Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

Білім сапасын арттыру – басты міндет

Жоғары білім беруді интернационалдандыруды жақсы түсіну мақсатында ЮНЕСКО-ның білім беру жөніндегі Азия-Тынық мұхиты Өңірлік бюросы (ЮНЕСКО Бангкок) мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросы Азия-Тынық мұхиты өңірінде интернационалдандыру саясаты мен тәжірибесі бойынша көшбасшылықтың аймақтық форумын бірлесіп өткізді.

Іс-шара Корея Республи­касының Мақсатты Қорының қаржылай қолдауымен ұйымдас­тырылды және өз алаңында Білім министрлігінен және Орталық Азиядағы университеттер басшыларынан 50-ден астам делегаттарды, сондай-ақ Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағының жетекші сарапшыларын жинады.
Соңғы онжылдықтардың ма­­ңызды үрдісі экономиканы, бизнесті және қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтитын жаһандану мен интеграцияның қуатты процестері болып табылады. Осы үдерістердің дамуымен жоғары білім берудің ұлттық жүйелері жаһандық үрдістерден тыс дами алмайтындығы және халықаралық компонентті кү­шейту мен интернационаландыруды қажет ететіндігі аса анық көрінеді.
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ау­ғанстан форумда жоғары білімді ин­тернационалдандыру бойынша жүйелі және институционалдық сипаттағы өз тәжірибесі мен практикасын ұсынды. Атап айтқанда, Қазақстан өзінің Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында елдегі шетелдік студенттердің жалпы пайызын арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта Қазақстанда 14 000-ға жуық шетелдік студент, оның ішінде Өзбекстан мен Үндістаннан келген студенттер білім алуда. Қазақстан мен қазақстандық білім беру жүйесін Ауғанстан, Үндістан, Қытай, Түркия, Пәкістан, Египет, Ресей және басқа елдер үшін жобалау-білім беру хабына айналдыру жөніндегі одан әрі міндет қойылып отыр.
Қазақстан жоғары білім берудің еуропалық жүйелеріне сәйкес дәрежелердің үш деңгейлі құрылымын, сапаны қамтамасыз етудің тәуелсіз жүйесін және Ұлттық біліктілік шеңберін (ҰБШ) енгізуді қоса алғанда, Болон процесінің тиісті қағидаттарын қабылдай отырып, өзінің жоғары білім беру жүйесін еуропалық жоғары білім кеңістігімен (ЕЖБК) теңестіруге ұмтылады. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін тең жағдай жасау және кедергісіз қол жеткізу, қашықтықтан білім беру технологияларын кеңейту басымдық болып табылады.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру