Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

Жетісудің үздік тауарлары анықталды

«Когер ЛТД» құс фабрикасы, «КПК ZETA» жиһаз фабрикасы, «Интеллсервис» баспаханасы және Алматы облысының тағы да басқа кәсіпорындары «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары атанды.

26 маусым күні Талды­қорғанда «Қазақстан­ның үздік тауары» жыл сайынғы байқау-көрмесі ұйымдастырылып, дәс­түрлі түрде Кәсіпкерлер палатасында өтті. Биыл байқаудың өңірлік кезеңіне 50-ден астам отандық тауар­өндіруші қаты­сып, көрмеде өндірілетін тауар­лар мен қызмет түрле­рінің же­лісін ұсынды.
Биылғы көрменің басты ерек­шелігі – жас және жаңадан ашыл­ған кәсіпорындардың қатысуы.
«Жыл сайын байқаудың таны­малдылығы артып, оның аясы кеңейіп келеді. «Қазақстанның үздік тауары» байқауындағы жеңісті кәсіпорындар өнімдері сапасының жоғары бағасы мен серіктестерге арналған «визит картасы» деп атауға болады. Сонымен бірге ұжым үшін үлкен мақтаныш болып табылады. Биылғы көр­менің басты ерекшелігі – жас және жаңадан ашылған кәсіп­орындардың белсенді қаты­суы. Бұл бизнестің қарқынды дамуы мен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуының бір белгісі», – деп атап өтті Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Әсет Шаяхметов.
Амандық Баталов кәсіпорын павильондарын аралап, компа­ния­лардың дайындығына жақ­сы баға беріп, ұсынылған өнім түрлерінің жоғары сапасын атап өтті.
Көрмеде кәсіпкерлер тұр­ғын­дар үшін ауыл шаруа­шы­лығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, жиһаз бен қағаз өн­дірісі, құрылыс, фармацевтика мен басқа да сала­лар­дағы тауарлар мен қызмет түр­лерін көр­сетті.
Үздік кәсіпорындар төрт аталым бойынша анықталды: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Қызмет көрсету сала­сындағы үздік кәсіпорын».
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша 1 орынды «КПК ZETA» ЖШС, 2 орынды «NOVUS POLYMER» ЖШС, 3 орынды «ISKER COMPANY» ЖШС иеленді.
«Үздік азық-түлік тауарлар» аталымында 1 орын «Когер ЛТД» ЖШС, 2 орын «Молдасанова Этно-ресторан Асқар-Тау» жеке кәсіпкерлігіне, 3 орын «Первомайские деликатесы» ЖШС-не берілді.
«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымының 1 орын иегері болып «Интеллсервис» ЖШС танылды. 2 және 3 орындарды «Адили Текстиль» ЖШС мен «Аксель және А» ЖШС иеленді.
«Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша үздік болып «Хакимова» жеке кәсіпкерлігі танылды. 2 орын «Alakol Resort» жеке кәсіпкерлігіне, 3 орын «TUMAR» көп­салалы клининг компаниясына тағайындалды.
Жеңімпаздарға диплом­дар, ақшалай сертификат тапсы­рылып, бірінші орын иегерле­ріне байқаудың республикалық кезеңіне қаты­суына жолдама берілді.
Марапаттау рәсіміне қа­тысқан Амандық Баталов кәсіп­керлерге өңір экономикасына қосқан ірі үлестері үшін алғыс білдіріп, мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға, индустриалдық аймақтарда жобаларын іске асыруға шақырды.
Жеңімпаздар мен дипломанттарды марапаттау салтанатына Алматы облысы Өңірлік кеңесінің төр­айымы Римма Салықова, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, Кәсіпкерлер палатасы дирек­торының міндетін атқарушы Әсет Шаяхметов, Кәсіпкерлік және индус­триалдық-инновациялық бас­қарманың басшысы Руслан Қожасбаев, «Dolce» ЖШС директоры Сәуле Мәкішева қатысты.
Еске салсақ, «Қазақстанның үздік тауары» байқауы 2006 жылы отандық кәсіпкерлердің өндірген өнімінің сапасын арт­тыруға бағытталған қызметін жан­дандыру, облыс нарығын жо­ғары сапалы және бәсекеге қабі­летті өніммен толықтыруға жәр­демдесу, халық арасында сапа идеясын кеңінен таныту мақ­­са­тында тағайындаған болатын.

Толғанай Құдагелдиева


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру