Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

Сыйластық сыбайластықпен өлшенбейді…

Жемқорлық қоғамның барлық салаларын қамтып отыр. Экономика саласында жемқорлық көлеңкелі экономиканың болуына, нарықтық бәсекенің тетіктерін бұзуға әкеп соқтырса, саяси салада саяси бәсекелестікті қауқарсыз етеді, ал мемлекеттік-құқықтық салада қоғамдық мемлекеттік басқарудың негізін құртады. Бұның салдарынан ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, қоғамның дамуына кедергісін келтіреді. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты жолдауында сыбайлас жемқорлықтың себептерін ашу, оларды жою бойынша жұмыстарды күшейту керектігін атап өткен болатын.

Сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық саласына, атап айтқанда саясатқа, экономикаға, әлеуметтік салаға көлеңкесін түсіреді. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық қиын күрделі мәселе болып отырғаны анық. Себебі, қоғамның бұл кесел дерті өте жұқпалы болып келеді. Тіпті біз қазір балаларға мектеп жасынан бастап пара беруді үйретіп жатқан секілдіміз. Жасөспірімдердің көбісі ақшаға сеніп кеткен, ҰБТ-дан ақшамен өтемін ғой деп ойлайтындардың да қарасы көбейген. Ұстаздарымыз да пара алуға дағдыланып алған. Әрине бәрі емес, дегенмен ондайлар бар. Оларға мемлекет істеген қызметтеріне сай ай сайын жалақысын төлеп отыр емес пе?! Ақшаны әр адам өз маңдай терімен еңбектеніп табуы тиіс. Пара алу барып тұрған ең сорақы іс. Жол ақылары өздеріне жетпей, үйден жіберген ақшамен әзер күнелтіп жүрген аш студенттерді тонағанда не пайда таппақ? Пара алу – мәдениетті түрде тонау. Кейбір оқу орындарында сынақ кітапшасының арасына ақша қыстырмаса, жақсы баға қоймайтын оқытушылар бар екен. Әр ақшаға әртүрлі баға қойып дағдыланған кейбір мұғалімдер пара алуға еті үйреніп кеткендігін көрсетіп жүр. Кімнің төмен баға алғысы келеді. Бес алу мақсатында студенттер көбірек ақшасын беруге мәжбүр болады.
Елімізде пара алу мен пара беруге қарсы заң бар, бірақ көпшілігі ол заңға мән беріп қарап жатпайды. «Бармақ басты, көз қысты» әлі де болса бар. Өкінішке орай, өз қыз­меттерін асыра пайдаланып қаржыға кенелуді көздейтіндер қоға­мымызда әлі күнге шейін табылып жатады. Басқа адам ол ақшаны қалай тауып жатқандығына бастарын ауыртпайды. Ал мемлекеттің ақшасы сіз бен біз секілді қарапайым адамдардың төлеген салығынан құралатынын естен шығармайық.
Бүгінгі сыбайлас жемқорлық тек өз өкілеттігін теріс пайдалану арқылы жеке пайда табу ғана емес, ол сонымен қатар әлемдік жаһандық үрдістер жағдайында экономикалық тәуекелдің және құлдыраудың бастауы болып отыр. Әділетсіздік барда, қоғамның өсіп өркендемейтіні белгілі.
Қазақстандық мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тиімділігін көтермелеу үшін құқықтық, саяси, қаржылық, ақпараттық сипаттағы кешенді іс-шараларды іске асыру қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жемқорлықтың туындауына әкеп соқтыратын факторлармен күресуді қамтуы керек. Сонда ғана Қазақстан мемлекеті жемқорлықсыз мемлекетке айналып, экономикалық және барлық салада гүлденетін болады.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру