Валюта бағамы: $ 389.59 429.06 6.05 ¥ 55.07

Қиындықты еңсеруге бүкіл ел атсалысуда

Арыстағы әскери бөлім қоймасында орын алған жарылыс бейбіт жатқан елді есеңгіретіп, халық жүрегіне қорқыныш пен үрей салды. Елдің елдігі, ердің ерлігі сыналар осынау қиын-қыстау сәтте өзінің жазира байтағындай кеңпейілі мен жомарттығын, береке-бірлігін жоғалтпаған, сабыр-төзімі мен шүкірінен айрылмаған халқымыз «Арыс, біз біргеміз» акциясын ұйымдастырып, арыстықтарға көмек қолын созуда. Суыт хабар алысымен оқиға орнына шұғыл жеткен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыстан зардап шеккен Арыс тұр­ғындарымен кездесіп, қаланың қал­пына келтірілетініне уәде берді.

Сол күні Арыс қаласындағы жағ­даймен танысу үшін Түркіс­тан облысына келген мемлекет басшысы қару-жарақ қой­масындағы жарылыстардың зардаптарын қалпына келтіру жөнін­дегі жедел штабтың отырысын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен қайтыс болған азаматтардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Президент қауіпті аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру жұмыстарының барысымен танысты, қала тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Арыста жарылыс аумағынан эвакуация­ланған тұрғындармен кездесіп, бар­лық мәселені жеке өз бақылауына алғанын айтты. «Арыс тұрғындарына барлық облыс, ең алдымен Үкімет көмектесетін болады. Балаларға қатысты айтар болсам, қазірдің өзінде екі облыс – Ақмола мен Павлодар облыстары балаларды бастан өткерген осынау қорқынышты сейілтіп, демалуы үшін жазғы маусымда өздерінде қабылдауды ұсынып отыр. Сәл-сәл шыдаңыздар, бәрі дұрыс болады. Бұл мәселелер­дің барлығын жеке өзімнің бақылауыма аламын», – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Арыс қала­сын аралап шығып, үкімет пен облыс әкімдігіне қалпына келтіру жұмыс­тарының құнын есептеп шығаруды және мем­лекеттік материалдық қордың есебінен қаланың қалып­ты тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарлар мен қаражат­тың бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды. Оқиға орнында құт­қару және қалпына кел­тіру жұ­мыстары барысында ве­домс­­твоаралық өзара жүйелі іс-қи­мылды ұйымдастыруды, сон­дай-ақ жарылыстардың се­беп­терін мұқият зерттеуді талап етті.
Мемлекет басшысы тиісті салалық ведомстволарға азамат­тардың қауіп­сіздігі мен олардың дүние-мүлік­терінің сақталуын бақылауда ұстау қажеттігін ескертті, әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Жалпы сол аласапыран кезде мыңдаған ата-ана баларынан көз жазып қалған болатын. Сейсенбідегі үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин тұрғындардың бәрі қауіпсіз аймаққа эвакуацияланып, ата-аналардың барлығы өз балаларымен дін-аман қауышқандығын жеткізді.
Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарының, Қорғаныс минис­тр­лігінің, жергілікті атқару орган­дарының қызметкерлеріне риза­шылық білдірді, жұмыстың осы қарқынын бәсеңдетпей, жалғастыра беруді тапсырды. «Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкі­метке қалаға және оның тұрғын­дарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші – көрсетілетін көмек­тер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қала­ның жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы облыс­тық клиникалық ауруханада болып, зардап шеккендердің тезірек сауы­ғып, отбасыларымен аман-есен қауы­шуына тілектестік білдірді. Президент төтенше жағдай аймағында медициналық көмек көрсету жұмыс­тарын ұйымдастыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысы Арыс тұр­ғын­­дарына көмек көрсетіп жатқан барлық волонтерлерге риза­шылық білдірді. «Арыс тұрғын­дарының игі­лігі жолындағы ауқымды әрі пайдалы еңбектері үшін барлық волонтерлерге ризашылық білдіремін. Зардап шеккендердің жағдайы шынымен де қиын. Мемлекет оларға көмек береді. Қала мен тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіреміз», – деп жазады Президент twitter парақ­шасында.
Ел іші – алтын бесік. Дәл осындай қиын-қыстау сәтте елдің қасынан табылу – елдігімізге сын. Арыс жұрты күтпеген қиыншылыққа тап болған бұл күндері Қазақстан азаматтары ұлтына, дініне қарамай «Арыс, біз біргеміз» акциясына жаппай үн қосып, күн-түн демей қолында барымен бөлісуде. «Бірлік түбі – береке» деп білген халқымыз бұл сынақты да лайықты еңсеріп, әрбір аралдық отбасы өзінің шаңырағына жайғасады ғой деген сенімдеміз.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру