Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

ХАЛЫҚ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

Елордада, Тәуелсіздік сарайында еліміздің жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. 9 маусымда кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбі күні Ұлықтау рәсімі барысында Қазақстан халқына ант беріп, мемлекет басшысы қызметіне кірісті. Еліміз Конституциясының 40-бабына сәйкес, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға, мемлекет басшысы – республиканың президенті халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамзат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Республика президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуі және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершлігін қамтамасыз етеді.

Ұлықтау рәсімінің ашылуы Мемлекеттік ту, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік штандарты мен Конституцияны алып шығумен басталды. Салтанатты рәсімге Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық кеңес мүшелерi, Жоғарғы сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім залында жаңадан сайланған республика президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Прези­дентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», – деп халыққа ант беріп, Мемлекеттік туды сүйді.
Қазақстанның мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы­ның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.
Ұлықтау рәсіміндегі өз сө­зінде: «Маған қолдау көрсеткен қазақ­стандықтарға алғысымды білдіремін. Барлық саяси күш қатысқан әділ дода болды. Сайлау демократиялы түрде әділ өтті. Бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі. Біз бір ел болып, халық болып Қазақстанның даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі маңызды. Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің парызым. Ашық және әділ жұмыс істеймін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Халқымыздың болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз», – деді Қ.Тоқаев.
Салтанатты шарадан кейін Президент еліміздегі өзекті мәсе­лелерге қатысты атқарылатын шаралар туралы айтып берді. «Менің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарым – бұл үлкен міндеттің алдындағы халықпен кеңесу бол­ды. 2019 жылдың 13 мамырында #BIRGE жалпыхалықтық акциясы басталды. Оның басты мақсаты – ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді анықтау. Қазақстанның барлық аймақтарынан түрлі ұсы­ныстар жиналды. Бүгінге дейін 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түсті. Енді біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Мемлекет бас­шысы #BIRGE акциясына қа­тысып, азаматтық белсенділік танытқан барша халыққа шын жүректен алғысын айтты. Өзекті мәселелерді шешу жолындағы он маңызды бағытқа тоқталды.
Бірінші бағыт – халықтың та­бысын арттыру. Бұл мәселені тұрақты және қарқынды эконо­микалық өсім арқылы ғана шешуге болады. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Осы ретте таяу күндері еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттер айқындалатын болады.
Екінші – сыбайлас жемқор­лықты жою. Қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін бұл құбылыс деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған рефор­малар топтамасы дайын­далып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізіледі.
Үшінші – сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу.
Мемлекет басшысы төртінші маңызды бағыт – жаңа жұмыс орындарын ашу мен халықты лайықты жалақымен қамту екенін атап өтті. «Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюд­жеттің қаражатын ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет», – деді Қ.Тоқаев.
Бесінші – тұрғын үй мәселе­сін шешу. «Түрлі санаттағы аза­маттардың қолжетімді баспа­наға ие болуына айрықша назар аударамын.Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабыл­дайды», – деді Мемлекет басшысы.
Алтыншы – әділетті әлеуметтік саясат. «Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету… Міне осы мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар, – деді Президент. – Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті мүмкіндіктер жасаймыз».

Жетінші – өңірлерді дамытудың жаңа бағдары. «Біздің қағидамыз: Қуатты аймақтар – Қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі бас­қару жүйесін нығайтамыз. Аймақ­тағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады», – деді Қ.Тоқаев.
Сегізінші – «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқы­мыздың бірлігін және ұлтымыздың жасам­паз­дығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақ­станды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан рухани жаңғыру бағдар­ламасын жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.
Тоғызыншы – сыртқы саясат. Қазақстан – әлемдік қауымдастықта ашық, бейбітшіліксүйгіш сыртқы саясатымен, халықаралық қатынастарда сенімді және жауапты серіктес ретінде танылып, жоғары беделге ие болған ел. Еліміз сыртқы саясатта сындарлы, теңдестірілген, көпвекторлы бағытты жалғастыратын болады. Сыртқы саяси қызмет елімізге, ұлттық бизнеске, әрбір азаматқа нақты пайда әкелуі тиіс.
Оныншы – жастар Қазақстанның дамуында шешуші рөл атқаруы, прогресстің қозғаушы күші болуы тиіс. «Елбасы 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы қолға алынды. «Жас кәсіпкер» атты жастардың бизнес-бастамаларын дамыту бағ­дарламасын жүзеге асырамыз, жастар стартаптарын қолдайтын боламыз. Жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламасын іске қосамыз. Менің міндетім – сіздер өздеріңіздің ең үлкен армандарыңызды іске асыруыңыз және жеке «табыс тарихыңызды» жасауыңыз үшін барлық мүмкіндікті жасау», – деді Мемлекет басшысы.
«Алдымызда ауқымды жалпы­халықтық міндеттер тұр. Мақсатымыз – айқын, жолымыз – ашық! Біз ал­ды­мыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсереміз. Біз қуатты әрі гүл­денген Қазақстанның өркендеуі үшін бірге еңбек етеміз. Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдын­дағы парызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін», – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақорда резиденциясында Қазақ­стан Республикасы Президенті сай­лауының қорытындылары бойынша отандық және шетелдік журналистер үшін өткен баспасөз конференциясында Мемлекет басшысы сайлау үдерісін бақылауға 1000-нан астам халықаралық миссияның өкілдері, сондай-ақ 40-тан астам елден келген 350-ге жуық журналист қатысқанын айтты.
Баспасөз конференциясына 66, соның ішінде 22 шетелдік бұқа­ралық ақпарат құралдарының атынан 107 тілші қатысты. Мемлекет бас­шысының тығыз жұмыс кестесіне қарамастан журналистермен кездесу 1 сағаттан аса уақытқа созылды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен президент сайлауына, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатына қатысты 30-ға жуық сұрақ қойылды. Сонымен қатар, Президент Сирия қақтығысы, Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен қарым-қатынас туралы пікірін білдірді. Сондай-ақ баспасөз конференциясында қазақстандықтарды мазалап жүрген билік транзиті, әлеуметтік желілердің бұғатталуы, жемқорлық, АЭС құрылысы, халықты әлеуметтік қорғау, Парламент сайлауы мен Үкіметтің отставкасы, осы сайлаудағы бәсекелестердің платформалары мен ұсыныстарына құлақ асу мәселелері туралы да айтылды. Мемлекет басшысы жеке мәселелерге байланысты да бірқатар сауалға жауап берді.
Соңында Қазақстан Президенті сайлау үдерісін жариялап көрсе­туге және оның ашық өтуін қамта­масыз етуге қосқан үлесі үшін журна­листердің бәріне ризашылық білдіріп, осындай кездесулердің дәстүрге айналатынын айтты.
Айта кетейік, Орталық сайлау ко­миссиясы шығарған қорытындыға сәйкес, 9 маусымдағы кезектен тыс президенттік сайлауда канди­дат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушы­лардың 70,96 процент дауысын (сайлаушылардың 6 539 715 дауысы) алып, жеңіске жеткен болатын. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің ант беру күнін 12 маусымға белгілеу туралы арнайы қаулы қабылдады.

Олжас Сүлейменов,
ақын, қоғам қайраткері:

– Ел президентін сайлау – мемлекеттің болашағын айқындайтын күн. Сондықтан сайлауға қатысып, еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі маңызды. Мен де ол күні өз таңдауымды жасадым. Отбасыммен бірге Алматы қаласында дауыс бердім.
Еліміздің саяси өміріндегі осынау маңызды оқиға сайлау өткізу тарихында рекордтық деңгейде шетелдік байқаушылардың қатысуымен өтті. Халықаралық бақылаушылар кезектен тыс президенттік сайлаудың әділ, сәтті өткендігін атап өтуде. Иә, сайлау науқаны да, нәтижесі де осыны көрсетті.Сайлаудың нәтижесінде жеңіске жеткен беделді де тәжірибелі саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқына ант беріп, мемлекет басшысы қызметіне кірісті. Президенттің ұлықтау рәсіміндегі сөйлеген сөзі елімізге ашық аспан, халқымызға жарқын болашақ және әрдайым жақсы көңіл-күй сыйлайтын сенім ұялатты көңілдерге.

Рүстем Әбдірәшев,
кинорежиссер:

– Еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға – кезектен тыс президент сайлауының үдерісін бақылауға қатысқан халықаралық байқаушылар оның әділ, ашық өткендігін атап өтуде. Бұл сайлау қорытындысын Тоқаевқа саясаткер ретінде берілген қоғамдық мандат деп есептеуге толық негіз бар. Жаңадан сайланған Президенттің ұлықтау рәсімінде айтқан халықтың табысын арттыру, әділетті әлеуметтік саясат, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалғасатыны туралы сөзі көңілден шықты. Зиялы отбасынан шыққан адамның мемлекеттік билікке келуінен өнер өлкесінің өкілдері үлкен үміт күтеді. Елімізде жүріп жатқан бар саладағы жаңғыруға рухани сала қайраткерлерінің қосар үлесін жақсы түсінеді деп сенім білдіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев – ең беделді де тәжірибелі, ықпалды саясаткерлердің бірі. Ол елімізде сыртқы саяси бағыттың сабақтастығы сақталып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастаған барлық реформалар жалғасатынына сенім білдірді. Ұлықтау рәсімінде «Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым», – деп айтқанындай, халқымыздың кешегі сайлауда өзіне артқан үмітін ақтайды деп сенеміз.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру