Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Баршаның игілігін бағамдайтын құжат

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында азаматтардан алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары қаралды.

Жиында вице-премьер Ж.Қа­сымбек, денсаулық сақтау минис­трі Е.Біртанов, ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев Арыстағы төтенше жағдай орнында жүргізіліп жатқан жұмыстар және зардап шегушілерге медициналық көмек көрсету жайын баяндады. Үкімет басшысы жары­лыс салдарынан көз жұмған азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтты. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша комиссия Арыс қаласындағы тұрғын үйлерге, әлеуметтік және тіршілікті қамтама­сыз ететін нысандарға келген залалды анықтайды. Тиісті шешімдер қабылданып, барлығы қысқа мерзімде толық қалпына келтіріледі. Ол үшін Үкімет тарапынан қажетті шаралар атқарылатын болады. Бүкіл ел қиын­дықты еңсеруге атсалысуда. Осы ретте Nur Otan партиясы Арыс қаласына көмек көрсету мақсатында қаражат жинау бастамасын қолға алды», – деді Асқар Мамин.
Ел Президентінің «Игілік – бар­шаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сай­лау­алды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы бары­сында азаматтардан алынған ұсыныс­тарды орындау шаралары туралы Үкімет басшысының орынбасарлары Ә.Смайылов пен Ж.Қасымбек баяндады.
«Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының, Бес институционалдық реформа, Қазақстанның үшінші жаңғыруы туралы жасаған баяндамасында Ә.Смайылов ұстаздардың беделін арттыруға, кәсіби өсуіне, өздеріне тән емес функцияларды атқаруын болдырмауға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленгенін айтты. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктері жетілдірілгені жөнінде айтылды. Жалпы алғанда, шамамен 370 мың жаңа жұмыс орнын ашу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен жыл сайын 500 мың адамды қамту жоспарлануда. Тағы бір атап өтерлігі, биыл «Бизнестің жол картасы -2025» мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, оның шеңберінде бизнесті жаңа форматта қолдау жалғасады.
Өз кезегінде Ж.Қасымбек 2025 жылға дейін жақсы және қанағатта­нарлық жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 100%-ке дейін, жергілікті деңгейдегі жолдардың жағдайы 95%-ке дейін артатынын жеткізді. Бұдан басқа, елімізді газдандыру шеңберінде Үкімет «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын уақыты­лы аяқтауды қамтамасыз етеді. Газ құбырын іске қосу Нұр-Сұлтан, Қа­рағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларын және 171 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етіп, олар­дың экологиялық жағдайын жақ­сар­тады. Бұдан бөлек, Президент алға қойған қарқынды экономика – баршаға арналған әл-ауқат негізі принципін басшылыққа ала отырып, жылдың соңына дейін 2020-2025 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, ол өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі жақсартуға бағытталады. Сонымен қатар жергілікті қамтудың өсуіне ерекше көңіл бөлінеді. ҰКП-мен бірлесіп әзірленген шаралар 1000-нан астам отандық кәсіпорындарды қайта жүктеуге, өндірілетін тауар­лардың қазақстандық құрамын 60%-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді, «қарапайым заттар экономикасы» салаларының дамуын ынталандырады. Аграрлық секторда қараша айына дейін агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, жер ресурстарын және жайылымдарды тиімді пайдалану, жаңа суармалы ауылшаруашылық жерлерін кеңейту мақсатында Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға өзгертулер енгізілетін болады. Көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешу жайына келсек, бұл үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 40 мың жалдамалы тұрғын үй құрылысы қарастырылған. Бүгінде мамыр айынан бастап инвестициялар және демеушілерді тарту арқылы 1480 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жалпы, жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы қамтамасыз етіледі. Жұмыс істейтін жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін 3 жылда 3 мың пәтер салынады. Бұдан өзге, ауылдық елді мекендерді дамыту бағытында облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып биыл 52 ауылдық елді мекен таңдалды, 452 іс-шара жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде, «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ламасы 700 мың адамды, ал 2025 жылға қарай – ауыл халқының 83%-ын немесе 6,5 млн адамды қамтуды жоспарлап отыр.
Үкімет басшысы Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы жоспарларды орындауға үлкен жауапкер­шілікпен қарауға шақырды. «Біздің жұмыстың ең басты мақсаты – азамат­тардың әл-ауқатын арттыру. Жоспар сабақтастыққа, әділдікке және прогреске негізделген. Бірінші – сабақтастық қағидаты аясында Үкімет Елбасы бастаған жұмысты жалғастыратын болады. Атап айтқанда, Ұлт жоспары: 100 нақты қадам, 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары, сонымен бірге жалпы­ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім механизмдерін нығайтуға назар аударылады. Екіншіден, әділдік қағидаты аясында сот жүйесін жетіл­діруге, қоғамдық қауіпсіздікті артты­руға, сыбайлас жемқорлықты барлық дең­гейде жоюға бағытталған. Сонымен қатар А.Мамин халықты әлеу­меттік қамтамасыз ету және білім берудің қазіргі заманғы стандарттары енгізілетінін, медициналық қызметтің қолжетімділігі артып, жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік басқару тетіктері жетілдірілетінін мәлім етті. «Үшінші прогресс аясында халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру, ауылдарды дамыту, бизнесті жетілдіру шаралары жоспарланған. Елдің дамуында жастардың рөлі ерекше. Олар прогрестің қозғаушы күшіне айналуы тиіс», – деді Премьер-министр.
Осы ретте Үкімет басшысы мем­ле­кеттік органдарға сарапшылар қауымдастығын тарта отырып, нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған нақты шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Ботагөз Әбдірейқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру