Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Сапалы су әрбір үйге жетуі керек

Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті министрлер отырысында елді мекендерді сумен қамту және су бұру мәселелері қаралды.

Еліміз бойынша 18,4 млн адамның 90,2%-інің орталықтандырылған суға қолы жетімді. Қалалардағы тұрмыстың сапасын жақсарту үшін биыл осы көрсеткішті 97%-ке дейін, ал 2023 жылы 100%-ке дейін арттыру көзделуде. Ал ауылдарда 84%-тен астам, яғни 6,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықталған, қалған ауылдар ауыз су үшін жергілікті су көздерін пайдаланады. Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі салалық министрлік бұл көрсеткішті 88%-ке дейін жеткізуді және 2023 жылы халықтың 100%-ін тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. «Халқының саны 200 адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық нормаларға сәйкес келетін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнату жоспарланған, бұл 1333 ауылды сумен қамтуға жағдай жасайды. Ал тұрғындары 200 адамнан көп 1 274 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылатын болады. Осылайша, 2 607 ауылда тұратын 1,2 млн адам санитарлық нормаларға сай келетін сумен қамту қызметімен қамтамасыз етіледі», – деді ИИДМ басшысы Р.Скляр.
Биылғы сәуір айында өткен эко­логиялық мәселелер жөніндегі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы Н.Назарбаев қалалардағы кәріздік тазарту жүйелерін жаңғыр­туды тапсырған болатын. Министрдің айтуынша, осы міндетті орындау үшін ИИДМ кәріздік тазарту қон­дырғыларын салуға бюджеттен тыс қаражат тарту тетігін әзірледі. Мұ­ның ішінде сарқынды суларды тазарту нормативтерін еуропалық стандарттарға сәйкестендіру қарас­тырылады. Сарапшылардың пікірі бойынша, бұл күрделі шығындарды 30%-ке дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Өйткені, биогаз өндіру және тұнбаны қайта өңдеу мүмкіндігі бар энерготиімді технологиялар енгізілетін болады.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде топтық су құбырларын пайдалану, салу және реконструкциялау «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелген. Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың мәліметінше, аталмыш кәсіпорын теңгерімінде ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын 33 топтық су құбыры бар. Соңғы жеті жылдың көлемінде 1035 км желі салынып, 1441 км желі реконструкцияланып, бұл 49 нысанды пайдалануға беруге септігін тигізді. Нәтижесінде халық саны 553 мың адамды құрайтын 268 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жағдайы жақсара түскен. «Жалпы топтық су құбырларындағы желілердің тозу деңгейі 75%-тен 56%-ке дейін қысқарды. Қазірде 2281 км желіні реконструкциялау қажет», – деді АШМ басшысы. Топтық су құбырлары бойынша биыл 12 жобаны іске асыруға 14,6 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде жыл соңына қарай 8 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан өзге, тапсырыс берушінің барлық топтық су құбырларын және олармен жалғасқан ауылдардағы кент ішіндегі желілерді салу мен реконструкциялау функциясы Бірыңғай операторға бекітіп беріледі. Яғни, суды жеткізу оны топтық су құбырларынан субсидияланған тарифпен сатып алып, халыққа үстеме құнмен сататын делдалдарды болдырмай, сумен жабдықтау көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейін көрсетілетін болады.
Шымкент қаласындағы «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС жеке су арнасының қадағалаушы кеңесінің төрағасы А.Орман халықаралық қаржы ұйымдары салған инвестициялардың нәтижесінде азаматтарға ұсынылатын қызметтердің сапасы артқанын айтты. 2010 жылдан бастап 2 МВТ бойынша күн және су қуаты станциялары салынып, пайдалануға берілді, 947 шақырым сумен жабдықтау желісі және 67 шақырым кәріз желісі реконструкцияланды. Цифрлық технологияларды қолдану арқылы ауыз суды өндіру және тасымалдау тәсілдері жаңғыртылды. Бүгінде тазарту нысандары автоматты режимде басқарылады. Салынған инвестициялар тұтынушыларға дейін суды үздіксіз беруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес ағын суларды толықтай тазартуға жол ашты. Нормативтік-техникалық шығындар 2,4 есеге қысқарды. 1 м² суды өндіруге жұмсалатын электр энергиясының шығындары 12 есеге қысқарды.
Еуропа қайта құру және даму банкі өкілдігінің директоры А.Прейманис ТКШ секторы – Қазақстандағы ЕҚҚДБ жұмысының басым бағытта­рының бірі екенін атап өтті. Еліміздің өңірлерінде іске асырылып жатқан сумен жабдықтау және су тарту секторына 30 миллиардтан астам теңге инвестицияланды. Бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде ауыз су сапасы жақсартылды, су беру көлемі ұлғайтылды, шығындар төмендетілді, жеткізілген суды есепке алу пайызы артты. ЕҚҚДБ өкілінің айтуынша, осыған ұқсас жұмыс сумен жабдықтау, су тарту, кәріздік тазарту нысандары салаларында қызмет көрсететін басқа компанияларда жүргізілуі мүмкін.
Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-министр елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту және сумен жабдықтау мәселесін шешу халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер ететінін баса айтты. «Қабылданып жатқан шаралар 2023 жылы халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз ету мәселесін шешуге жол ашады», – деді А.Мамин.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге жұмыс сапарлары барысында қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар беруде. Азаматтардың тұрмыс сапасын, қолайлылығын жақсарту, қала немесе ауылдық жер екеніне қарамастан, халықты сапалы ауыз сумен қамту және сумен жабдықтау міндетін Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та нығыздай айтты. Енді осы тапсырмаларды іс жүзіне асыру үшін Үкімет ауқымды жұмыстарды атқаруы керек.

Ботагөз Әбдірейқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру