Валюта бағамы: $ 389.59 429.06 6.05 ¥ 55.07

Ауылды ауыз сумен жабдықтау жақсарады

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде, оның ішінде топтық су құбырларын салу мен қайта құруда бірқатар игі істер тындырылды. Топтық су құбырларын пайдалану «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелген, ол сондай-ақ суаратын және су беретін шаруашылық объектілерін пайдаланумен айналысады. Оның теңгерімінде ұзындығы 12080 км 33 топтық су құбыры бар. Бүгінгі күні 6499 ауылдық елді мекеннің 546-сы «Қазсушар» кәсіпорнының топтық су құбырларынан, ал қалған ауылдық елді мекендер коммуналдық және басқа меншіктегі топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Жалпы алғанда 2011-2018 жылдары 1035 км желі салынып, 1441 км желі қайта құрылды, бұл 49 объектіні пайдалануға енгізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде халық саны 553,0 мың адамды құрайтын 268 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылды. 33 топтық су құбырындағы тозу деңгейі 75 пайыздан 56 пайызға дейін қысқарды. Бұған кеткен жалпы шығын 85 млрд. теңгені құрады. Сонымен қатар, 40-50 жылдық пайдалану мерзімінің өтуіне және желілердің тозуына байланысты 12080 км желінің 2281 километрі қайта құруды қажет етеді. Ағымдағы жылы топтық су құбырлары бойынша 12 жобаны іске асыруға 14,6 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде жыл соңына қарай 8 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1185,0 км желі салынып, қайта жөнделіп, жалпы халық саны 126,8 мың адамды құрайтын 68 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жақсартылады. Қол жеткізілген нәтижелермен қатар, сумен жабдықтау мен су бұру секторында пысықтауды қажет ететін бірқатар көкейтесті мәселелер бар. Біріншіден, бұл-коммуналдық кәсіпорындар теңгерімдеріндегі сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерінің тиісінше пайдаланылып, күтіп ұсталмауы. Аталған түйткіл олардың жедел тозуына алып келеді. Қазіргі заманғы тәжірибе сумен жабдықтау мен су бұру секторына салынған инвестициялар халыққа көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығымен қамтамасыз етілуі тиіс екенін көрсетеді. Өз кезегінде, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін тек сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін қайта құру немесе жаңаларын салу жеткіліксіз, олардың тиісінше пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет. Пайдаланушы ұйымдардың ұйымдастырушылық, басқарушылық, техникалық және қаржылық әлеуетін де ұлғайту керек. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының базасында кент ішіндегі желілерімен бірге барлық топтық су құбырларын пайдаланатын бірыңғай оператордың жұмыс істеуі бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек. Ол үшін коммуналдық меншіктегі осы объектілерді кезең-кезеңмен бірыңғай операторға беру қажет болады.
Бірінші кезеңде әкімдіктердің теңгерімінде тұрған 323 ауылдағы республикалық топтық су құбырларына жалғасқан кент ішіндегі желілер беріледі.
Екінші кезеңде 171 ауылдағы кент ішіндегі желілерімен бірге қалған 33 топтық су құбыры беріледі. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, ауылдарда сумен жабдықтау мен су бұру бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ сумен жабдықтау мен су бұру секторын дамытуға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қызметтер суды топтық су құбырларынан субсидияланған тарифпен сатып алып, халыққа үстеме құнмен сататын делдалдарды болдырмай, сумен жабдықтау көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейін көрсетілетін болады. Субсидиялау қағидаларына сәйкес түпкілікті тұтынушы үшін 1 текше метр ауыз су құны суды есепке алу аспаптары болса, 30 теңгеден, олар болмаса, 40 теңгеден аспауы тиіс.
Екінші түйткіл – ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұру жобаларын іске асыруда кешенді тәсілдеменің жоқтығы.
Бірыңғай оператордың барлық топтық су құбырларын және олармен жалғасқан ауылдардағы кент ішіндегі желілерді салу мен қайта құруды өз мойнына алғаны тиісті қызмет түріне арналған қажетті рұқсат беруші құжаттар және лицензия болған жағдайда, тапсырыс беруші мен мердігердің функциясын біріктіріп, өз күшімен құрылысты жүзеге асыруына, мұның өзі жобаларды іске асыру мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді, сөйтіп бірыңғай оператор әрі тапсырыс беруші, әрі пайдаланушы ұйым ретінде объект құрылысының сапалы жүргізілуіне мүдделі болады, объектілерді жобалау мен техникалық қадағалауды оператордың білікті мамандары жүзеге асырады, бұл бюджет қаражатын едәуір үнемдейді. Мамандар сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерін салуға және қайта құруға тапсырыс беруші жергілікті атқарушы орган болып қала бергенін жөн көріп отыр. Ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін дамыту мәселесін үйлестіру және бюджеттік бағдарламаларды әкімшілендіру міндеті аграршыларға жүктелген. Ол сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес елді мекендер шегінен тыс жерлердегі сумен жабдықтау мен су бұруды, ал өндірісшілер елді мекендер шегіндегі сумен жабдықтау және су бұру саласындағы басшылық пен салааралық үйлестіруді жүзеге асырады. Осылайша күш біріктіре отырып, 2022 жылға қарай ауыл халқының ауыз суға қолжетімділігін толық қамтамасыз етуге әбден болады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру