Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Қаржы орталығының қадамы қарышты

Ағымдағы жылдың 1-4 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Astana Finance Days өтеді. Оған Халықаралық қаржы орталықтарының, бизнестің және ғылыми топтардың өкілдері мен сарапшылары, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялардың өкілдері және АХҚО органдарының кеңес мүшелері жиналады.

Іс-шараға Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп күтілуде.
Исламдық қаржыландыру, қаржылық технологиялар, адам капиталы, құқықтық реттеу және тағы басқа тақырыптарды қамтитын панелдік сессияларды, конференцияларды, семинарларды өткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2018 жыл­ғы Astana Finance Days қорытын­дылары бойынша ынтымақтастық туралы 11 екіжақты құжатқа қол қойылып, 22 B2B кездесу өткізіліп, 73 елден 7 000-ға жуық қатысушы келген болатын.

Исламдық қаржы құйыла бастайды

2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орта­лығын құру туралы Конститу­ция­лық заңға қол қойған болатын.
АХҚО-ның міндеті – қар­жылық қызметтер саласына инвестиция тарту үшін тартымды орта құру. Осы арқылы ел эконо­микасына инвестиция тартуға жәрдемдесу. Сонымен бірге «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­­ғы Қазақстан Республикасы­­ның бағалы қағаздар нарығын дамыту мен халықаралық капитал нарықтарымен ықпалда­суын қамтамасыз етіп, елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ерекше үлес қосып отыр.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Исламдық даму банкімен және Азиялық даму банкімен бірге тығыз ынтымақтастықта қолайлы құқықтық және реттегіш база құру, осы бағытта дамудың жол картасын дайындау, сонымен қатар исламдық қаржы­ландыруды, банктік емес қар­жылық қызметтерді және Ор­талық Азия, Таяу Шығыстан және Оңтүстік Шығыс Азиядан капиталды тартатын өнімдер мен құралдарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде.
АХҚО исламдық қаржылан­ды­рудың өңірлік хабы ретінде ілгерілету үшін Исламдық қаржыландыру жөніндегі халықаралық сарапшылық кеңесі құрылды. Сондай-ақ АХҚО жанындағы Исламдық қаржыландыру қағидасы бойынша орталық кеңесі іске қосылатын болады.

Қытай инвеосторларына – жаңа мүмкіндік

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов осы жақында ғана Қытай Халық Республикасына сапары барысында Шанхай қор биржасының (SSE) басшылығымен кездескен болатын.
АХҚО Басқарушысы бастаған делегация SSE қолдауымен 30-дан астам қытайлық инвестициялық қор өкілдері мен брокерлер үшін таныстырылым өткізді.
SSE 2017 жылдан бері АХҚО бир­жасы акционерлерінің бірі. ҚХР «Белдеу және жол» бастамасының аймақтық қаржылық қызмет көрсету орталығы ретінде АХҚО-ның дамуына жәрдем береді.
Осы жолғы таныстырылым АХҚО мүмкіндіктері мен BRI шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыруға, Орталық Еуразия елдеріндегі жылдам дамып келе жатқан компаниялармен өзара ынтымақтастық тақырыбына арналды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы – инвесторлар мен перспективалы жобалар арасын жалғас­тыратын дәнекер.
«Белдеу және жол» бастамасы-біз үшін маңызды басымдық. Бұған қоса Қытай инвесторларымен өз­ара іс-қимыл жасауға ұмтылатын Ресейдің, Қазақстанның, Беларусьтің, Грузияның және басқа да елдердің орташа капиталы бар компаниялары үшін үлкен мүмкіндік. Олар «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында өзара тиімді консенсусқа келе алады», – дейді Қ.Келімбетов.
Таныстырылым барысында Шанхай қор биржасының атқарушы вице-президенті Шаотун Лю AIX ашылғаннан бері қол жеткізілген қадамдарға да тоқталды. Ол Қытай брокерлері Қазақстанда бизнесті жүргізе бастағанын атап өтіп, SSE бұдан әрі де АХҚО-мен тығыз ынтымақтасуға ниеттеніп отырғанын мәлімдеді.
АХҚО мен AIX нарықтық қа­ғидаттарға, инвестициялар мен қаржыландыруға негізделген әр­тарап­тандырылған және тұрақты шешімдерді ұсынуға, сондай-ақ Қазақстанда, Орталық Азия мен Еуразияда «Белдеу және жол» аясындағы инвестициялық жобаларға кешенді қорғау көрсетеді.
2018-2019 жылдары АХҚО өңірдегі орташа көлемді, жылдам өсетін компанияларға бағытталған роуд-шоу ұйымдастырды. Таныстырылымдар Ресей, Беларусь және Грузияның 10-нан астам қаласында өткізіліп, оған 450-ге жуық компания өкілдері қатысты. Роуд-шоу барысында АХҚО мен AIX делегациялары компания өкілдерін листинг талаптары мен рәсімдері туралы хабардар етті.

Тиімді қарым-қатынас

Халықаралық түсіністік жөнін­дегі іскерлік кеңес — АҚШ-та орналас­қан, халықаралық сауда мен коммерцияны дамытатын ұйым. Кеңес қатысушы компанияларға өз қызметін халықаралық деңгейде жүзеге асыруға көмектеседі және бүкіл әлемдегі бизнес пен мемлекеттік көшбасшылар арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастарға ықпал етеді.
АҚШ бизнес қауымдастығының өкілдері де «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшы­лықтары және мүмкіндіктерімен танысқан болатын. Іс-шараны Қазақ­стан Республикасы Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың халықаралық өзара түсіністік жөніндегі іскерлік кеңесімен бірлесіп ұйымдастырды.
Форумның мақсаты – елдер ара­сындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, Қазақ­станға американдық өндіруші­лерді, инновациялар мен технологияларды тарту. «Біз Қазақстанда жаңа мүмкіндіктер ашқысы келетін американдық бизнес өкілдерін қарсы алуға дайынбыз», – дейді АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов.
Форумға ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, туризм және тағы басқа салада бірлескен сауда және инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі бірқатар американдық компаниялардың өкілдері қатысты.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының мақсаты – шикізат емес секторға баса назар аудара отырып, Қазақстанға шетелдік инвес­тициялардың ағынын ұлғайту, ка­питалдың ішкі нарығын дамыту, перспективалы қаржы салаларында жеке сараптама жасау.

Барыс-келіс, алыс-беріс артады

Берлин Еуразиялық клубы 2012 жылы ҚР Тұңғыш Президенті –Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен ГФР бұрынғы вице-канцлері, сыртқы істер министрі Х-Д.Геншердің бастамасымен құрылған болатын. Бұл клуб Қазақстан мен Германия арасындағы, сондай-ақ Орталық Азия мен Еуро­одақ арасындағы саяси диалогты нығайту және сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мақсатындағы бейресми алаң. Клуб құрылғаннан бері 25 отырысы кезекпен Астанада, Брюссельде және Берлинде өткізілді.
Осы жақында ғана «Аймақ үшін АХҚО мүмкіндіктері мен практикалық маңызы» тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының 26-шы отырысы өтіп, Германия Федеративтік Республикасының 50-ден астам компанияларының, стартаптардың және банктерінің басшылары «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері және келешегімен танысты.
Іс-шараны АХҚО-мен бірлесе отырып ГФР-дағы ҚР Елшілігі және Герман экономикасының Шығыс комитеті ұйымдастырды.
Қазақстандық тараптан клуб отырысына АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшысы Рәпіл Жошыбаев, ГФР-дағы ҚР Елшісі Болат Нүсіпов, «Kazakh Invest» ҰК АҚ басшылығы, сондай-ақ ҚР экономикалық, коммерциялық және қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Германия тарапынан – Герман экономикасы Шығыс ко­митетінің (ГЭШК) басқарушы директоры Михаэль Хармс, ГЭШК Президиумының мүшесі, «Бәйтерек» ҰБХ тәуелсіз директоры Клаус Мангольд, ГФР-дың ҚР-дағы Елшісі Тило Клиннер, ГФР Федералдық өнеркәсіп одағының шикізат жөніндегі комитетінің төрағасы Ганс-Йоахим Вельш, экспортты несиелендіру жөніндегі неміс қоғамының басқарушысы Марк Венгрцик, Орталық Азиядағы герман экономикасы өкілдігінің басшысы, сондай-ақ неміс компанияларының, стартаптардың және Германия банктерінің басшылары қатысты.
Отырысқа қатысушылар қаржы, инвестиция, технология және IT салалары бойынша қазақстан-герман ынтымақтастығының жай-күйі мен дамуы туралы мәселелерді талқылады.

Тұңғыш түлектер

«Астана» халықаралық қаржы орталығында үздіксіз кәсіби даму бюросы бар. Осы бюро Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік саясат ұлттық мектебімен бірге «Қаржылық реттеу мәселелері» курсын ашқан болатын.
Жақында осы курстың бірінші түлектеріне сертификаттар табыс етілді. Олар – Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Түркістан облыстарының аймақтық мемлекеттік органдарының өкілдері.
ҚР Президенті жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік басқару магистрі» және «Мемлекеттік менеджмент докторы» бағдарламаларының 15 тыңдаушысы оқудан өтті. Практикалық курс мем­лекеттік аппарат өкілдерін жаһан­дық қаржы индустриясымен таныстырып, корпоративтік басқару, жасыл және исламдық қаржы, қар­жы­лық реттеу және стратегиялық бас­қару салаларының интеграциялық процестерін ілгерілету үшін ұйым­дастырылды.
«Елдің орнықты экономикалық дамуына қол жеткізу мемлекеттік саясатты дұрыс қалыптастыру мен тиімді іске асыруға байланысты. Сол себепті «Астана» қаржы орталығы мемлекеттік қызметкерлердің әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Мемлекеттік қызметкерлердің үздіксіз кәсіби дамуы тиімді мемлекеттік басқарудың маңызды факторы болып табылады. Білімнің практикалық бағытталуына ерекше назар аудара отырып, инновациялық білім беру бағ­дарламаларын әзірлеу және енгізу аса маңызды», – дейді АХҚО басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қ.Әйтекенов.
«Мұндай оқыту бағдарламалары бүгінгі күні өте маңызды. Себебі бү­гінгі түлектер бұл таяу жылдардағы көшбасшылар және олардың «Астана» халықаралық қаржы орталығы­ның қызметі жайлы хабардар болуы өте маңызды. АХҚО-ның дамуы осы орталықта жұмыс істейтін әріптестердің ісі ғана емес, сонымен қатар бұл біздің ортақ ісіміз. Сайып келгенде бұл біздің еліміз үшін маңызды және қажет стратегиялық бағыт» – дейді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясының ректоры Ә.Ахметов.

Ғалым Омарханов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру