Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

Ақшамыз қайда кетіп жатыр?

Қазақстаннан ақша аударымдарының үштен екісі Ресейге, Өзбекстанға және Түркияға ағылып жатыр екен. Ал, әрбір 10 теңгенің 7-сі «Золотая Корона» арқылы жөнелтілген деп жазады www.ranking.kz сайтынан.

Бұл соңғы төрт ай бедеріндегі жағдай. Енді осының алдында – ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанындағы күйге назар аударып көрелік. Атап айтқанда, ҚР тұрғындарының шет елдерге халықаралық ақша аударымдары жүйесі (ААЖ) арқылы бірінші тоқсанда 120,7 млрд теңге – өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда 6,4%-ға артық жөнелтіпті. 2019 жылдың қаңтар-наурызында транзакциялар саны, керісінше, 3,2%-ға, 540,6 мыңға дейін қысқарған, сөйтіп, бір аударымның орташа чегі 10%, 223,2 мың теңгеге дейін өскен, деп хабар таратқан болатын finprom.kz сайтынан.
Ал, енді бұдан да тыңырақ мына деректерге зер салсақ. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуі­рінде Қазақстаннан шет елдерге ақша аударымдары 172,8 млрд тг – былтырғы жылдың осындай кезеңдегімен салыстырғанда 8,6%-ға ұлғайған. Сөйте тұра, транзакциялар саны 1%-ға, 775,8 мыңға дейін қысқарған (1-инфографика).


Бұл жерде халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы бәрінен көп Ресейге жөнелтілген: 65,1 млрд теңге, айта кету керек, бұл өткен жылғыдан 6,4% кем.
Ақша аударымдары көлемінен екінші орында Өзбекстан: 26,5 млрд теңге ( бір жылда +36,2%). «Өз ағайынымыз» шынында озып тұр, тек базар жағалап емес, құрылыс жұмыстарын да қыздырып жүрген өзбектер. Жалдамалы жұмыстың ешбірін де талғамайтын: күн астында жанып-күйіп, көкөністі күтіп-баптауда болсын, тіпті бабын тауып, мал бағудан да қашпайды олар. Сосын еңбекқор өзбек бауырлар тапқан-таянғанын соңғы тиынына дейін өте ұқыпты жұмсайды. Ең алдымен, «пұлымды бала-шағама деп, еліне жөнелтеді де, ішіп-жеуіне қалдырғанын шашауын шығармай үнемді жұмсайды» деп таңқалады өзбек жалдап, үй салдырған қазіргі бір байшікеш қазақ көршім.
Шетелдік аударымдардың саны жағынан үшінші орында Түркия тұр: мұнда 25,8 млрд (өткен жылмен салыстырғанда +41,2%) теңге аударылыпты (2-инфографика).


Бір қызығы: ақша аударымдары жағынан үздік үштік өткен айда да тура осы күйінде (айырмашылығы соңғы екеуі орын ауыстырған) көрініс береді. Тек орташа чек бойынша Қазақстаннан ең үлкен аударымдар – Қытайға 966,2 мың теңгені құраса, Түркияға – 445,2 мың теңге, Грузияға – 275 мың теңге құрапты.
Дегенмен де, шет елдерге осы жылдың алғашқы үш айында жөнелтілген ақшалардың жартысынан көбі: 52,4% немесе 63,2 млрд теңге ЕАЭО елдеріне аударылыпты. Шетелдік валюталардың арасында АҚШ долларындағы аударымдар басымырақ (64,3%), рубльмен (28,8%) және еврода (1,5%) да аударылған. Барлық шет елдерге жөнелтілген ақшалардың 5,5%-ы теңгемен аударылған.
Төрт айдың қорытындысы бойынша ақша аударымдары жүйесі арасында «Золотая Корона» көш бастаған, бұл жүйе арқылы 123,5 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 71,5%-ы аударылыпты.
Екінші және үшінші орындарда – Western Union (22 млрд тг) және «Юнистрим» (8,2 млрд тг), бір жыл аумағындағы бұлардың аударған кө­лемі, тиісінше, 12,4%-ға және 43,7%-ға қысқарған (3-инфографика).

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру