Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Оң қарқын сақталып тұр

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында биылғы қаңтар-мамыр аралығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов биылғы қаңтар-мамыр аралығында ІЖӨ оң қарқыны сақталғанын – өсім 4%-ті құрағанын айтты. «Инвестициялардың динамикасы ІЖӨ өсім қарқынынан жоғары. Осы жылдың 4 айындағы 6,7%-ке қарағанда, өсім 7,8%-ке дейін артты. Ауыл шаруашылығында және құрылыс саласында инвестициялар 1,5 есе, өнеркәсіпте 17,5%-ке өсті», – деді ҰЭМ басшысы. Өнеркәсіптік өндіріс биылғы қаңтар-мамыр айларында 2%-ке артты. Құрылыс саласындағы жұмыстар екпін алып, 5 айдың ішінде өсім 8,8%-ке жетті. Өнеркәсіптік объектілерді, автокөлік жолдарын, газ құбырларын салу, сондай-ақ ірі зауыттардағы құрылыс-монтаждау жұмыстары ұлғайды. Ауыл шаруашылығында да тұрақты өсім байқалады. Өндіріс көлемі 3,7%-ке артты. Қызмет көрсету саласында жеделдеу байқалып, есепті кезеңде қаңтар-сәуір айларындағы 4,2%-ке қарағанда 4,7%-ке өсті. Аталған сектордың барлық салаларында динамиканың жеделдей түскендігі аңғарылуда. Қызметтер сегментінде – сауда ең жоғары өсімді көрсетеді. Сатылымдар көлемі 5 айда 7,5%-ке ұлғайды. Бұл негізінен автокөлік құралдарын, автобөлшектерді және мұнай өнімдерін сату көлемінің артуымен байланысты. Көлік саласында 5,3%-ке дейін жеделдеу тіркелген.
Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев өткен мамырда айлық инфляцияның 0,6% құрағанын атап өтті. Инфляция жылдық көрсеткіште – 5,3%. Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес, инфляция 2019-2020 жылдарға белгіленген 4-6% нақтыланған мақсатты дәліз шегінде сақталады. Теңгенің айырбас бағамы өткен жылдың соңындағы деңгейде сақталды.
Отырыста Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә.Смайылов ағымдағы жылдың 5 айындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындыларын баяндады. Қаржы министрлігінің деректеріне қарағанда, 5 айдың қорытындысы бойынша бюджеттің барлық деңгейлерінде кірістердің өсуі байқалады: мемлекеттік бюджетте – 115%, республикалық бюджетте – 119% және жергілікті бюджетте – 106%. Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 3,8 трлн теңге сомасында табыс түсіп, бұл жоспардың 105,4%-ін құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, бюджет табыстары 510 млрд теңгеге артты. Жоспар 2,7%-ке немесе 73 млрд теңгеге асыра орындалды.
Ә.Смайылов орталық және жер­гілікті органдар тарапынан мем­лекеттік сатып алулар рәсімдерін уа­қытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік аудит және камералық бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Министр 5 айда 1 462 аудиторлық іс-шара өткізілгенін, аудитпен 292 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылғанын айтты. Бұл ретте 48 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталған. Тауарларды жеткізу, қызмет көрсету және жұмыстарды орындау арқылы жалпы 39 млрд теңге сомасына қаражаттар өтелген. Аудит объектілеріне қызметті жетілдіру және тиімділікті арттыру бойынша 1 170 ұсыным беріліп, олардың 669-ы орындалды. Қалғандарына қатысты жұмыстар қазір жүргізілу үстінде. Сонымен қатар 4,5 трлн теңге сомасына камералық бақылаумен 676 мың мемлекеттік сатып алулар қамтылды. Тексерулердің нәтижесінде 261 млрд теңге сомасына 13 593 рәсім бойынша мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылықтар анықталған. Аудит объектілеріне бұзушылықтарды жою туралы 13 478 хабарлама жіберілді. Соның нәтижесінде, 215 млрд теңге сомасына бұзушылықтарға жол берілмеді. Олар конкурстардың қорытындыларының шешімдерін болдырмау және конкурс құжаттамасына өзгерістер енгізу арқылы шешілді.
Жиында қаралған тақырып бойынша сондай-ақ бірқатар салалық министрліктер басшыларының және өңірлер әкімдерінің есептері тыңдалды.
Үкімет басшысы өңірлер әкімдеріне құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғын үйді пайдалануға беру салаларында көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтуді тапсырды. Биылғы мамырда айлық инфляция 0,6% құрады. Осылайша жыл басынан бері инфляция 2,4% болды. А.Мамин белгіленген дәлізге (4–6%) сәйкестігіне қарамастан, бірқатар өңірлерде ауыл шаруашылығы тауарларына бағаның өсуі байқалғанын айтты. «Қазір жеміс-жидек пен көкөністердің көп уақыты, сондықтан бағалар арзандауы керек. Әкімдер әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау бойынша нақты шаралар қа­былдасын», – деді Үкімет басшысы.
Республикалық бюджеттің орын­далуы бойынша конкурстық рәсім­дерді уақытылы өткізу бойынша күшейтілген жұмыстарды жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Бұл бюджет қаражатын игеру бойынша тәуе­келдерді жоюға мүмкіндік береді.
Мәселені қорытындылай келе, А.Мамин Елбасының страте­гиялық бағдарын және Мемлекет басшысының сайлауалды бағ­дарламасын толығымен жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл – экономиканың, инфра­құрылымның тұрақты дамуы, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау мәселесін жақ­сарту арқылы халық­тың табысын және тұрмыс сапасын арттыру. Президенттің сайлауалды тұғыр­намасының стратегиялық міндеттерін тиімді жүзеге асырудың арқасында әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік жасалады. Нәтижелі жұмыспен қамту – экономиканың дамуымен, тұрғындардың табысын арттырумен, бәсекелі өндірістердің ашылуымен тікелей байланысты мәселе. Осы ретте барлық әкімдер мен мемлекеттік органдардың басшылары инвестициялар тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына барынша көңіл бөліп, бұл жұмыстарды үздіксіз жүргізулері қажет.

Ботагөз Әбдірейқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру