Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Жемқорлықпен күрес – ортақ міндет

Қоғам мен адам бір-бірімен тығыз байланысты. Егерде қоғам жоқ болса адамның өмір сүруі мүмкін емес. Қоғамдағы асқынып бара жатқан дерттің бірі – пара алу. Пара беру де көбеймесе, азаймай отырғандығын жоққа шығара алмаймыз.

Осыған байланысты, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген жобалар енгізілді. Соның бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен іске қосылған «Алматы – адалдық алаңы» жобасын айтуға болады. Аталмыш жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стра­тегиясындағы негізгі басым­дық­тардың бірі азаматтардың мем­лекеттік институттарына сенімі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру және жемқорлықтың кез-келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар жоба тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдайлар жасау, қоғамдық бақылауды іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қа­лып­тастыру мен білім саласында сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету мен қоғамдық бақылауды жетілдіруді көздейді. Еліміздегі ең халқы көп тұратын аймақ Алматы қаласында білім беру саласы халықтың басым бөлігін қамтиды.
«Алматы – адалдық алаңы» жо­басының негізгі басымдықтарының бірі білім саласы. Бүгінгі таңда үлкен мегаполисте білім саласында тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы жағдай туғызу бағытында айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі жоғары оқу орындарының студенттері арасында анонимді сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға университеттердің профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттер қатысты. Қаланың 33 жоғары оқу орындарында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша жалпы индексі 5 балл өте жоғары саналатын мүмкіндіктен 4,60 балды құрады. Студенттердің 71,6 пайызы пара, сыйлық, оқытушылармен жеке байланыс кездеспеген, студенттердің 66,5 пайызы «Академиялық адалдық» жобасының жұмысы дұрыс жолға қойылғандығын атап өтті. Сауалнама барысында кейбір жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмейтінін көрсетті.
Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарындағы сауалнаманың қорытындысы бойынша ең жоғары саналатын 5 балдан 4,60 балл жи­наған жоғары оқу орындарында жемқорлықтың деңгейі төмен екендігін көрсетті. Сонымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша Алматы қаласы 7 жыл қатарынан рес­публика бойынша бірінші орында, ал мектептердегі заңсыз ақша жинау бойынша шағымдар саны бүгінгі таңда айтарлықтай төмендеді.
Міне, осылайша Алматы қаласы өнегелі аймақтардың біріне айналды. Дегенмен әлде де атқарылар ау­қымды жұмыстар көп. Ал басқа өңір­лерде де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысы нәтижесін беруде. Таяуда ғана Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізілген варнайы сауалнама қорытындысы бойынша Қазақстанның қай аймағында жемқорлық өршіп жатқанын анық­таған болатын. Мысалы, осы жүр­гізілген сауалнамаға байланысты еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейі ең жоғары көрініс берген өңірлер қатарына, яғни көш басына – Маңғыстау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары шығыпты. Ал енді осы жемқорлық «індеті» барынша төмен аймақ ретінде екінші жыл қатарынан Солтүстік Қазақстан облысы тіркелген. Сондай-ақ, осы жолы бұл қатарға Ақмола мен Қызылорда облыстары да іліккен көрінеді. Атап өтетіні, келтірілген бұл көрсеткіштер 4 мыңнан астам бизнес өкілдерінен алынған сауалнамаға сүйеніп жа­салған екен. Бұдан басқа, Ұлттық кә­сіпкерлер палатасы мемлекеттік органдар арасында жемқорлық дерті, әсіресе, жер қатынастары басқармала­рын­да өршіп тұрғанын келтірген. Негізі қазақстандықтар мемлекет органдарындағы қызмет тәртібін бұзу немесе жемқорлық фактісі туралы 1424 тегін нөміріне хабарласа алады.
Осындай игі жобалардың арқа­сында Қазақстан мемлекеті өркендері анық. Өйткені сыбайлас жемқорлыққа жол берген кез келген мемлекет өсуге қарай емес, құлдырауға қарай бет алары анық. Ешқандайда жемқорлықсыз, әрбір қазақстандық азамат тек таза өзінің біліміне, күшіне ғана сенуі тиіс. Бұдан басқа жұмысқа тамыр-таныс, жерлестікке қарап алу да дұрыс емес. Тек білімді, тәжірибелі мамандар таза жұмыс істегенде ғана қоғам өркендейді.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру