Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

Активтер 10 триллион теңгеге жуықтаған

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) ағымдағы жылдың төрт айындағы таза инвестициялық табысы 172,4 млрд теңгені құраған – бұл өткен жылдың осындай кезеңіне (181,1 млрд тг) қарағанда 4,8%-ға аз. Түсімдердің бәрінен көбі бағалы қағаздар (БҚ) бойынша сыйақылар есебінен, соның ішінде орналастырылған салымдар мен «кері РЕПО» бойынша – 214,3 млрд теңге сомасында түскен, деп хабарлайды www.finprom.kz сайтынан.

Құрылымдағы екінші орын сырт­қы басқарудан түскен табыстарға тие­сілі екен: 5,4 млрд теңге, таза табыс­тан үлесі 3,1%-ды құрапты. Басқа да табыс­тар – 3 млрд теңге.
Сонымен қатар төртінші ай қа­тарынан бағалы қағаздарды нарықтық негізде қайта бағалау және шетелдік валюталарды қайта бағалаудан болған залалдар тіркеліп отыр. Осы жылдың қаңтар–сәуіріндегі залалдардың жалпысомасы 50,3 млрд теңге, оның ішінде бағалы қағаздарды нарықтық жолмен қайта бағалаудан залалдар – 29,5 млрд тг-ні (бір жыл бұрын 21,3 млрд тг кө­леміндегі табыс тіркеліпті), шетелдік валюталарды қайта бағалаудан залалдар – 20,8 млрд тг құраған (1-таблица).


Қазіргі уақытта зейнетақылық активтерді Ұлттық банк басқарады; БЖЗҚ, өз кезегінде, салымшыларға олардың қорланымдары туралы ақпарат беріп отырады. Айта кету керек, ағымдағы жылдың сәуір айының аяғында Қазақстан Даму банкінің төрағасы Болат Жәмішов БЖЗҚ-ны құрудың қате болғанын айтты. Оның пікірінше, қазір Бірыңғай зейнетақы қорын зейнетақылық активтерді басқаруға бақылау жасайтын өкілеттіктер берілуі тиіс, деп ақпарат таратқан болатын astanatv.kz арнасы.
Зейнетақылық активтердің жалпы сомасы 2019 жылғы сәуір айының аяғына, жылдан-жылға шаққанда, 21,2%-ға артып, 9,9 трлн теңгені құраған. БЖЗҚ инвестициялық қор­жынындағы негізгі үлес ҚР мем­лекеттік бағалы қағаздарының (МБҚ) еншісінде: 42,1% немесе 4,2 трлн теңге (бір жыл бұрын – 45,5% немесе 3,7 трлн тг). ҚР ұйымдарының БҚ-ры мен шетелдік мемлекеттер МБҚ-ры, тиісінше, 2,9 трлн және 1,5 трлн теңгеге тең, үлестері – 28,9% және 15,1%. БЖЗҚ инвестициялық құрылымындағы депозиттер 6,8%-ды немесе 717,9 млрд теңгені құраған.
Өз кезегінде, сыртқы басқарудағы активтер әлі де болса 1%-дан азырақ, анығырақ айтқанда, 0,9%-ды немесе 88,2 млр теңге құрайды.
Қазір зейнетақылық активтерді жеке компанияларға толықтай беру мәселесі әлі сол талқылау деңгейін­де қалып келеді. Қазіргі уақытта ак­тив­терді басқаруға көп жылдардан бері және де кәдуілгідей табысты ма­манданған көптеген халықаралық компаниялар бар (2-таблица).

Активтерді басқару бойынша не­ғұрлым ірі компания – BlackRock, оның басқаруындағы активтер 6,5 трлн долларды құрайды, оған қоса бұл сома 2017 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға артқан.
Vanguard Group басқаруындағы активтерінің ауқымдылығы бойынша екінші орынды иеленген: 5,2 трлн АҚШ доллары. Үздіктер үштігін UBS қорытындылайды: 3,3 трлн АҚШ доллары (3-таблица).


Жалпы алғанда, аса ірі он компа­ниялардың жиынтық активтері 30,2 трлн АҚШ долларын құрапты. Әрине, бұның бәрі – қыруар қаражат. Мәселе, компаниялардың осыншама қаржыны ілкімді игеріп, оңды ретпен игеріп отырғанында. Қазақстанда әлі күнге дейін осынау бір игі істі – активтерді ұтымды орналастырып, одан пайда көруде – тиісті ұйымдардың (биліктің өзінен бастап) белгілі бір шешімге келе алмауы айрықша қынжылтады. Біз атап көрсетіп отырған шетелдік мына компаниялардың осы саладағы табыс­ты нәтижелері ой салса игі.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру