Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Air Astana: Әуедегі әлемдік деңгей

Air Astana ұлттық әуе тасымалдаушысы операциялық қызметінің 17 жылдығын атап өтті. Ұшуларды бастағаннан бері 44 миллион жолаушыны тасымалдап, 493 мың рейс орындаған ірі тасымалдаушы Орта Азиядағы жетекші әуе компаниясы мәртебесін иеленіп отыр.

Air Astana 2001 жылы Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи авиалайнерлерде ішкі және халықаралық рейстер бойынша әуе қатынасын дамыту үшін әлемдік деңгейдегі әуе компаниясын ашу, халықаралық техникалық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз ету және қазақстандық мамандарды оқыту жөніндегі бастамасымен құрылған болатын.

Осылайша, жаңа, бірегей аспан тасымалдаушысы 2002 жылдың 15 мамырында еліміздің жас астанасына Алматыдан алғашқы рейсін жасады.
Компанияның негізін қалау үшін Қазақстан Үкіметі мен британдық BAE Systems PLC компаниясы әрқайсысы 1,2 миллиард теңге салды. Бүгінге дейін Air Astana мемлекеттік бюджетке 80 миллиард теңгеден астам салық түрінде және басқа да төлемдер жүргізді, 5 мыңнан астам кәсіби жұмыс орындарын ашты. Әуе компаниясының өсуі мемлекеттік бюджеттен қосым­ша шығындарсыз, толық өз қаржысынан және қарыз қара­жаттары есебінен қамтамасыз етіледі, бұл артықшылық оны ең тиімді мемлекеттік инвести­циялардың біріне айналдырды.
Бүгінгі таңда аспан жүргізу­шісінің маршруттық желісі 60-тан астам халықаралық және ішкі рейстерді қамтиды, ал әуе флоты 34 заманауи авиалайнерлерден тұрады. Биыл Air Astana авиапаркі тапсырыс берілген бес ұшақтың ішінен екі Embraer 190 E-2 әуе ке­месімен толықтырылды. Енді осы жылы қалған техниканы жеткізу күтілуде, бұл авиаиндустриядағы озық та энерготиімді флоттың қалыптасуына әсерін тигізеді. Сонымен қатар Airbus A320neo буынының 13 ұшағы ағымдағы және алдағы жылдары жеткізілмек. Қауіпсіздікті басты басымдық ретінде қарастыратын компания халықаралық техникалық стандарттарға сәйкес жұмыс іс­тейді.
Кәсіби кадрларды даярлау – бұл ерекше назар аударылатын жеке қызмет саласы. Air Astana Ab-initio бағдарламасына сәйкес беделді ұшу мамандығын меңгеруді армандайтын қазақстандықтарды жұмысқа алуды жалғастыруда. 2009 жылдан бері компания алдыңғы қатарлы халықаралық ұшу мектептерінде 200-ден астам жас қазақстандықтарды оқытты, олардың барлығы бүгінгі әуе компаниясының пилоттары.
Негізгі әуе тасымалдаушысы ағым­­дағы жылы FlyArystan бюджеттік бөлімшесін іске қосып, жаңа деңгейге шыққаны мәлім. Көптен күткен тұң­ғыш отандық лоукостер 1 мамырда Алматыдан Нұр-Сұлтанға жол тартты. Одан кейін Тараз, Қарағанды, Орал қалаларына рейстер орындалды. Енді таяу уақытта Павлодар мен Шымкент қалаларына тұрақты рейстер ашылмақ. Сонымен қатар қолжетімді бағамен халықаралық рейстерді де ашу жоспарлануда. Бұл – отандық авиация нарығын ынталандырумен қоса халықтың кең ауқымын әуе саяхатына тарту мақсатынан туындаған сындарлы қадам.
FlyArystan бюджеттік әуе ком­па­ниясын құру туралы хабар­ланғаннан бері 90 жаңа жұмыс орны ашылса, ұшуларды орындауды бастағанда олардың саны 150-ге дейін ұлғаяды. Жаңа лоу­костердің іске қосылуы рейстер қатынайтын аймақтарда жанама жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасап, туристік саланың дамуына түрткі болмақ. Бортсеріктерді қабылдауға арнал­ған ашық есік күндерін ұйым­дастыру барысында 70 үміткер барлық сынақтардан сәтті өткен, 31 бортсерік жұмысқа алынып, қазіргі күні Condor халықаралық бортсерік мектебінде оқып жатыр. Сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету агенттері де белсенді түрде қабылдануда. Дәстүрлі әуе­компанияларға қарағанда, бюд­жеттік бөлімшеде олардың жұмысы бірнеше бағдарларды: телефон арқылы қызмет көрсетуді, әуежайда қызмет көрсетуді, әлеу­меттік желілерде жұмыс істеу мен электрондық пошта арқылы сүйемелдеуді қамтиды. Air Astana ұстанымы – қауіпсіздік пен сенім­діліктің жоғары стандарттарына сай болу үшін FlyArystanның барлық жаңа қызметкерлері Air Astanaның тренингтік академиясында міндетті түрде дәріс алады. Осыдан екі жыл бұрын Air Astana бортсеріктерді, механиктерді және ұшқыштарды қабылдау бойынша «Арманыңды іске асыр» кең ауқымды науқанын бастаған болатын. Нәтижесін­де компания ab initio ұшқыштар мен авиамеханиктерді даярлау бағ­дарламасы бойынша жыл бойы үміткерлерді қабылдауда. Оқу орындарында компания туралы, кәсіптік мансап тұрғысындағы таныстырылымдар тұрақты түр­де өткізіліп, компания авиатре­нажерларына экскурсия­лар ұйым­дастырылуда. Ақпараттық технологиялар және қаржы депар­таменттеріндегі тағы­лым­дамалар жастарға кәсіпті мең­геру­ге, сәтті жұмысқа орналасу үшін қажетті дағдылар алуға жол ашады.
Әуе компаниясының өз ұста­нымдарын және жолаушыларға қызмет көрсетудің жоғары деңгейін нығайтуға бағытталған күш-жігер­лері дүниежүзілік TripAdvisor саяхат сайтының назарынан тыс қалмады. Сайт сервистің ең жоғары стандарттарына үздіксіз ұмтылып келе жатқан Air Astana әуе компаниясын «Аймақтық Азия тасымалдаушысы» және «Азиядағы жолаушылардың жайлылығы» номинациялары бойынша Travelers’ Choice Awards сыйлығымен екі жыл қатарынан марапаттады. Саяхаттаушылар борттағы қызмет көрсетуді, салондағы тазалықты, тағам мен сусындарды, орындар жайлылығын, кресло арасындағы қашықтықты, баға мен сапаның үздік ара қатысын, тіркеуді және компанияның ойын-cауық жүйесін жоғары бағалаған. Үздік тасымалдаушылар 2018 жыл iшінде әлем бойынша көрсетілген рейтинг пен пікірлер саны мен сапасын ескеретін алгоритм бойынша анықталды. Сонымен қатар Air Astana – «Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуе компаниясы» номинациясы бойынша Skytrax сыйлығының жеті мәрте жеңімпазы.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру