қаласы Евразия алып материгінің орталығында орналасқан. Ол – еге­менді Қазақстан Республикасының қазіргі астанасы. Оның ауа-райына тез өзгергіштік тән. Қала әр мезгілі ерекше «мінезге» ие континентальды климат белдеуінде орналасқан. Ел астанасының жазық жерде орналасуы арктикалық суық ауаның да, Каспий жағалауы мен Орта Азия шөлінің жылы ауа массасының да кедергісіз жетуіне жол ашады. Сол себепті де, бұл қалаға температураның және жалпы ауаның құбылмалылығы тән. Мәселен, қыс уақытында ауа-райы ызғарлы аяздан бірден жылымыққа және жауынға, ал жаз кезінде +35°C ыстықтан бірден тоңдыратын салқын ауаға ауысуы мүмкін.


Қазір Нұр-Сұлтан өзінің 21-жыл­­дығын тойлауға дайындалуда. Мұн­да қысқы Азия ойындары және ЭКСПО-2017 өтті. Қазір енді қалада Астана ха­лықаралық қаржы­лық орталығы дамып келеді.
АХҚО – Қазақстан елбасының «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» атты мақаласында атап көрсетілген жетекші принциптерге сәйкес құрылған, Нұр-Сұлтан қаласын­да орналасқан еркін қаржылық аймақ, Қазақстанның алдына қой­ған 2050 жылға қарай неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына жетуге қажет нық ұлт­тық тұғырнаманы қамтамасыз етуге қызмет етпек. Елбасы нұсқаулары ұлт­тық іс-қимылға басшылық ретінде қабылданады. Сонымен, еліміз бес институттық реформаны жүзеге асыруды қолға алған. Олар – осы заманғы және кәсіби азаматтық қызмет құру; заңның үстемдігін қамтамасыз ету; индустрияландыру және экономикалық өсім; болашақ үшін біріккен ұлт; мемлекеттің ашықтығы және есеп беруге міндеттілігі.
Астана халықаралық қаржылық орталығы қаржы ресурстарын тартуды өзінің негізгі рөлі деп біледі. Басқару саласын активтермен ілгерілету жұ­мыс­тарын тек Қазақстан ауқымында ғана емес, басқа аймақтарда да жүргізу жоспарланған. АХҚО өзін Орталық Азия елдерінің, Кавказ, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Таяу Шығыс, Моңғолия және Еуропа үшін де қаржылық орталығы ретінде қабылдайды.

Марал САЛЫҚЖАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру