Валюта бағамы: $ 385.76 427.89 6.04 ¥ 54.79

Көп балалы аналарға қамқорлық

Қызылорда облысындағы «Жаңақорған» шипажайында еңбек ететін көп балалы және жалғыз басты аналардың еңбекақысы осыдан үш ай бұрын көбейіп, әлеуметтік жағдайлары жақсарған болатын. Енді осы игілікті іс Түркістан облысының «Манкент» шипажайында жалғасын тапты.

– Елбасы – Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көп балалы аналарға әлеуметтік көмектің барлық түрін қарастыру жөнінде тапсырма берген болатын. Мұны еңбек ұжымдары арқылы шешуге елімізде мүмкіндік бар. Мәселен, біз төмен жалақы алатын жұ­мыскерлердің еңбекақыларын көтеру, көпбалалы аналарға жәрдемақы төлеу, өмірге келген әрбір сәбидің ата-анасына материалдық көмек көрсету мәселелерін ұдайы көтеріп келеміз. Бұл өзекті мәселе ұжым­дық шартта көрініс табуы тиіс. «Манкент» шипажайының бас­шылығы да осындай қадамға барып, ұжымда еңбек ететін көп балалы аналарды бір қуантып тастады. Осы шарапатты іс республиканың басқа да еңбек ұжымдарында жалғасады деген ойдамыз, – дейді Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары С.Дәулеталин.
– Біздің шипажайда Қазақ­станның түкпір-түкпірі­нен келіп демалатын қарапайым еңбек адамдары өте көп. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан келетін мұнайшылар да жетерлік. Қыз­метімізге барлығы да риза. Ең­бегіңе алғыс алғаннан артық баға жоқ ғой. Демалушылардың көңілінен шығып, мінсіз қызмет етіп жүрген ұжымның ішінде 11 көп балалы ана бар. Шипажайда барлығы 230 адам еңбек етеді. Ең төменгі еңбекақы 59 300 теңге. Енді оны 15 пайызға көтеруге шешім қабылдадық. Сонымен бірге көпбалалы аналарға жылына екі айлық есеп көрсеткіші мөлшерінде жәрдемақы төлеу мен ұжым мүшелерінің отбасында дүниеге келген сәбиге бір айлық еңбекақы көлемінде көмек көрсетуді ұжымдық шартқа ен­гіздік, – дейді «Манкент» ши­па­­жайының Бас директоры Хамрақұл Азатұлы Құрбанов.
Сондай-ақ «Меркі» шипажайы қызметкерлерінің жала­қысы 1 маусымнан бастап 15 пайызға көтерілгені жөнінде де жағымды хабар жетті.

Ғалым ОМАРХАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру