Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Салауатты ұлт болуға ұмтылыс зор

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдері және Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы қаралды.

Үкімет үйіндегі жиын кезінде қызметіне жаңа кіріскен министрлер: білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, сондай-ақ мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан заңдарын қатаң ұстанып, ел игілігіне қызмет ету жөнінде ант етті.
Қазақстанда медициналық кө­мек көрсетудің қандай тәсілдері қажет? Қазірде Елбасы тапсырмасы бойын­ша тегін медициналық көмек­тің кепілдендірілген көлемінің (ТМККК) жаңа үлгісі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі медицина­лық көмек пакеті әзірленді. Олар 2020 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енеді. Бұл жұмыс БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына сәйкес жүргізілді. Жалпы танылған әлемдік денсаулық сақтау стандарттары денсаулыққа байланысты қаржылық тәуекелдерден қорғауды, сондай-ақ созылмалы инфекциялық емес ауруларды басқаруды қамтамасыз ететін медициналық-санитарлық қызметтермен жаппай қамтуды айқындады. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бюджеттік шығындардың жыл сайын ұлғаюына қарамастан, тегін медициналық көмекті қаржыландырудың қазіргі деңгейі халықтың медициналық көмекке өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз ете алмай жатыр. Мысалы, министрліктің бағалауынша тегін медициналық көмекті қаржылық қамтамасыз ету тапшылығы тек 2017 жылы 363 млрд теңгені құраған. «Соның салдарынан бұл бағыттағы шығын 2017 жылы денсаулық сақ­таудың жалпы шығыстарының 42 пайызына (678 млрд теңге) жетті. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған шекті деңгейден екі есе жоғары», – деді Е.Біртанов.
Осы мәселелерді ескере отырып, халықты медициналық қамта­масыз етудің үш деңгейлі жүйесі әзірленген. Оның бірінші деңгейі еліміздің барлық азаматтарына, оралмандар мен тұрақты тұра­тын шетелдіктерге мемлекеттік бюджет­тің есебінен ТМККК ұсынуды қамтамасыз етеді. Бұл пакет тегін медициналық көмектің тіркелген жері бойынша медициналық-сани­тариялық алғашқы көмектің жедел көмек, санитариялық авиация және шұғыл стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік мәні бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрі тәрізді түрлерін қамтиды. Екінші деңгейі – сақтандырылған халық үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті, ол тегін медициналық көмекпен қоса, аурулардың кең спектрі бойынша консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, стационарды алмастыратын көмекті, оңалту және қалпына келтіру емін қамтитын болады. Үшінші деңгей – ТМККК және МӘМС жүйесінің пакеттеріне кірмейтін медицина­лық қызметтер ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру есебі­нен ұсынылады. «Бекітуге ұсыныла­тын медициналық көмек пакеттерін қолдауды және 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін тұрақты енгізу үшін барлық қажетті шараларды іске асыруды қолдауыңызды сұраймын», – деді министр.
Үкімет басшысы өңірлер әкімде­ріне медициналық ұйымдарды ком­пью­тер­лермен, үзіліссіз интер­нет­пен және ақпараттық жүйе­лер­мен жарақтандыру бойынша мә­се­ле­лерді шешуді тапсырды. Бұл бағытта Атырау, Маңғыстау, Павло­дар облыстарында жұмыс сапалы ұйымдас­тырылған. Сонымен бірге азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды арттыруға жекелеген көңіл бөлу тапсырылды. Ол үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды формализациялау бойынша жұмыстарды аяқтап, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС бойынша ақпараттандыру деңгейін көтеру қажет. «Әрбір азамат мемлекет тарапынан кепілдік ретінде қандай медициналық көмектің тегін көрсетілетінін нақты білуі тиіс», – деді А.Мамин.
Отырыста Ұлттық бірыңғай тес­­ті­леуді өткізуге дайындық жайын баяндаған білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің хабарлауынша, биыл да ҰБТ форматы өзгермеген. «Биылғы 20-30 маусым аралығында ҰБТ 169 пунктте өткізіледі. Оған жалпы саны 117 242 адам қатысады, соның ішінде биылғы мектеп бітірушілер 96 380 немесе түлектердің жалпы санынан 71,6%, 20 862 – өткен жылдардағы мектептер мен колледждердің тү­лектері», – деді сала министрі.
Сонымен қатар ол ҰБТ-ны жетіл­діру бағытында қабылданған шаралар жөнінде айтты. Атап айтқанда, биылдан бастап ҰБТ ақылы негізде оқуға түскісі келетіндер үшін жылына 4 рет өткізіледі. Бұл мектеп оқушыларының психологиялық қысымын төмендетіп, маусымда өтетін ҰБТ-ға әзірленулеріне мүм­кіндік берді. Екіншіден, өз бейіні бой­ынша ақылы оқуға түсетін колледж түлектері ҰБТ тапсырудан босатылады. Үшіншіден, халықаралық сертификаттары бар және шет тілін білетіні расталған тұлғалар шет тілі пәні бойынша тестілеуден босатылып, оларға автоматты түрде ең жоғары – 40 балл беріледі. Төртіншіден, әрбір түлекке ҰБТ сертификатымен бірге ақпараттық парақ беріледі. Онда білім беру бағдарламалары тобының тізімі, биыл бөлінген гранттар саны, өткен жылғы конкурс нәтижелері көрсетіледі. Бұл да түлекке өзінің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына ықпал етеді. Бесіншіден, биыл білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша беріледі. ЖОО-ға алынған кезде оқуға түсуші одан әрі оқуы үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды.
Талқылауды түйіндеген Премьер-министр, өңірлердің әкімдері­не оқушылардың ҰБТ-ға қатысуын ұйым­дастыру мәселесін бақылау­ға алуды, сондай-ақ мемлекеттік ор­гандарға ҰБТ қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабыл­дауды тапсырды.

Ботагөз Әбдірейқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру