Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Ашыққаннан құныққан жаман

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа мемлекет пен қоғам біріге отырып қарсы күресу керектігін әрдайым қадап айтып, әр сөзінде, халыққа Жолдауларында осы өзекті мәселені үнемі назарда ұстап айтқан болатын. «Сыбайлас жемқорлық – жай ғана құқықбұзушылық емес. Ол мемлекеттің сенімді тұтастығын ажыратып, ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін» ескерткен болатын.

«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақа­ласында Тұңғыш Президентіміз ел азаматтарын, халқымызды осыған шақырады. Тәуелсіздігіміздің ал­ғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің ішкі саясаттағы басты бағдарының бірі болып қалыптасты. Қазақстанда ТМД елдерінің арасында алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» күрес туралы заң қабылданды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы орган құрылды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу – қоғамның және әр азаматтың ортақ ісі болып саналады. Қоғамның келеңсіз құбылысымен күрес ортақ міндеті екенін әр қазақстандық, әр отбасы түсінуі керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы кезекте қолға алынуы тиіс бағдарлардың атын атап, түсін түстеп, оларды шешу керектігін атап өткен болатын. Соның бірі бүгінгі нарық заманының ең ауыр індеті де, ең ауыр аты атанған – жемқорлық. Осыған байланысты Қ.Тоқаев: «Жемқорлық мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жалғастырамыз. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен өсім бізге не үшін қажет? Терең түсінуіміз қажет. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деп атап өтті.
Қанша жерден күрессек те жаман нәрсені түп тамырымен жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан қоға­мымызда келеңсіз оқиғалар орын алып тұрады. Мемлекеттік меке­мелердің бірі – аурухана. Онда адамдар ауырған жерін қаратуға, еміне шипа табу үшін барады. Ауыра көрмеңіз. Ауыра қалсаңыз дәрігерге қаралып шығудың өзі қияметқайым. Бітпейтін құжаттармен жүріп ит сілікпеңіз шығады. Әрі-беріден соң өзіңіз шаршайсыз. Анализ тапсыру үшін кезек, қан қысымыңызды өлшету үшін кезек, тағы бір нәрсе үшін кезек. Әйтеуір бітпейтін кезектер. Дәрігерге жеткенше жүйкеңіз жұқарып бітеді. Кей медбикелер кезексіз өткізу үшін аздап ақша алатын көрінеді. Бірақ параның аз, көбі болмайды. Қандай мөлшерде ақша алсын, ол – пара болып есептеледі. Уақыттарын сарп еткісі келмейтін жандар пара беруге мәжбүр. Өйткені қазір ешкімнің артық уақыты жоқ. Нарық заманы сіздің жайбасарлығыңызды күтпейді. Заман күн сайын өзгеріп жатыр. Жұмыр жерде ғұмыр кешкен әр пенде заманның ағымынан қалмай өмір сүруге тырысады. Сол үшін талпынады. Тазалыққа жауап беретін санэпидстанция қызметкерлері де пара алуға үйір. Жұмыстарында шикілік бар әр мекеме оларға параны айтқызбай береді. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей, оңай олжаны кім жаман көрсін. Бір жыртығымды болсын жамап алармын деген жаман ниетпен ұсынған ақшаны қалталарына сүңгітіп жібереді. Пара алатын тағы бір мамандық иелерінің бірі – Маи қызметкерлері. Бұны екінің бірі біледі. Олар ақшаны ала таяқтың артында тұрып, жүргізушілерден ананы бір, мынаны бір сылтаулатып алады. Маи дегенің қазір екінші құдай. Тоқтатқан машинасынан бір нәрсе алып қалмаса ішкендері ас болмайды. Жүргізушілер де оларды жаман үйретіп болған. Тоқтата қалса ақша қыстыруды әдетке айналдырған. Олардың құныққаны соншалық, параны ашық түрде сұрауға көшкен. Атам қазақ: «Ашыққаннан құныққан жаман» демеп пе еді? Бұл сөзді олар естен шығарған. Білсе де үйреншікті тірлігін жасауға әдеттеніп кеткен.
Қазақстан – көпұлтты, болаша­ғына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр, талай сын кезеңдерден өтуге тура келеді және сапалы нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Міне, сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық жерде бірігіп күрессек өз нәтижесін беретіні анық. Сонда ғана мемлекетіміз барлық жағынан өркендейтін болады. Мемлекетміздің болашағы жарқын болатынына кәміл сенеміз.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру