Валюта бағамы: $ 385.76 427.89 6.04 ¥ 54.79

Балуандар сайысы

А.Нұғымаров «Қазақстан барысы» атанды

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ІХ «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Додаға еліміздің 17 өңірінен келген 36 балуан боз кілемде бақ сынады.

Алты сағатқа созылған тартысты додада үшінші орын үшін жекпе-жекте Нұр-Сұлтан қаласының балуаны Айбек Сейтен мен Алматы қала­сы­ның арланы Руслан Әбдіра­зақов арасындағы белдесу алматылық балуанның жеңісімен аяқталды. Осылайша Руслан Әбдіразақов екінші рет «Қазақстан барысының» қола жүлдесін иеленді.
Шиеленісті өткен «Қазақстан барысы» турнирінің финалына Шығыс Қазақстан облысының екі балуаны Айбек Нұғымаров пен Ерасыл Қажыбаев шықты. Белдесуде Айбектің бағы жанып, екінші рет «Қазақстан барысы» атанды. Ал аталған жарысқа екінші рет қатысып, екінші рет финалда бас жүлдеден қол үзіп қалған Ерасыл Қажыбаев биыл да «Күміс белбеу» иегері атанды.
«Қазақстан барысы» турни­рінің жеңімпазы мен жүлдегер­лерін марапаттау шарасына Мәдениет және спорт минис­трі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халықаралық қазақ күресінің президенті Қанат Бозымбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Мәскеу Олим­пиадасының чемпионы Жақ­сылық Үшкемпіров, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев қатысты. 2019 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаровтың беліне «Алтын белбеуді» Арыстанбек Мұхамедиұлы байлады. Сонымен қатар шығысқазақстандық балуанға «алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Балуанның бапкері де құралақан қалған жоқ, чемпионның жаттықтырушысы 3,5 миллион теңге сыйақыға ие болды. Бұдан бөлек, турнирде күміс жүлдегер атанған Ерасыл Қажыбаевқа «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге тапсырылды. Ал оның бапкері 1,8 миллион теңге иеленді. Үшінші орын иеленген Руслан Әбдіразақовқа 1,8 миллион теңге, бапкеріне 900 мың теңгенің сертификаты табысталды.
«Биыл «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы атандым. Ол жерде жеребе бойынша ең ауыр қарсыластар, яғни жеңіске мүмкіндігі жоғары балуандар бір жаққа түсті. Финалда шығысқазақстандық Ерасыл Қажыбаевпен шықтым. Өте үлкен әрі тартысты жарыс болды деп ойлаймын», – деді А.Нұғымаров. Осы орайда ол өзінің негізгі міндеттерінің бірі ұлттық күресті кейінгі ұрпаққа насихаттау екенін атап өтті. «Қазіргі кезде қазақ күресін жапондардың дзюдо күресі сияқты кеңінен таратуға үлес қосқымыз келеді. Жалпы, қазақ күресін дамытуға мемлекет тарапынан қажетті қолдау жасалып жатқанын сезініп отырмыз. Бұл бағыттағы қадамдарды ескере отырып, қазақ күресі болашақта Олимпиада ойындарына енуін армандаймын», – деді Айбек Нұғымаров.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру