Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

Нарықта – нақты механизмдер маңызды

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қарапайым заттар экономикасын дамыту және шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселесі қаралды. Бұдан бөлек, отырыста елдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін одан әрі дамытудың тәсілдері мақұлданып, Қызылорда қаласының бас жоспары таныстырылды.

Премьер-министрдің орынбасары Ж.Қасымбек қазіргі күні экономиканың басым салаларын дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шараларын көрсету аясында мемлекеттік органдардың, өңірлер мен даму институттарының өкілдерінің қатысуымен Жобалық кеңсе жұмыс істейтінін айтып өтті. Оның алаңында апта сайын 300-ге жуық отырыс өткізіліп, 1000-нан астам әлеуетті кәсіпкер тындалған. Бизнестің жүйелі проблемаларын шешу мақсатында халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамытудың қазіргі бағдарламасына өзгерістер пакеті әзірленген. Осылайша, 2025 жылға қарай қарапайым заттар экономикасы тауарлары бойынша импорт үлесін 59%-тен 37%-ке дейін төмендетіп, 16 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, салық түсімдерін 1,1 трлн теңгеге арттыру жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 700 млрд теңгеден астам сомаға 900-ге жуық жоба жұмыс үстінде.
Үкімет басшысы халық тұтынатын тауарлар өндірісін одан әрі дамыту бойынша айтылған тәсілдерге қолдау білдірді. Олардың ішінде түпкі қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлемені 9%-тен 6%-ке дейін төмендету, несие мерзімінен 1/3 аспайтын уақытқа жеңілдікті кезеңді енгізу және несиелендіру үшін тауарлар тізімін кеңейту бар. А.Мамин отандық тауар және қызмет өндірушілерді қолдау үшін мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор сатып алуларында қарапайым заттар экономикасына жататын тауарлар мен қызметтердің үлесін арттыру бойынша шараларды қабылдауды тапсырды. Облыс әкімдіктеріне жергілікті қамтуды бақылау бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Алдағы 3 жылда қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға 500 млрд теңге бөлінеді. Шикізаттық емес экспортты дамыту аясында мемлекеттік органдар оған бөлінген бюджет қаражатын толық және уақытылы игеру бойынша жұмысты жалғастырып, шикізаттық емес экспортты ілгерілету тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу қажет, оның ішінде ағымдағы жылдың 24 мамырында Ұлттық инвесторлар кеңесінде бизнес көтерген мәселелер ескерілуі тиіс.
Бүгінде Қазақстанда 821 колледж, оның ішінде 479 – мемлекеттік, 342 – жекеменшік колледж бар. Колледждерде барлығы 488 мыңнан астам адам оқыса, оның ішінде 199 мыңы – «Баршаға арналған ТжКБ» жобасы бойынша білім алады. Жұмысшы мамандықтары бойынша білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова, еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері баяндады.
Премьер-министр техникалық кәсіптік білім беру жүйесінде сапалы білімді, сұранысқа ие мамандықтарды және жұмысқа орналасу кепілдігін алуға жағдайлар жасау қажеттігін атап көрсетті. Бұл жаһандық еңбек нарығының өзгеруімен және экономика салалары, оның ішінде жаппай цифрландыру үшін сапалы кадрлар даярлаудың әлемдік беталыстарының пайда болуымен байланысты. А.Мамин кәсіптік-техникалық даярлау жүйесін жаң­ғыртуда барлық әлеуметтік-эко­номикалық факторларды, оның ішінде оқу мекемелерінің аумақтық қолжетімділігін, көпбейінділігі мен тиімділігін, түлектердің сұранысқа ие болуын ескеру керектігін баса айтты.
Үкімет басшысы жобалық кеңсе құрып, колледждерді сенімгерлік басқаруға қызығушылық танытқан бизнес-қауымдастықпен және ЖОО-лармен әріптестіктің нақты механизмдерін әзірлеуді тапсырды. Мәселен, отандық экономиканың ірі компания көшбасшылары өз сенімгерлік басқаруына шамамен 150 колледжді, университеттер – 50-ге жуық колледжді ала алады. Дуальді оқытуды енгізу мен кеңейту бойынша жұмысты күшейту мақсатында кәсіпорындар колледж базасында орталықтар аша алады. Бұл колледждердің жұмысын жұмыс берушінің сұранысына жақындатып, түлектерге жұмысқа орналасуға кепілдік бола алады. Бұл бағытта табысты тәжірибелер бар. Үкімет басшысы облыс әкімдіктерінің назарын WorldSkills халықаралық жобасына қатысу және жұмыстық құзыреттерін дамыту үшін өңірлерде осы қозғалысқа қатысу үшін барлық жағдайларды жасау қажеттігіне аударды. Тақырыпты түйіндей отырып, А.Мамин кадрларға қажеттілікті болжамдау, колледждер мен білім беру бағдарламаларын жаңғырту, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруды жетілдіру бойынша шараларды әзірлеуді тапсырды. «Әрбір адам өзінің сұранысқа ие мамандық алғанына және кейін жұмысқа орналаса алатынына сенімді болуы керек», – деді Премьер-министр.
Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев облыстың 2022 жылға дейінгі Ке­шенді даму жоспарын таныстырды. Аталмыш жоспар өнеркәсіп, агрокешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, су тасқынына қарсы іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуды қамти­тын 12 бағыт, 119 іс-шарадан тұрады.
Құжат аясында облыстың жол-көліктік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бағытталған шаралар ұсынылды. К.Көшербаев облыс орталығын үздіксіз жылумен қамту мәселесі өзекті екеніне назар аударып, пайдалануға сонау 1964 жылдары берілген қолданыстағы жылу қуаттылығы жабдықтарының тозғандығын, осыған байланысты алдағы уақытта облыс орталығының көпқабатты 700-ге жуық үйі жылусыз қалуы мүмкін екендігін жеткізді. Сондықтан Қызылорда қаласының Жылу электр орталығы жаңғыртуды қажет етеді.

Ботагөз Әбдірейқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру