Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

Табыс сыры – тынымсыз еңбек

Кез келген адам ойына алған арман-мақсатына жетуді қалайтыны заңдылық. Бірақ бұл әрбір адамның маңдайына жазыла бермейді. Өйткені, өз өмірінде, таңдаған кәсібінде нәтижеге жету тынымсыз еңбекқорлықты, талмай талаптануды, үздіксіз ізденуді қажет етеді. Ал осындай табысқа жеткен жандардың өмір тарихы көпшілікті қызықтырары сөзсіз. Ондай адамдар қоғамның барлық саласында, мемлекеттік қызметте де кездеседі. Жуырда Қазақстан Республикасы ішкі аудит комитетінің Алматы қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде өткен кездесуде бұрынғы қаржылық бақылау қызметкері Құмар Мәсәлімұлы Садықбаев өзінің жетістікке жету жолында түйген ойларын көпшілікпен бөліскен еді.

«Табыс – өткендегі нәтижелер мен қазіргі кездегі нәтижелер арасындағы оң айырмашылық. Табыс – жетістікке жету» дейді Құмар Мәсәлімұлы. Ол 1939 жылы ақпан айында Семей облысы, Жаңа-Шульби ауданы, Жаңа-Васильевка аулында қарапайым жұмысшы-шаруа отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Мәсәлім сол ауылда малшы, анасы Нұрғайша әртүрлі жұмыс атқарған қарапайым адамдар еді. Құмар ағамыз өмір есігін ашқанына екі жыл толар-толмаста Ұлы Отан соғысы басталды. Алмағайып уақыт туып, ауыл азаматтарының барлығы соғысқа аттанды. Солардың қатарында Мәсәлім атамыз да майданға кетті. Анасы Нұрғайша қалған балалардың тәрбиесімен айналысып, соғыс жылдарындағы ауыр тауқыметті елмен бірге бастан кешті. Көп ұзамай әкесі соғыста кеудесінен жаралы болып, елге қайта оралды. Бірақ сол жарадан айыға алмай, 1949 жылы дүниеден озды.
– Соғыс аяқталып, бүкіл ел қираған шаруашылықты қалпына келтіруге кірісті. Осы кезде менің жасым онға тақады, 1947 жылы жеті жылдық мектептің бірінші сыныбына үлкен апайым екеуміз бірге бардық. Сауатсыздықты жою мақсатын көздеген бұл науқан жас ерекшелігіне қарамастан, ауыл балаларын тұтас қамтыды. «Жоққа жүйрік жетпейді» дегендей, қолымыздағы бар оқу-құралменен оқып, 1956 жылы жеті жылдық мектепті бітірдім. Әрі қарай оқуға тұрмыс-тіршіліктің қиындығынан, қаражаттың жоқтығынан мүмкіндік болмады. Бұл бүкіл халық басынан өткерген ауыр жылдар еді ғой. Соғыс зардабынан әлі арыла қоймаған кезең. Сол себептен анама көмектесу үшін екі жыл колхоздың қойын бақтым. Қой баға жүріп өмірдің өз ағысына мойынсұнып жүре беруге болмайтынын ұғындым. Сөйтіп, қаражаттың тапшылығына да қарамай, жалаңаяқ, жалаңбас Семей қаласына тарттым, – дейді балалық шағына көз жүгірткен Құмар Мәсәлімұлы.
Сөйтіп, құжаттарын Семей қаржы-экономика техникумына өткізіп, емтихандарды беске тапсырады. Техникумды жақсы оқып бітіргеннен кейін, шалғайдағы Шұбартау ауданына, аудандық қаржы бөліміне бас экономист қызметін атқаруға жіберіледі. Оқу орнынан алған білімін кәдеге жаратып, тиісті жұмысын абыроймен атқаруға жастық жалынмен кіріскен жылдар еді ол. 1963 жылдың ақпан айына дейін осы қызметте болды. Көп ұзамай Шұбартау ауданынан өзінің өмірлік серігін кездестіріп, отбасын құрды. Кейіннен аудандарды ірілендіру кезінде Шұбартау ауданы мен 150 километр қашық­тықта орналасқан Аягөз ауданы қосылды. Соған байланысты Құмар ағамыз Аягөз қаласындағы аудандық қаржы бөліміне бас экономист болып тағайындалып, сол ауданға көшіп барады. Мұнда ол ауыл шаруашылығы саласына жауапты болды. Ауыл өмірі қым-қуыт тіршілікке толы ғой. Айналысатын шаруа да шашетектен. Қаржы бөліміндегі жауапты қызметін 1965 жылдың ақпан айына дейін атқарады. Өз жұмысына асқан жауапкершілік танытып, еңбекқорлығымен көзге түскен Құмар Мәсәлімұлына бұдан кейін Аягөз аудандық атқару комитеті аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметі сеніп тапсырылды. «Ол кезде жалындап тұрған жас шағымыз. Жұмысқа адал көңілмен қарап, жан-тәнімізбен беріліп жұмыс істедік. Халық жағдайына өте көп көңіл бөлінді. «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген қағиданы алға тарттық» деп еске алады сол күндерді Қ.Садықбаев.
Қаржы қызметкерінің бұдан былайғы өмір жолы Семей қала­сында жалғасты. 1968-1975 жылдар аралығында Қазақ КСР Қаржы министрлігінің Семей қаласындағы тексеру-бақылау басқармасының бастығы болып жұмыс істейді. Бұл жұмыстың да өзіндік қиыншылықтары бар екені белгілі. Осы саладағы кемшіліктермен күресе жүріп, мемлекет меншігін дұрыс пайдалану, халық қаржысының орынды жұмсалуы, бөлінген қаражатты дер кезінде пайдалануға бақылау қатаң жүргізіліп отырды. Кездескен кемшіліктер бойынша дереу шара қолданылып, теріс мақсатқа жұмсалған мемлекет қаржысын кері қайтаруға, қажетті жағдайда тиісті органдарға тапсыруға баса мән берілді. Осындай тыңғылықты жұмысымен көзге түскен Құмар ағамыз 1975 жылы Алматы қаласына арнайы шақырту алады. Сөйтіп, іскерлік қасиеті мен өз мамандығына деген жауапкершілігінің нәтиже­сінде Қазақ КСР Қаржы министр­лігінің басқарма бастығы болып тағайын­далды. Одан кейін мемлекет бюджетінің кіріс-шы­ғы­сын жоспарлау қызметінде болды.
Мемлекеттің қаржы қызметі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпалы бар сала екені белгілі. Құмар Мәсәлімұлы қызмет еткен кезеңі осындай маңызды міндеттерге толы болды. Ол қаржы жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне, еліміздің дамуына қалтқысыз қызмет етіп, өз үлесін қоса білді. Қазақстан Республикасының халық шаруа­шылығын жоспарлауға және халық шаруашылығын қаржыландыруға бақылау жасады. Қаржы саласында өндірістің қарқынды өсуін, ғылым мен мәдениет саласының көтерілуін, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздей отырып, ауқымды қаржылық жоспарлар жасалды. Бұл жоспар Қазақ ССР Жоғары кеңесі бекіткеннен кейін ғана күшіне енетін. Яғни, Құмар ағамыздың қызметі мемлекеттік бюджет, кіріс және шығыс қара­жаты, салық, мемлекеттік кре­дит қатынастарының рет­телуін қамтамасыз етуге тікелей байланысты болды.
Құмар Садықбаев мемлекеттік жұмысынан тыс қоғамдық жұмыстарға да тығыз араласты. Сол кездегі заман ағымына сай комсомол, кәсіподақ мүшелігіне өтіп, тапсырған жұмыстарын тыңғылықты атқарып жүрді. Осындай сан-салалы жемісті еңбегі лайықты бағаланып, оған 1983 жылы Қазақ КСР-нің «Еңбек сіңірген экономисі» құрметті атағы берілді.
– Өз өміріме бүгінгі уақыт белесінен көз жүгіртсем, шалғай­да жатқан ауылдан бастап, Қа­зақстанның астанасы Алматы қаласына дейінгі жолдарым тек өрге көтерілген екен. Бұл менің қажымай, талмай, сүйіп таңдаған мамандығымның жемісін көруім ғой. «Еңбек түбі – зейнет» дегендей, өмірдегі бағытыңды дұрыс таңдап, адал еңбек етсең, табысқа жету қиын емес, – деп түйіндеді өз сөзін Құмар Мәсәлімұлы.
Еңбекте табысты болудың сырын осылай өрбіткен Құмар Садықбаевтың өмірі мен қызметі бүгінгі жас қаржыгерлерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Әрбір азаматтың қасиетті борышы – өз өмірін лайықты сүре отырып, айналасына, қоғамға пайдасын тигізу емес пе. Атқаратын қызметіңе жауапкершілікпен, адалдықпен қараған сайын өз қадір-қасиетің де биіктей бермек. Құмар Мәсәлімұлымен кездесуден қаржы қызметкерлері осындай ой түйгені анық.

Дина ИМАМБАЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру