Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Жергілікті қамту үлесі ұлғая түсті

Әлемдегі қара май өндіретін 15 елдің бірі Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнын игерушілер отандық өндірісшілерге қолдау көрсетуді күшейтіп келеді. Соның жарқын бір мысалы ретінде айтар болсақ, үш жыл бұрын жергілікті қамту үлесі 47% болса, бүгінде ол 60%-дан асты. Бұрындары жергілікті тауардың жергілікті қамтудағы үлесі 1% болса, қазір 12% шамасына жетті.

Жергілікті қамтудың нәти­жесі айқын: 470 млн. АҚШ доллары отандық экономикада қалып отыр. Бұрын мұндай қомақты қаржы-қаражат шетел асатын. Ірі жер қойнауын игерушілердің жергілікті ком­панияларға қоятын талап­тары осал емес. Сондықтан өңірде отандық өндірісшілерді оқыту, стандарттарды көтеруге бағытталған жұмыстар жүргі­зілуде. Үш жыл бұрын өңір­дегі компаниялар кен орнын бензинмен, газбен қам­титын болса, қазір жоғары техно­логиялық өнімдермен қамтуға қол жеткізілді. Бұл жөнінде Оралдағы «Қарашығанақ Петро­леум Оперейтинг» (ҚПО) ком­паниясының бас офисінде өткен «Мұнайгаз өнеркәсібіне арналған машина жасау» клас­терінің жол картасын жүзе­ге асыру шеңберінде жергілік­ті қамтуды дамыту жөнінде семинар-кеңесте жан-жақты айтылды.
Жиынды ашқан «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Блом Эдвин жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасын жү­зеге асыру шеңберінде бір­лескен жұмыстардың нақты нәтижелерімен таныстырды. Екі жыл бұрын облыс әкімдігімен өзара ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум өз нәтижесін бере бастаған. Шындығында, жұмсалатын тиын-тебеніне «екі шұқып, бір қарайтын», прагматик «ҚПО» жергілікті өндірісшілерді барынша қолдап, өндіріске қажетті қарапайым тауарлар­дан бастап күрделі тауарларға дейін жергілікті қамтушылардан алуға ұмтылып отыр. Б.Эдвин жақсы жаңалығымен де бөлісті. Жақында компанияның серік­тестері арасында кен ор­нын­да 4-компрессор қон­дырғысы жобасы бойынша келісім­шартқа қол қойылған. Яғни Қарашығанақ кен орнын игерудің маңызды кезе­ңіне жол ашылды деген сөз. Жобаның басталуымен Қа­зақстан Республикасы және Қарашығанақ жобасы бойын­ша компанияның серіктестері қо­сымша қомақты табыс табады. Сондай-ақ бұл жоба кен орнындағы өзге де инвес­тиция­лық ірі жобаларды «жан­дандыруға» әсер етпек. Жобаны іске асыруда қаржының 40 пайызы жергілікті қамту үле­сіне тиеді, құрылыс бары­сында инвестициялау бойынша инфра­­құрылымға 25 млн. АҚШ дол­лары жұмсалмақ.

«ҚПО»-ның нақты бағытталған іс-әрекет­тері арқасында батысқазақстан­дық мұнайгаз машина жасау компаниялары тапсырыстар алуда. Мысалға, тапсырыс алып отырған алты кәсіпорынның бірі «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ның сервистік орталығы General Electric Fram газ турбинасын жөндеуге алғашқы тапсырыс алған. Ал 2018 жылдың соңында «БҚМК» компаниясы «ҚПО» тапсырысы бойынша сепаратордың 200 ішкі пластинасын дайындады. Өңірдегі төрт зауыт («Зенит», «Гидроприбор», «БҚМК», «Орал механикалық зауыты») клапандарды жөндеуге тапсырыстар алып, сынақтан өтуде. Ақсай қаласындағы өндірісшілер фланцтерді, бекіту материал­дарын, каустикке арнал­ған сыйым­­дылықтарды шығаруға кірісті. «Зенит», «Ақсайгазсервис» ком­пания­ла­­ры халықаралық серти­фикаттарға ие.
– Бірінші, екінші бесжылдық бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру 2,5 есеге, өңдеу өнеркәсібі 2,4 есеге өсті. Жергілікті қамту үлесінің қаржылай көрсеткіші 470 млн. АҚШ долларына жетті. Бұрын ондай тауарларды шетелдерден тасымалдайтынбыз, қазір өзімізде өндірілуде. Жергілікті қамту бойынша тек біздің өңірдің емес, өзге де облыстардың кәсіпорындары қамтылуда. 2017-2018 жылдары «ҚПО»-мен ұзақ мерзімді, соның ішінде облыспен 4,2 млрд. доллар көлемінде келісімшарт жасалды. Біз инвесторлардың жұмысы жақсы жүруі үшін оларға қолайлы жағдай жасаймыз. «ҚПО» жергілікті тауар өндірушілермен табысты жұ­мыс істеуде, – деді БҚО әкімі Алтай Көлгінов.
Жиында сөз алған бірқатар қа­тысушылар облыстағы машина жасау саласын дамыту мәселелерін тал­қылады. Басқосу барысында БҚО және өзге де өңірлерде трансформатор, сүзгі элементтері, мотор майы және өзге де тауарлар өндіруге ұзақ мерзімдік бес жаңа келісімшартқа «ҚПО б.в.» компаниясы және «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Ақсайгазсервис» АҚ, «Ақсай индустриалды паркі» АҚ, «Сentech» және өзге де отандық өндірісшілер қол қойды. Енді «Орал трансформатор зауыты» Қарашығанақ жобасын өз өнімдерімен қамтиды. Осы келісімшарт арқасында оралдық компания төрт жылға тапсырыспен тұрақты қамтылмақ. Құрылғанына бес жылдай болған «Сentech» компаниясы Атырау облысындағы ірі жер қойнауын игерушілермен әріптестік байланыс орнатқан. Енді Ақ Жайық өңіріндегі «ҚПО» компаниясына өздерінің электр техникалық жаб­дықтарымен қамтуға мүмкіндік алды.
«Кейбір ұсақ компаниялар «ҚПО»-ның тендерлеріне қатыса ал­­­май­мыз деп жатады. Неге?» деген жур­налистер сауалына «Бүгінде 4000-ның үстіндегі компанияның деректері жинақталған «Алаш» базасы жасақталған. Оған кіретін компаниялар қатары күн санап өсуде. Ұсақ компаниялар сапалы өнім өндіретін болса, онда оларға еш кедергі жоқ. Ал өнім сапасы стандарттарға сәйкес келмей, бағадан ұтылып жатса, ол – конкурстық талап, нарық заңы», – деп жауап қайтарды облыс әкімі. Биыл Қарашығанақ кен орнында үш жылда бір рет жүргізілетін үлкен жөндеу жұмыстары жоспарланған. «Бұрын клапан, қақпақты клапан, фланецтер шетелдерден сатылып алынатын. Енді осының барлығын жергілікті «Зенит», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Орал агрореммаш» зауыттар өндіре алады деп әріптестермен келістік. Біздің кәсіпорындардың мұнайгаз саласына шығатын жөні бар, өйткен олар кен орнына қажетті заттарды жасауға әлеуетті», – деді ол.
«Қарашығанақ жобасы күрделі техникалық жоба болғандықтан, техникалық қауіпсіздік мәселесіне қатаң қарайды. Сондықтан тауарлар, қызмет және қызмет көрсетуді сатып алу конкурстарындағы талаптар қатаң. Алайда «ҚПО»-ның бас директоры қазақстандық компанияларға халықаралық стандарттарды қалып­тастырудағы қиындықтарды жеңуге көмектесуге, мамандарды оқытуға, инвестициялауға дайын екендерін айтты. «Жергілікті компанияларды тек Қарашығанақ жобасында көру үшін емес, оларды халықаралық деңгейде танылуы үшін де дамытуды мақсат тұтамыз», – деп жауап берді Блом Эдвин журналистер сұрағына.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру