Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

Жыл қорытындысы не аңғартады?

Үкімет өзінің 2018 жылғы жұмысының түпкілікті қорытындысын шығарып, Парламентке республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін ұсынды. Сонымен бірге республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті де Министрлер кабинетінің жұмысы тиімділігіне бағасын беріп, өз қорытындысын жасапты. Енді бюджеттік талдаушылар зерделеген жайттарға жан-жақты тоқталып өтсек.

Өсім ненің есебінен?

Негізгі макроэкономикалық параметрлер бойынша талдар болсақ, 2018 жыл Қазақстан экономикасы үшін әсте жаман болған жоқ, дейді сарапшылар. Мәселен, ІЖӨ 4,1%-ға, тауар өндірісі – 4%-ға, өнеркәсіптік өндіріс көлемі – 4,1%-ға, ауыл шаруашылығы 3,2%-ға, құрылыс – 4,1%-ға артқан.
Есеп комитеті өткен жылы экономика өсіміне мұнай-газ саласының үлесі артты, деп атап көрсетеді. Оның 2018 жылғы ІЖӨ-дегі үлес салмағы 2017 жылғы 18,6%-ға қарағанда (2015 жылы – 17,3%) 2018 жылы өсе түсіп, 21,3%-ды құрапты.
«ІЖӨ құрылымын қолдану тәсі­лімен талдау өсімнің негізгі драй­вері, әдеттегідей, ішкі сұраныс болып отырғанын аңғартады. Жалпы қорланым шығындарының 5%-ға, мемлекеттік органдардың 14%-ға қысқарулары салдарынан, ІЖӨ құрылымында түпкілікті тұтыну – өткен жылдағы 7,3%-ға қысқаруымен – 2018 жылы 57,1% құрапты, – делінген есептемеде.
Жалпы алғанда, өсім көбінесе 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2%-ға (ІЖӨ құрылы­мында – 47,5%) – үй шаруашы­лық­тары шығындарының есебінен – артып отырған екен. Бұл тұтыну кредиттерінің және жалақы­лардың артуымен айқындалады.
2017 жылдың деңгейіне қараға­нда 2018 жылы негізгі капиталға ин­вестициялардың өсуі 17,2% дең­гейінде құралуы – жақсы көрсет­кіш. Алайда, мұндай серпін – соңғы 5 жылда 40 пайызға артқан және 8 трлн теңгеден асып түсіп, инвестициялардың жалпы көлемінің 73,1%-ын құраған – кәсіпорындардың жеке қаржылары есебінен құйылған инвестициялардың өсуімен ерекшеленіп отыр.
Сонымен қатар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен инвестициялар үлесі (2017 жылы 16%) 12,5%-ға төмендеген. Салалар тұрғысынан алғанда, өңдеуші кәсіпорынға инвестициялар көлемі айтарлықтай – 20,5%-ға өскен және 1,2 трлн теңгеге жетіпті. Тау-кен қазу өнеркәсібіне инвес­тициялардың озыңқы өсімі (40,4%-ға) себебінен негізгі капиталға инвес­тициялар құрылымындағы осы саланың үлесі 40%-дан асып түсіпті.
Еліміздің ІЖӨ-не таза экспорт үлесі де, өткен жылы 19,6%-ға (өсімі 11,3%) артып, айтарлықтай өсе түскен. Бірақта бұл өсімді шикізат секторы қамтамасыз етіп отыр, оның үстіне өткен жылы мұнайдың әлемдік баға­сы 30,7%-ға (2017 жылғы барреліне 54,4 АҚШ долларынан 71,1 долларға дейін), газ – 34,4%-ға, алюминий – 7,2%-ға, мыс – 5,8%-ға, бидай – 20,5%-ға, мы­рыш – 1,1%-ға артқан. Экс­порт­­тың жалпы көлемінде отын-энер­ге­­тикалық тауарлар үлесі 39,1%-ға ұлғайған.
«74,6%-ға (2017 жылы – 68,5%) жеткен минералдық өнімдер үлесінің артуы себепті экспорт құрылымы жалпы алғанда нашарлап кеткен. Сонымен бірге химиялық өнеркәсіп өніміне 5,1%-дан 4,2%-ға дейін, метал және содан жасалған бұйымдарға – 18,1%-дан 13,6%-ға дейін экспорт үлесі қысқарғаны белгілі болып отыр», деп атап көрсетеді Есеп комитеті.

Кредитке сұраныс көп

Әйтсе де ішкі сұраныстың артуы барлық жағдайда да артықшылық бола бермейді. Есеп комитеті былай деп көрсеткен: тұтыну кредиті 2018 жылдың аяғына 3,3 трлн теңгеге жеткен, демек, 2017 жылғыдан 13,5%-ға және 2016 жылғыдан – 30,8%-ға артыпты. Жалпы статистика мәлі­меттері жаман емес: 2018 жылдың аяғындағы экономиканы кредиттеу – 2017 жылдың деңгейіне қара­ғанда 3%-ға өсім көрсетіп – 13,1 трлн теңгені құраған. Бұл ретте жеке тұл­ғаларды кредиттеудің неғұрлым артқаны, ал заңды тұлғаларға кредиттер бөлу қарқыны төмендегені ескертіледі. 2018 жылдың аяғында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 5,3 трлн теңгені немесе еліміз экономикасына бағытталған барлық банктік қарыздардың 40,5%-ын (2017 жылы – 35,7%, 2016 жылы – 31,8%) құ­раған. Шағын кәсіпкерлік нысандарына кредиттер көлемі өткен жылдың аяғына 2,3 трлн теңгені құрап, 2017 жылға қарағанда 15,2%-ға, ал 2016 жыл деңгейіне – 21,3%-ға қысқарған.
Айта кету керек, банктерге кредиттер бойынша мерзімі өткен берешектердің 12,5%-ға қысқаруы аясында – тұтыну кредиттері бойынша мерзімі өткен берешектер – жыл сайын 6,7 – 6,9% аумағында өсу үрдісі сақталып отыр.

Оның үсіне кесімді жалақы 2018 жылы 8,4%-ға өсіп, 162,3 мың теңгені құрапты, ал нақты түрде 2014 жылдан бері алғаш рет өсім 2,3%-ға (2017 жылы 2,1%-ға төмендеу тіркелген) жеткен. Халықтың нақты ақшалай табыстары индексі 2017 жылмен салыстырғанда 104,3% құраған (Диаграмма).
Дегенмен де, тұтынушы белсенділі­гінің артуы 32,5 млрд долларға (өсімі 9,9%) жетіп, импортқа сұраныстың өсуіне жағдай жасаған. Импорт құры­лымында машиналардың, жабдықтар мен көлік құралдарының үлесі 40,3%-ға дейін (2017 жылы – 37,8%), металдар мен содан жасалған бұйымдар үлесі – 12,5%-ға дейін (2017 жылы – 11,6%) өскен.
Сауда теңгерімінің сальдосы 1,5 есе өскен және 28,4 млрд АҚШ доллары деңгейінде белгіленіпті. Бірақ, талдау­шы­лардың атап көрсеткеніндей, ЕАЭО елдерімен минус 7,3 АҚШ дол­ла­рына дейін теріс сауда сальдосын ес­керу қажет.
Атап көрсетілген жайсыз серпін­нің негізгі себебі – Ресеймен теріс сальдоның -7,2 АҚШ долларына дейін, Беларусь Республикасымен – -505,7 млн доллар – теріс сальдо өсімі. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіштер, тиісінше, мынаны құрапты: -$5,843,1 млрд және -291,8 миллион.
«Сатып алудың басымырақ үлесі машиналарға, жабдықтар мен көліктік құралдарға (27,3%), химия өнеркәсібі өніміне (15,5%), сондай-ақ азық-түлік тауарларына (13,2%) тиесілі. Мұндай дерек ЕАЭО елдерінен таурлардың экспансиясын аңғартып, оның қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсерін тигізетінін аңғартады», – деп дәйек келтіреді Есеп комитетінен.
Бір қызығы, тұтынуымыз ішкі өндіріспен-ақ игеріліп отырған тауарлар инфляцияға ұшырауымызға негізгі үлесін қосыпты. Мәселен, жалпы алғанда 2018 жылдың қаңтар-желтоқсанында тұтыну бағасының индексі (ТБИ), 2017 жылдың тиісті кезеңіне 106% деңгейінде құралған. Сонымен қатар 2018 жылдың желтоқ­санында, 2017 жылдың желтоқ­санына қарағандағы, инфляция 5,3% құрапты, бұл 6–8% деңгейіндегі болжанған дәлізден төмен.
Атап айтар болсақ, азық-түліктік тауарларға бағалар 5,1%-ға, азық-түліктік емес тауарларға – 7,8%-ға, халыққа ақылы қызметтер – 5,3%-ға өсіп кеткен.
«Азық-түліктік тауарларға бағалар құрылымында (ТБИ-ға үлес 1,9%-ды құраған) қажеттілігінің 80–90%-ы ішкі өндіріс есебінен өтелетін (азық-түлікке және алкогольдік емес сусындарға бағалар өсімінің үлесі – 1,7%, етке және ет өнімдеріне – 0,7%, нан-тоқаш өнімдеріне және жармаға – 0,2%) тауарлар инфляцияға неғұрлым жайсыз әсерлерін тигізіпті. Им­порт­тық жолмен әкелінген өнім­дердің бағалары 17,2%-ға өскен. Өсім­дік текті өнімдердің импорттық бағалары 15%-ға, етке және ет өнімде­ріне – 13,4%-ға, аяқ киім, бас киім­дерге – 21,8%-ға, мұнай өнімдеріне – 23,4%-ға артқан», – деп тізбелейді сарап­шылар.
Қорыта келе айтарымыз: Есеп комитеті бұдан өзге басқа да нақты дәйектермен экономикамыздың жай-күйіне толымды талдау жасаған. Ең жайсыз деген мемлекеттік және мемлекеттік кепілдікпен алынған сыртқы қарыздар да бүге-шігесіне дейін жіктеліп көрсетіліпті. Бұл ретте сыртқы қарыздардың негізгі үлесі (63,6%-ы) қазақстандық кәсіп­орындардың шетелдік компаниялар алдындағы міндеттелерімен байланысты фирмааралық берешектер еншісіне тиесілі екенін де айта кету керек.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру