Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАНДА – БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ

Көпбалалы отбасыларға жеңілдетілген  ипотекалық кредит бағдарламасы іске асырылмақ

Аталмыш бағдарлама енді бірнеше аптадан соң бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асырыла бастайды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Қаржы министрлігінен қалай қаражат аударылады, солай оны бастайтын болады. Бұл жайында банк басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің есептік кездесуінде жария етті.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы осы айдың соңында немесе келесі айдың басында іске қосылады. Ол үшін алғашқы қаражат бөлінді. Ілкі жоба аясында Алматы қаласының әкімдігі бізге 3 млрд теңге бөлген болатын. Бүгінге дейін 98 алматылық отбасы осы 2 пайыздық ипотекамен үй алды. Бұған қоса жергілікті әкімдік 1 млн теңгеге дейін тұрғын үй сер­тификаттарын табыстады», – дейді банк басшысы.
Оның айтуынша, Алматы қаласы бойынша тағы 233 өтініш түсіпті. Өті­ніштердің бәрі де мақұлданған.
«Жылдық мөлшері 2%-дық үлкен республикалық бағдар­лама Қаржы министрлігінен «Тұрғынүй­жинақ­банкінің» есебіне қаржы түскен бойда, бір-екі апта аралығында-ақ басталып кетеді. Бұл істің мейлінше ашық жүруін қамтамасыз етеміз. Пәтер алушы адаммен келісім-шарт жасау кезінде ипотека иесінен аты-жөнін бағдарлама қатысушысы ретінде тізімге енгізуге келісім аламыз. Осының арқасында қай облыста кімнің 2 пайыздық ипотека алғанын бәрі көріп отырады», – деді банк төрайымы.
Ипотеканың шарттары мынадай: заемның жылдық мөлшерлемесі 2%; бастапқы жарна – 10%; ипотеканың ең жоғарғы сомасы – 15 миллион теңге.
Тұрғын үйді тек жаңа үйлерден ғана алуға болады. Толығырақ ақпаратпен арнайы портал арқылы танысуға болады. Өтінішті де сол жерде бере аласыз.

БИЗНЕСМЕНДЕР АЗ ҚАМТЫЛҒАНДАРҒА ҚОЛҰШЫН СОЗУДА

Өткен аптада мынадай видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарады: кәсіпкерлер Тимур Құлыбаев пен Кеңес Рақышев Алматыда аз қамтылғандар мен көпбалалы отба­сылары үшін толық жарақтанған тұрғын үй кешенінің құрылысын қаржыландырған.
Мұндай жаңалықтан соң елі­міздің түрлі өңірлерінен бизнестің әлеуметтік жауапкершілгінің мысалы туралы жарияланымдардың тізбек-тізбегі шұбырды. Әйтсе де, «алматылық жоба тек қана басқа пана беріп қоюымен ғана ерекшелен­бей­ді», дейді www.inbusiness.kz сайты­нан. Бұл мұқтаждарлың әлеуметтік бейімделуінің бүтіндей бір жүйесі көрінеді. «Пәтерлер жылы, жайлы, жылу тартылған, ыстық та, суық су да бар», – дейді Мәдениет шағын ауданындағы жаңа үйлерді көрсете жүріп, «Береке» қоғамдық қорының басшысы Бағдаш Сүлейменов.
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарымен жұмыс аталмыш қордың ежелден нық бағдарына айналған. Білікті басшы Бағдаштың еншісінде жүзеге асырылған он­даған жобалар бар: үйде зорлық-зомбылық көрудің құрбандарына психологиялық көмек көрсетуден бастап аз қамтылғандарды оқыту мен одан әрі жұмысқа орналастыруға дейін.
«Басында біз адрестік жолмен жәрдемдестік, адамдардың үйлеріне азық-түлік, көмір жеткізіп беріп, балаларына мектеп керек-жарақ­тарын тараттық. Кейін келе жүйелі шара­ларға көштік: оқыту және жұмыс іздестіру», – деп әңгімелейді басшы.
Қоғамдық қызмет жылдарында Бағдаш аз қамтылғандарды қолдау ең бастысы – басына пана, жылы тұрғын-жай, сенімді тұрақ болмай бәрі бекер екенін түсінді.
Осылайша арнайы тұрғын үй кешенін салу идеясы ойға келеді. Барша ауқымды істердегідей, бұл жобаның тағдырын да бір ғана оқиға шешіп кетті: қордың жұмысы мен жоспарлары жайлы белгілі кәсіпкерлер Тимур Құлыбаев пен Кеңес Рақышев естіп-біледі. Олар бірден құрылысқа қаржылай көмек көрсетуді ұсынады.

Нәтижесінде 2016 жылы меценаттар ақшасына бірінші төртқабатты 16 пәтерлі үйді тұр­ғызады. Жылы, кең көлемді бөлмелі, 34 және 62 шаршы метрден, барлық қажетті қатынастарымен. Сонымен бірге үйдің қасында, демалыс мәселелері мен мектепке дейінгі бүлдіршіндерге білім беруді бір-ақ шешкен, 120 орындық бала бақшасы да салынған. Бір жылдан соң екінші 17 пәтерлі үшқабатты үй пайда болды. Қазір үшінші бітуге таяу. Жоспар бойынша барлығы жеті үй тұрғызылмақ.

Қиыншылық бастарын қосып, үйлі болғандар

Жаңа пәтерлерде қоныстанған тұрғындардың бәрінде ортақ проблема, бірақ та тағдырлары сан-алуан. Үш баланың жалғызілікті анасы Хадия өз басынан өткен тарихын әңгімелей отырып, көзінің жасын жасыра алмады.
«Күйеуім жүрек ұстамасынан қай­тыс болғанда, оның туыстары менен теріс айналды, – деп еске алады ол. – Сөйтсек, біздің үйіміз құжат­тар бойынша күйеуіме емес, оның ағайын­­дарына тиесілі болып шықты. Сөйтіп, мен бәрінен құрқол қалдым. Арызданғанды суқаным сүймейді… Бірақ олармен бір шаңырақ астында бірге тұру аса ауыр тиді, сондықтан кетіп қалдым. Бастапқы уақытта бөлме жалдап тұрдым, сосын ақша жетпеуге айналды. Сөйтіп, көшеде қалдық… Кез­дейсоқ біз сияқтылар үшін арнайы пәтерлер бары туралы естідім. Соларға өтінішпен жүгініп едім, бізді бауырларына басты.
Жұмысты Хадия жақын маңнан табады, балаларын бала бақшаға береді. Әзірге тамаққа, киім-кешек пен коммуналдық көмекке жетіп тұр. Мұны ол өз бетімен және мер­зімінде төлеп отыр (бұл міндетті талап). Ол бү­гінде кішігірім телімін сатып алып, кейіннен сол жерде өзінің кішкентай салып алсам ғой деген арманымен өмір сүруде.
Оның көршісі Данияр Ахмет­жанов – үйдің спорттық мақтаны­шы. Ол көзінен мүгедек және де, қолындағы таяғымен ғана қозғалып, іс жүзінде көре алмайды, есесіне жүзу, күрес, армреслинг бойынша паралимпиадалық турнирлердегі жеңісі үшін ондаған медальдар мен грамоталар иеленген үздік. Даниярдың өз тұрғын үйі ешқашан болған емес, бүкіл өмірінде әйелімен және балаларымен ол жалдамалы бұрыштарды кезіп жүрген. Дәрігерлер оның үлкен ұлының көзіне операция жасау керек дегенде, отбасы көмек сұрап келіпті.
«Бізге осы пәтерде тұруға рұқсат берді, сол үшін біз өте ризамыз, – дейді Даниярдың жұбайы Айша. – Екеуіміз де мүгедектігімізге байланысты жәрдемақы аламыз, операция үшін аздап болса да жинағымыз келіп еді, бірақ ол өте қымбат, бір көзге миллион теңгеден төлеу керек екен. Қайырымды адамдар-кәсіпкерлер естіпті де, солар бізге ақшалай көмек көрсетті. Қазір жолға ақша жинап, кезегімізді күтудеміз. Мен өзім массаж жасауға оқып-үйренудемін, болашақта күйеуіммен бірге өзіміздің салонымызды ашып, мұқтаждарға көмектесетін боламыз».
Бүгінде салынып, пайдалануға берілген үйлерде 28 отбасы, негі­зінен көпбалалылар, тұрып жатыр. Пә­терлер қарапайым жарақ­танған, бірақ жиһаздан ең қажет­тілері – ас үй гарнитуры, шкаф пен санитарлық техникалар бар. Қал­ғанын тұрғындар өздері сатып алады. Ең бастысы, пәтерлер кең әрі жайлы.

«Масылдықты жою қажет»

2016 жылы, бірінші төртқабатты үй салынған кезде, «Береке» қорына өтініштер жауып кетті. Күніне 20-30 тілектер түсіп жатты, жаңа үйлерге қоныстанғысы келгендер тым көп еді. Бірақ Бағдаш Сүлейменов мұны бірден шешті, жаңа жоба – бұл тек қана тегін пәтерлер емес, масылдыққа жол беріп қоймай, «қармақ тастау» қағидасымен, толыққанды әлеуметтік бейімделу жүйесі.
«Біз халықаралық тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге талдау жасадық. Жобаның жүйелі орнығуы тиіс екенін түсіндік, – дейді Бағдаш. – Бұл пәтерлерде сіздер жайлы тұра аласыздар, мархабат, ешкім де қуып жатқан жоқ. Сонымен қатар жұмыс іздеуіңіз керек, машықтанбаған болсаңыз, оқуға тиіссіз. Сіз тәртіпті сақтап, коммуналдық қызмет үшін төлеп отыруға міндеттісіз. Мен масылдыққа мүмкіндік берілмеуі тиіс деп санаймын. Бізде жаңадан келген адамдар, үйлерін жалға беріп қойып, өздері бізге орналасуға ты­рысқан жайттар да кездесті. Әри­не, мұндайлардан біз арылдық. Егер бәрін бірдей қабылдай берсек, кімге жақсылық жасаған боламыз?».
Талап білдірушілерді «сұрыптау» айтарлықтай қатал. Бастапқыда мамандар өтініш білдіргендерге барып, өмір жағдайларын зерттейді, отбасымен, туыстарымен, көршілерімен әңгімелеседі. Бұдан әрі еріктілер қатарынан отбасылармен жұмыс істейтін, проблемаларды айқындап, тренингтер өткізетін, кеңес беретін психологтар тартылады. Сонымен бірге қор тұрғындарды оқыту курстарына орналастырып, мамандығы барлар мен машықтанғандарды – жекеменшік фирмаларға жұмысқа орналастырады.
«Әзірге, бізде тұрған адамдардың ең ұзақ мерзімі екі жыл, – деп жал­ғас­­тырады Бағдаш. – Жағымды мы­салдарымыз да бар, кезінде туыстары бес балалы әйелді әуелі қуып шығады да, сосын бір жылдан соң келісімге келіп, тұрғын үйді балаларға жазады да, олар үйлеріне қайтып оралады. Мемлекеттік бағ­дарлама бойынша пәтерге кезегі жеткен отбасы да бар, бірақ олар жарнасын төлеу мен кіруіне дейін тағы біраз уақыт сұрап отыр.

Табысты тәжірибе – аймақтарға

Жобаның басталғанына төрт жыл болған. Осы уақытта оның ұйым­дас­тырушылары өз күштерін саралап үлгерді және бұдан әрі қарай жылжуға даяр екендеріне де көздері жеткен. Қазір аталмыш учаскеде 12 пәтерлік үшінші тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бірінші қабатында – аз қамтылғандар өздері үшін тың ма­мандықтарға оқу мақса­тында, іс жүзінде отбастарынан және балалары тәрбиесінен ажырамай-ақ, оқи алатын – оқыту орталығын орналастыру жоспарланған.
Алматыдағы тұрғын үй кешенінде барлығы жеті үй салынбақ, мұнда 88 әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар орналастырылады. Жаңа тұрғын үй құрылысын да кәсіпкерлер қаржыландырмақ. Жуырда Тимур Құлыбаев пен Кеңес Рақышев жоба нысанында болып, тұрғындармен жүздескен, жоспарларды талқылады.
Айта кету керек, ең бастысы, бизнес пен қоғамдастық өкілдері мынаған келіскен – табысты тәжі­рибе кеңінен таратылсын. Сол жерде-ақ демеушілік қаражатқа әлеу­меттік тұрғын үйлер салынатын тағы үш қосымша аймақ: Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары белгіленді.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру