Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Азаматтардың жүгі жеңілдейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қарызға батқан азаматтары­мыздың жағдайына бей-жай қарай алмаған Президент теңдессіз әлеу­меттік көмек көрсету туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасы­ларының қаржылық ахуалын айтар­лықтай жақсартуға мүмкіндік беру.
Өкімде Үкімет пен Ұлттық банкке бір реттік акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылған. Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді. Бұдан бөлек, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн. теңгеден аспауы тиіс. Несие алғандардың 55%-ы, яғни 250 мың адам үшін бұл негізгі несие мен сыйақыны қоса алғанда жалпы қарыз көлемін тұтастай төлеу дегенді білдіреді. Қалған несие алған азаматтардың қарыздары 300 мың теңге мөлшерінде өтеледі. Бұл олардың төлеу қабілеттілігін қалпына келтіруге және қарыз жүктемесін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізеді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша банктерде және шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері есептен шығарылады. Несие алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару, ең алдымен, екінші деңгейдегі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты айыпақы, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады. Президенттің ұстанымы – тұтыну несиелеріне қатысты қалыптасып отырған жағдай қайталанбауы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдары­на жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс. Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынатын болады. Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды.

Қоғамдық маңызы  зор қызмет

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 маусым – журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ҚР Президентінің сыйлықтары мен гранттарын табыс етіп, алғыстарын жария етті.
Президент отандық медиа-қауымдастықтың сындарлы не­гізде ұйысуы, журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы, олардың кәсіби деңгейі және әділдігі – ақпараттық кеңістіктегі табысты жұмыстың негізгі шарттары екендігін атап өтті.
– Болашақты саясаткерлер, өткенді тарихшылар, ал бүгінгіні журналистер ойлайды деген қағида бар. Бірақ, меніңше, журналистер болашақты да, өткенді де ойлайтын бірегей қауым деп айтуға болады. Халыққа ел ішіндегі оқиғалар жөнінде хабар таратып, шұғыл әрі шынайы ақпарат беру сіздердің кәсіби міндеттеріңіздің арқасы, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде.
Сонымен, биыл Мемлекет басшысының өкімімен Президент сыйлығы «Жас өркен» ЖШС-ның бас директоры Жүсіпбек Қорғасбекке, «Комсомольская правда – Казахстан» газетінің бас редакторы Виктор Кияницке, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға, «Аста­на» телеарнасының редакторы Жайна Жақсылықоваға берілді. Ал Президент гранттары «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Рауан Мыңбаевқа, «Қазақстан» телеарнасы «Мәселе» сараптама­лық бағдарламасының жүргізу­шісі Нартай Сәрсенғалиевке, «Қазақстан» ТРК Маңғыстау облыстық филиалының шеф-редакторы Әсем Сартбаеваға та­бысталды.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарын «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Хабар» телеарнасы талдамалық бағ­дар­ламалар бөлімінің шеф-редакторы Александр Трухачев, «Qazaqstan» телеарнасының жүргізушілері Қымбат Досжан және Дана Нұржігіт, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Шалқар Қожаев, «Qazaqstan» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай, «Литер» газеті бас редакторының орынбасары Жанна Ойшыбаева, «КТК» телеарнасының бас директоры Эльмира Джамилова, сондай-ақ «Қазақпарат» ХАА және «Жетісу» телеарнасы алды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру