Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

Ауырып ем іздегенше …

Жіті ішек инфекциясы – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру.

Ішек жұқпасы әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Барлық ересектердің, балалардың дизентериямен сальмонеллезбен және басқа да жіті ішек инфекцияларымен ауырмаған ел жоқ. Жұқпалы жітіл ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі жаз айлары болып есептеледі. Ішектің ауруға шал­дығуы, іштің бұзылуы орга­низмінің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты. Ішек инфекциясы – жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп сыртқы ортаға тарайды.
Инфекция гигиеналық таза­лықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден: жуылмаған көкөністерден, пі­сіріл­меген сүттен, сапасыз та­ғам­дар пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнат­пай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады.
Аурудың алғашқы белгілері:
Іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, сәбилердің емшектен бас тартуы, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретіне қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқастың жиі құсып, іш өткен сайын жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса міндетті түрде дәрігерге көрінуі керек. Мұндай кезде дәрігер келгенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты мол, көбірек ішкізген жөн. Антибиотик қолдануға болмайды, өйткені аурудың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.
Емделуі:
Жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін: емшек сүті(нәрестелерге), айран, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, ауыз арқылы ішетін тұзды-мине­ралды су ерітіндісі – «Регидрон» ұнтағының 1 пакеті қайна­ты­лып, бөлме температурасында суытылған 1 литр суға дайындайды. Дайын ерітіндіні әрбір 3-5 минут сайын ішу керек. Егер құспаса, аз-аздан жиі ішкізуге болады. Ерітінді әрбір күнге жаңадан дайындалады.
Алдын алу шаралары:
Ішек инфекцияларының пайда болуының алдын алу үшін тағамдық азық-түліктердің сапасы өте маңызды – көптеген тағамдарда бактериялар тек қана өміршеңдігін сақтап қана қоймай, олар ауру тудырушы адамның қолымен тағамды ауызына апарғанда асқазан-ішек жолына кір қолы арқылы, ластанған су арқылы, сапасыз азық-түліктер арқылы түсіп, қар­қынды түрде көбейеді.
Әсіресе, тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтілмейтін тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салаттар, винегреттер, сондай-ақ жемістер мен жидектер жатады. Салаттар мен винегреттерді, әртүрлі тұздықтар мен гарнирлерді тоңазытқышсыз түнге қалдыруға болмайды. Жаз және күз маусымында сүт және сүт өнімдерінде бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдайлардың туындайтынын білу керек. Жеке адамдардан сатып алған құйылып сатылатын сүтті міндетті түрде қайнату керек. Ал пастерленген ірімшіктен пісірмелер, пудингтер, сырниктер дайындаған дұрыс. Дайын тағам қалдықтарын міндетті түрде тоңазытқышта беті жабық ыдыста, шикі мен дайын тағамды бөлек ыдыста сақтау керек, оларды бөлек тақтайларда арнайы пышақтармен бөлу керек.
Дүкендерде тауық еті са­тылғанда +2, +3 градустық температурада 2 тәуліктен артық болмауы керек, бөлме температурасында жұмыртқа 25 тәуліктен артық сақталмауы керек. Құс еті мен жұмыртқаны сатып алғанда, олар қорапта болса да, бөлек пакеттерге салу керек.
Өнімдердің жақсылап қуы­рылуы мен қайнатылуына көңіл бөліңіз. Етті қайнатқанда ірі кесек жасамай 1 сағаттан кем емес, жұмыртқаны 15 минуттан кем емес қайнату керек (осы уақыт аралығында сальмонеллалар толығымен жойылады). Жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбаңыз.
Ал ең кішкентай нәрестелерге келсек, оларды аурудан сақтау үшін қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді, оларды күту кезінде: баланы әрбір тамақтандырар алдында және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек.
Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. Сол үшін «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөздер әрқашан да өз маңызын жоймайды.

М.ЕСЕМБАЕВА,
Алматы қаласы
Алмалы аудандық
КДСБ бас маманы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру