Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

Аграршыға арналған несие

Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында елімізде «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқандығы мәлім. Жұртшылықты бизнеске баулу және өнімді еңбекпен қамту аясындағы қаржыландыру тетігі ауыл кәсіпкерлері үшін елеулі көмек көзіне айналып отыр.

«ҚазАгро» ұлттық холдингі нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде ауыл кәсіпкерлігін қаржыландырудың басталғаны туралы хабарлады.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының мақсатты тобын жұмыссыз азаматтар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың мүшелері, зейнеткерлік жасқа толмаған адамдар, зәкірлік кооперацияға қатысушыларды қоса алғанда, шаруа және фермер қожалықтары құрайды. Жұмыспен қамтудың жол картасының жалғасы саналатын бағдарламаға «ҚазАгро» ұлттық холдингі 2013 жылдан бері қатысып келеді. Осы жылдар ішін­де Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының желісі бойынша бағдарлама аясында 117 млрд теңгеге 52 мың шағын несие берілді, олардың көмегімен 52,6 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.
Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 60 млрд теңгеге жуық несие беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына – 27,5 млрд теңге қарастырылған. Аталмыш бағдарлама аясында «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие өнімдері, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында – «Ырыс» және «Сыбаға» несиелік бағдарламалары қаржыландырылады.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының басшысы Жандар Омаровтың айтуынша, қазіргі уақытта қордың облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларында жұмыс істейтін барлық филиалдарында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өтінімдер қабылданып, несие беріліп жатыр. Бұл ретте шарты жеңіл тиімді несие алушылардың саны жыл сайын артып келеді. Бағ­дарлама бойынша несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6%-тік сыйақы ставкасы бойынша беріледі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7%-тен аспайды. Несие өніміне байланысты кезеңі, сомасы, жеңілдік кезеңінің ұзақтығы өзгереді. Сондай-ақ қорды несиелеу жағдайында аграршылар қызметінің ерекшелігі, оның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы мен циклы ескерілді. Қор өзінің несиелік өнімдерінің көмегімен ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе, құс, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады. Сондай-ақ «Кәсіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жылына 10 мыңнан астам кәсіпкерді қаржыландырады. Соның 80%-ке жуығы стартап-жобалар екенін ескерсек, қордың қолдауымен қаншама жаңа жоба жүзеге асып жатқанын аңғару қиын емес. Қор шағын несие беруді бастағаннан бері ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 280 млрд теңгеге жуық қаржы, яғни 150 мың несие берген. Негізінен бұлар шағын бизнеске – жеке қосалқы шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтарға берілді. «Банк секторымен салыстырғанда бұл сегментте қор көшбасшы деп айта аламыз. Мысалы, статистика бойынша екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласына 490 млрд теңге бағыттаған болса, соның тек 14,7 млрд теңгесі жеке тұлғаларға берілген. Ал Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бір жылдың ішінде 53,8 млрд теңгенің несиесін берген. Сондай-ақ қордың шарттары несие алушылар үшін өте қолайлы. Біздің бағдарламалар бойынша жылдық орташа сыйақы ставкасы 6%, ал банктерде 10-16%», – дейді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының несиелендіру департаментінің директоры Геррард Бааль.
Қазірде мыңдаған ауыл кәсіпкері қордан несие алып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша биыл қаржы түскеннен бастап қор тарапынан ауыл кәсіпкерлеріне 966 несие берілді, жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрады. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында басым несие өнімдері бойынша қаржы­ландыру және АӨК-ті дамыту бағдар­ламасы аясында етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаларды қаржыландыру – биылдың негізгі бағыттары болып отыр. Қазір ірі қара малды өсіру және бордақылау – ауылдағы қаржыландыру бағытта­рының арасында көш бастауда. Әрбір өңірде өтініштердің басым бөлігін осы қызмет түрлері құрайды. Демек, мал мен асыл тұқымды мал шар­уашылығы қазір табысты бизнес түріне айналған. «Еңбек» бағдар­ла­масы бойынша ет бағытымен қатар, өсімдік шаруашылығы, фермерлерді ірі өңдеуші кәсіпорындар аясына шоғырландыратын зәкірлік кооперациялар, яғни, сүт, қант, дақылдарды өңдеу зауыттары қаржыландырылуда. Сондай-ақ Аграрлық несие корпорациясына ауыл кәсіпкерлері дүкендер, түрлі қызметтер көрсету, инфрақұрылымды дамыту жобалары бойынша жүгінуде. Өз кезегінде Аграрлық несие корпорациясы бағ­дар­ламаға қатысушыларды қаржы­ландыруды микроқаржылық ұйымдар арқылы жүзеге асырады. Бұл сату арналарының санын арттырып, аудан орталықтары мен шалғай ауылдарда несие алуға мүмкіндік береді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру