Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

Экономиканы кредиттеу шаралары қабылдануда

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ағымдағы жылғы мамырда айлық инфляция 0,6 пайызды құрады, жылдық инфляция 5,3 пайызға дейін өсті. 2019 жылғы мамырда азық-түлік тауарлары нарығында 7,9 пайызға жеткен бағаның басым түрде өсуі инфляцияға негізгі үлес қосты, ол халықтың нақты ақшалай кірістерінің тез өсуі жағдайында орын алды. Азық-түлікке жатпайтын тауарларға бағаның өсуі 6,1 пайыз болды, ақылы қызметтер тарифтерінің инфляцияға үлесі төмен болып қалуда. Ұлттық Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, раунд нәтижелері бойынша ағымдағы жылғы 3 маусымда базалық кесімді 9 пайыздық деңгейде сақтау туралы шешім қабылданды.
Сыртқы талаптар және ішкі факторлар бойынша нақтыланған бағалау 2020 жылдың соңына дейін 4-6 пайыз нысаналы дәлізге жетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ішкі және сыртқы сектордағы тәуекелдер базалық кесімнің деңгейі туралы кейінгі шешімдерді күрделендіруде. Сонымен қатар соңғы уақытта ішкі валюта нарығындағы ахуал мұнайдың әлемдік нарығының ықпалымен дамуда. 27 мамыр–5 маусым аралығында әлемдік экономикадағы сауда талаптары қатаңдатылды. Нәтижесінде мұнай бағасы 13 пайызға жуық, яғни 60,6 АҚШ долларына дейін төмендеді. Алайда өткен аптаның соңғы екі күнінде бір баррель үшін 63,3 АҚШ долларына дейін түзету болды. Бұл АҚШ-тың Мексикамен заңсыз миграцияға бақылауды қатаңдату туралы келісімге қол жеткізуімен байланысты. Сонымен бірге оған 2019 жылғы екінші жарты жылдықта ОПЕК+ келісімін ұзарту мүмкіндігіне қатысты мәлімдемелер оң әсер етті. Нәтижесінде, 27 мамыр-5 маусым аралығында теңгенің әлсіреуі 1,3 пайыз болды. Соңғы күндері жағдай тұрақтанды. Ұлттық валюта бағамы 5-10 маусым аралығында 0,3 пайызға нығайды. 2019 жылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 383,04 теңге болды. Төлем балансында жағдайдың жақсаруы теңгеге қолдау көрсетуде. Ағымдағы шот 2 тоқсан бойы профицитпен қалыптасып отыр. Алдын ала бағалау бойынша 2019 жылғы 1-тоқсанда сауда балансы 14,4 пайызға өсіп, 7,1 млрд АҚШ долларын құрады, ал ағымдағы операциялар шотының профициті 0,8 млрд АҚШ доллары болды. Тауарлар экспорты 9,9 пайызға немесе 14,9 млрд АҚШ долларына дейін, ал тауарлар импорты 6,1 пайызға немесе 7,8 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. 2019 жылғы 1 маусымда алдын ала деректер бойынша Ұлттық Банкінің жалпы алтын-валюта резервтері мамыр айында 3,5 пайызға немесе 948 млн АҚШ долларына ұлғайып, 28 млрд АҚШ долларын құрады. Қажетті минимум 3 ай болса, Банктің алтын-валюта резервтерінің көлемі тауарлар мен қызметтер импортының 7 айынан асады. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері алдын ала деректер бойынша ағымдағы жылғы мамырдың соңында 58,6 млрд АҚШ доллары болды. Бір айда 1,1 пайызға төмендеу бюджетке кепілдік берілген және нысаналы трансферттердің бөлінуімен байланысты.
Валюталық активтерді ел ішінде сақтауды ынталандыру үшін жаңа құрал ретінде банктердің Ұлттық Банктегі валюталық депозиттері 2019 жылғы 1 шілдеден бастап енгізіледі. Мұндай депозиттердің мерзімі 1 ай, кесімі жылдық 0,5 пайыз болады. Сонымен бірге Ұлттық Банкінің экономиканы кредиттеудің өсуін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр. Ақша-кредит талаптарының біртіндеп жеңілдеуі кредиттердің қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылғы сәуірде бизнес үшін берілген теңгедегі кредиттер бойынша кесім өткен жылғы сәуірдегі 12,3 пайызбен салыстырғанда 12 пайызға, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша 11,9 пайызға, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 13,2 пайызға дейін төмендеді. Екіншіден, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған депозиттер бойынша ең жоғары кесімдер өзгерді. Халықтың теңгедегі мерзімді емес депозиттері бойынша ұсынылған кесімді 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 10,5 пайыздан 9,8 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Теңгедегі мерзімді және жинақ депозиттері бойынша кесім салымшылар үшін тартымды болып қалуда және тиісінше 12,5 пайызға және 13,5 пайызға жетті. Банктер үшін мұндай жағдайлар қорландыру базасының орнықтылығын арттырады. Сондай-ақ 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 12 ай және одан жоғары мерзіммен шетел валютасындағы жинақ және мерзімді депозиттер бойынша ставка 2 пайызға дейін көтерілді. Бұл шара банктер міндеттемелерін ұзартуға бағытталған. 2019 жылғы қаңтар-сәуірде банктер 4,1 трлн теңге сомаға жаңа кредиттер берді, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға көп.
Банктердің экономиканың басымдық беріл­ген секторларын қаржыландыруы шеңберінде орналастырылған 112,7 млрд теңгеден 31,7 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданды. Бөлінетін ресурс­тарды игеруді жандандыру үшін мүдделі мем­лекеттік органдардың, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, банктердің қатысуымен бір­қатар талқылау өткізілді, оның қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар енгізілмек. «7-20-25 бағдар­ламасының» талаптарын жақсарту шеңберінде 2019 жылғы 31 мамырда қарыз алушыларға бастапқы жарнаны баспана құнының 20 пайызынан көп мөлшерде енгізу құқығын беру бөлігінде өзгерістер қабылданды. Бұл ай сайынғы төлемдер мөлшерін төмендетуге және соның есебінен кірісі төмен азаматтарды көбірек қамтуға мүмкіндік береді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру