Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

Гранттық қаржыға құс өсіретіндер көп

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа әлеуметтік жобасы шеңберінде Ақ Жайық өңірінде БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, соның ішінде несие және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға жәрдемдесу мақсатында «Отбасы Бизнес» жобасын жүзеге асыруда.

Жобаның мақсаты – аз қам­тылған және көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, бағдарлама аясында несие және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алып өз ісін ашуға жәрдемдесу.
– Жақында Тасқала ауданында өткен арнайы шарада бұл жобаның тұсауы кесілді. Онда жергілікті кәсіпкерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына құс шаруашылығын дамытуға демеушілік жасады, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз гранттар мен несиелер алған азаматтарға сертификаттар табыс етілді және өзге де шаралар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, жоба бойынша арнайы бейнероликтер жасақталып, жергілікті телеарналарда, ғалам­тор желілерінде, адам көп шоғыр­ланған жерлерге кеңінен таратылып, аталмыш жобаны халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Самал Темірова.
Жобаны жүзеге асыру барысында 1200-ден астам аз қамтылған және көп балалы отбасыға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өз ісін ашу мақсатында несие және мемлекеттік гранттар алу тетіктері жайында кеңестер беру, 200-ден аса аз қамтылған және көп балалы отбасыны «Бизнес-Бастау» аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, осы санаттағы 200-ден астам адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар және несиелер беру жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, «Жап­пай кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­ламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқу курстарын аяқтаған және бұдан басқа мемлекеттік бағдарлама­лармен қаржылай қолдау алмаған бағдарламаға қатысушылар, аз қамтылған, көп балалы отбасылары, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жастар (қоныс аударушылар, оралмандар) мемлекеттік грантты алуға үміткер болады. Грант қаржысы еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, мал, құс сатып алуға пайдаланылады. Көрсетілген са­нат­тағы азаматтар тұрғылықты жері бойын­ша халықты жұмыспен қамту орталығына немесе «Атамекен» кә­сіп­керлер палатасына жолы­ғып, жаңа бизнес идеяларды іске асы­ру­ға гранттық қаржы алуға ниет білдіреді.

2019 жылы 543 адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік гранттар беру жоспарланған. Ал, әзірге қала, ауыл-аудандарды қоса алғанда әр сала бойынша 49 адамға грант берілген. Олардың ішінде 14-і аз қамтылған отбасы, алтауы көп балалы отбасыдан, төртеуі мүмкіндігі шектеулі азамат, тоғызы – жастар, жетеуі жұмыссыз, тоғызы өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар санатынан.
Грант иегерлерінің басым көп­ші­лігі құс (үйрек-қаз, күркетауық) өсіруді, тігін шеберханасын, шаштараз ашуды мақсат тұтқан. Сонымен қатар ауыл-аудандарда темір қоршау жасауды, ұсақ жандық өсіруді қолға алғысы келетіндер баршылық. Әлеуметтік жоба әрі қарай жалғасады.

Жанна ИМАНҒАЗИЕВА,
Бөрлі ауданындағы
Ақсай қаласынан, жас кәсіпкер:

– Екі кішкентайымды бағып, үйде отырған анамын. Қолым тигенде тәтті нанның түрлерін пісіріп сатып, отбасылық бюджетімізге кіріс кіргіземін. «Отбасы бизнес» жобасы аясында 252500 теңге көлемінде гранттық қаржы алып, осы қаржыға асүйлік комбайн, торт пісіруге қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Ендігі кезекте элетр пешін сатып алсам, қолым ұзармақ. Жақында Оралға өз қаржымның есебінен торт пісіруге үйрететін шеберлік сабақтарына қатысып, торттың жаңадан бес түрін пісіруді үйреніп қайттым. Тапсырыс берушілердің көңілінен шығу үшін үнемі ізденуім керек. Пирог, торттардың түрлерін жасап, әлеуметтік желілер арқылы тұтынушыларға ұсынудамын. Мем­ле­кеттік грант кәсіпкерлігімді дамы­туға септігін тигізбек. Осындай бағдар­ламаның, жобаның барына шын көңіл­ден рақмет айтамын.

Ербол АЯПОВ,
Қазталов ауданының тұрғыны,
жас кәсіпкер:

– Жұмыссыз болғандықтан азын-аулақ малымды өсіріп, күнөлітіске жаратамын. Зайыбым ауылда кітап­ханашы болып істейді, бір баламыз бар. Биыл «Отбасы бизнес» жобасы шеңберінде гранттық қаржы бері­летінін естіп, құжаттарымды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімшесі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жинап, өткіздім. Құдай сәтін салып, жолым болды, 252500 теңге гранттық қаржыға қолым жетті. Ауыл-ауданда тоқты 20 мың теңге, саулық 25-30 мың теңге тұрады. Бұл қаржыға ұсақ мал, соның ішінде қой сатып алғым келеді. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, екі-үш жыл қойды тимей өсірер болсам, пайдасын көрермін деп отырмын. Елімізде мен секілді ісін жаңадан бастайтын жас адамдарға мемлекеттің тарапынан осындай тегін қаржылай қолдау-көмектің бары қуантады.

Нұрәлі БИҒАЛИЕВ,
Сырым ауданы Жосалы
ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер:

– Былтыр «Бизнес-Бастау» жобасы аясында Жымпиты ауылында кәсіпкерлікке бір ай оқып, сертификат алғанмын. Бұрын көлік жүргізу­шісі болдым, қазір жұмыссызбын. Отбасындағы азын-аулақ малға қараймын. Биыл «Отбасы бизнес» жо­басы шеңберінде мемлекеттік грант (252500 теңге) алдым. Маусымның басында аудан оратлығында жәрмеңке өтіп, Оралдан құс сатушылар келді. Сонда гранттық қаржыма жобам бойынша 100 қаз, 40 үйрек сатып алдым. Қазір сол үй құстарын өсірудемін. Жемін, дәрумендерін қаладан алдыртамын. Биыл құс өсіріп, қаншалықты пайдасы барын байқап көрмекпін. Кәсіпкерлікке тегін оқытып, мемлекет қазынасы есебінен қайтарымсыз қаржы беріп, кәсіпкер бол деп қол­тығымнан демеген мемлекетімізге алғыстан басқа айтарым жоқ.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру