Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Отаны бірдің – тағдыры бір

Қазақстан халқы ассамблеясы – саяси тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық келісімнің, ел тыныштығы мен бірлігінің белгісі. Осынау өзіне тән айрықша рөліне сай, Ассамблея қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, саяси-рухани өзгерістер мен жаңаруларды жүргізуге белсене атсалысуда.

Елордада Қазақстан халқы ассамблеясы Ғылыми-сарап­тамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасындағы тапсырмалардан туындайтын Ғылыми-сараптамалық кеңестің міндеттері сараланды.
Бүгінде тәуелсіздігі бекем, болашағы айқын еліміз ұлы тарихтың тағы бір шебіне қадам басты.

Бұл деңгейге қоғамдық бірлік пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасау­дың арқасында қол жетті. Бұл ел Президенті Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айқындалған қоғам бірлігін сақтауға, азамат­тардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу принциптерімен ұштасады. Халықтың жарқын болашағы бірлесе еңбек ету негізіне сүйенетінін көр­сетеді.
Жиынды ашқан Ассамблея төр­ағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев ғылыми-сарапшылық орта қоғамдағы үдерістерді терең талдауы, жаңа үрдістерді, қауіптер мен сын-қатерлерді анықтап, нақты уақыт режимінде практикалық ұсыныстарды әзірлеуі тиістігін атап көрсетті.
– Ассамблея уақыт талабына сай жұмыс жүргізуі тиіс. Бұл ретте Ғылыми-сараптамалық кеңестің басты міндеті – жұмысты тың әдіс-амалдарды қолдану арқылы жүргізу деп білемін. Ғылыми-сараптамалық кеңеске қоғамдағы процестерді терең талдау үшін жаңа тренд­терді, тегеуріндер мен қауіптерді айқындау, шынайы саясатқа терең интеграциялану абзал болмақ. Со­нымен қатар ғалымдар мен сарапшылар әлеуметтік-саяси алаң құруы керек. Бізге ресми баспасөз беттерінде ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік желілерде де нақты әрі ұғынықты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, – деді кеңес отырысында Ж.Түймебаев.
Қазақстан Президенті жа­нындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Мадина Нұрғалиева өз сөзінде цифрлық ҚХА ҒСК құру идеясын қолдайтынын және қазіргі әлеуметтік-саяси процестер аясында Қазақстандағы заманауи этносаралық жағдай ел өңірлерінде ауқымды жұмыс жасауды және өңірлік сарапшылар қауымдастығын нығайтуды талап ететінін айтты. Бұл ретте нақты жер-жерлердегі жағдайларды білудің маңыздылығы өңірлік сарапшылармен тығыз ынтымақтастықта болуды талап етеді. Сонымен қатар этносаралық ахуалды зерттеудің сандық әдістері сапалы талдау әдістерімен толықтырылуы керек.
Жиында ҚР Президенті жа­нындағы Мемлекеттік басқару академиясы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, ҚХА ҒСК төрайымы, әлеумет­тану ғылымдарының докторы А.Сәдуақасова қазіргі кезеңдегі Қазақстан халқының бірегейлігі мен бірлігі, даму үрдістері жөнінде, сондай-ақ Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Ш.Жақыпова қазақстан­дық қоғамның этноәлеуметтік құры­лымы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар қазіргі кезеңдегі бірлік пен ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелері бойынша пікір­таластар мен сараптамалық пікір алмасулар өтті.
ҚХА ҒСК қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында қабылданатын шешімдерге сараптамалық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету, олардың хал-ах­уалы мен қалыптасып отырған үр­дістерін терең зерделеуді жүргізу, оларды одан әрі дамытудың ғылыми негізделген болжамдарын әзірлеу жөніндегі міндеттерді орындайды. Мақсат – тұрақтылық, этносара­лық толеранттылық, қоғамдық ке­лісім және жалпыұлттық бірлік мәселелері бойынша ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу. Бүгінде жұмыстың тиімділігін арттыруды басты бағдар еткен Ғылыми-сараптамалық кеңестің құрамына 52 ғалым кіреді, олар­дың арасында – 31 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, зерттеу институттарының жетекшілері және қоғам қайраткерлері бар. Барлық өңірлерде ғылыми-са­раптамалық топтар құрылған. Сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы мен Ұлттық экономика министрлігі Экономика­лық зерттеулер институтының әлеу­меттік-демографиялық дамуды зерттеу орталығы жұмыс істеуде.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру