Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Ірі итальян фирмасының бөлімшесі ашылды

Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында «Petrolvalves Kios Kazakhstan» ЖШС-ның өндірістік бөлімшесі ашылды. Бұл – екі ірі итальян компаниясының бірлескен кәсіпорны.

«Petrolvalves PSA» – 1954 жылдан бері ерекше жабдықтар шығаратын, соның ішінде күрделі әрі жоғары технологиялы шар клапандарын, түрлі өлшемдегі және қақпақ клапандарды шығаратын ірі өндірісші болып табылады. Ал «Kios» мұнай кәсіпшілігі жабдықтарына техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Компания еліміздің нарығында 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
Жаңа кәсіпорынның ашылу сал­танатында компанияның қа­зақ­стандық бөлімшесінің бас директоры Массимо Биндини соңғы 20 жыл ішінде Қазақстандағы түрлі тапсырыс берушіге 45 мыңнан астам клапан жеткізілгенін, қазіргі уақытта ауқымды ресурстық база қалыптасқа­нын, сондықтан «ҚПО б.в.», «NCOC», «TCO» сықылды басты тапсырыс берушілерге жақын «қоныстанудың» жөн болатынын айтты. «Жаңа өнді­ріс орнының ашылуы Қазақстан Республикасының экономикасының дамуына қосылған қомақты үлес деуге болады. Клапандарды өндіру және оларға сервистік қызмет көр­сету бойынша біріккен компания құруға мүдделі инвестор ретінде қазақстандық мұнайгаз саласының кәсіпорындарымен әріптестікті одан әрі жалғастырмақпыз», – деді Массимо Биндини.
Жоба ҚР Үкіметінің бастамасы шеңберінде және «ҚПО. б.в.» ком­паниясының, сондай-ақ өзге де ірі операторлардың өндірісті ашу талаптарына орай іске асырылуда. Бастапқы кезеңде компания төрт млн. еуро көлеміндегі инвестицияны жоғары технологиялы жабдықтарға және 20 жергілікті маманды оқытуға жұмсады. Компания мамандар бойынша жергілікті мазмұнды 95 пайыздың үстіне жеткізуді, сонымен қатар мамандарды жоғары, халықаралық деңгейге жеткізіп, әлемнің кез келген елінде жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді көздейді. Алдағы уақытта компания өндірістік алаңды кеңейтіп, өңірде клапандар өндірісін жолға қоюды жоспарлаған.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев өзге елге инвестиция құю шешімі барлық тәуекелдерді зерттегеннен кейін қабылданатынын айтты. «Еліміздегі саяси тұрақ­тылық, тиімді инвестициялық заң­ды­лықтар, Батыс Қазақстан облысында инфрақұрылымдардың, ыңғайлы көлік логистикасы, маман­дардың сапалы әлеуетінің болуы итальяндық инвесторлардың оң шешім қабылдауына негіз болды», – деген Ғали Есқалиев компания акционерлеріне дұрыс шешім қабылдағандары үшін алғыс айтып, өндірісті одан әрі кеңейту жоспарына барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру