Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

Сапалы жолдар 30 пайызға жетпек

Кез келген мемлекеттің экономикасының қаншалықты дамығанын кәдімгі қара жолдың сапасына қарап танып-білуге болады. Өйткені қан тамырларындай шартарапқа таралған жолдармен жолаушыларды айтпағанның өзінде алыс-жақын жерлерден жүк тасымалданады.

Соңғы жылдары Ақ Жайық өңірінде сонау кеңес заманынан «мұра» боп қалған жүйкені жұ­қартқыш жолдардың «жыры» өз шешімін біртіндеп таба бастады. Биыл өңір аумағымен өтетін жолдарды жөндеу жұмыстарына 20,9 млрд. теңге қарастырылып, бұл қаражатқа 323 шақырымдық республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарланды.
Республикалық маңызы бар «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов – РФ шекарасы», «Самара – Шымкент» және облыстық маңызы бар «Үлкен Шаған – Переметное – Вечный», «Шыңғырлау – Лубенка – Лебедевка», «Федоровка – Ақсай», «Бөрлі – Ақсай – Жымпиты», «Тасқала – Аққұрай – Болашақ – РФ шекарасы» аутожолдардың телімдерінде, сонымен қатар «Жәнібек – Талов – Кіші өзен» (0-2 км) жолы, Алғабас станциясы, «Ақжайық» санаториясы, Чижа-2 ауылы (Тасқала ауданы), Ақсуат ауылы (Теректі ауданы), Чапаев ауылы, Жаңажол мен Жалпақтал ауылдарына кіреберіс жолдарында жөндеу жұмыстары жоспарланған.
– Құрылысы өткен жылы басталған облыстық маңызы бар «Үлкен Шаған – Переметное – Вечный» (0-32 км) аутожолында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жолдың құрылысымен мердігер «Түркістанжолсервис» компаниясы айналысуда және жол жөндеу жұмыстарын биыл аяқтамақшы. Бұл аутожол екі рес­публикалық маңызы бар «Орал – Атырау» және «Орал – Тасқала – РФ шекарасы (Озинки бағыты)» автожолдарын қосады. Жобаны іске асыру облыс орталығы жолдарындағы («Атырау – Саратов» бағытындағы) және кері бағыттарда көлік құралдары ағымының азаюына мүмкіндік береді, – деді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Айтмағамбетов. Оның айтуынша, биылғы жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар аутожолдардың үлесін 30 %-ға жеткізу көзделген.
Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының орталықтарын облыс орталығымен байланыстыру үшін ұзындығы 245 шақырымды құрайтын аутожолды күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Соның ішінде «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» (142 км), «Өнеге – Бисен – Сайқын» аутожолдарын (103 км) жөндейтін мердігерлерді анықтау үшін конкурстар өткізілуде. Оның нәтижесі маусым айында анықталмақ. Осы жобаларды іске асыру бастау үшін 2019 жылға арналған республикалық бюджет жобасында 3,0 млрд. теңге жоспарланған. Жалпы алғанда, 2021 жылдың соңына дейін бұл жолдарда күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру