Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Шындыққа айналған идея өміршеңдігі – теңқұқылық, сенім мен өзара тиімді ынтымақтастықта

Елордамызда, Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық отырысы өтті.

Сарыарқа төріндегі жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, РФ президенті Владимир Путин, Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян, сонымен қатар ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова Республикасы­ның президенті Игорь Додон, құр­метті қонақ ретінде Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон және ТМД атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев қатысты.
Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңестің шағын құрам­дағы отырысын ашқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саммиттің Елбасының еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығы мен Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің 5 жылдық мерейтойларына орай өткізіліп отырғанын атап өтті. «Еуразия­лық интеграция идеясының авторы және бастамашысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жеке құрмет көрсетуге рұқсат етіңіздер. Қазақстанның Тұңғыш Президенті­нің саяси көрегендігінің арқасында еуразиялық интеграция идеясы шынайы жүзеге асырылып, құрлықтың экономикалық және геосаяси ландшафтын қайта қалыптастырған шын­дыққа айналды. Сондықтан оның Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуындағы рөлін ескере ке­ле РФ президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Әбішұлына «Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңесінің Құр­метті төрағасы» атағын беруді ұсынды», – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы ұсынысы үшін Қазақстан Республикасының атынан Владимир Путинге және бастамаға бірауыздан қолдау білдірген кеңеске мүше мемлекеттердің басшыларына ризашылығын білдірді.
Еуразиялық экономикалық одақ­тың Жоғары Кеңесінің шешімімен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы мәртебесі берілді.
Шағын құрамдағы отырысқа Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске мүше мемлекеттердің президент­тері, Армения Республикасының пре­мьер-министрі және Еуразиялық эко­номикалық комиссия алқасының төр­ағасы қатысты.
Отырыс барысында Еуразия­лық экономикалық одақ дамуының өзек­ті мәселелері мен болашағы, соның ішінде цифрлы күнтәртібі мен Одақтың халықаралық қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған макроэко­номикалық саясаттың басты бағ­дарлары қарастырылды. Сонымен қатар, Ресей елінің 2018 жылғы Еу­разиялық экономикалық одаққа төр­ағалық жұмысы қорытындыланды. Өткен жылғы Ресей Федерациясының төрағалығымен өткен кеңес мазмұнды әрі нәтижелі болды. Сол жылы кеден кодексі күшіне енді. Сондай-ақ Қытай және Иранмен халықаралық шарттарға қол қойылды.

Молдова Республикасына Еу­разия­лық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесі берілді. Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының 2018 жылғы Еуразиялық экономи­калық одаққа жасаған төрағалығына жоғары баға беріп, Армения Рес­публикасының төрағалығы да халық­аралық ұйымның нығая түсуіне ықпал ететініне сенім білдірді. «Осыдан тура бес жыл бұрын, 2014 жылдың 5 мамырында осы қалада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды. Осылайша Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өңірлік интеграциялық бірлестікті құру жөніндегі идеясы өзінің өзектілігін, қажеттілігін, өміршеңдігін дәлелдеді және шындықтың бір бөлігіне айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Осынау қысқа ғана уақыттың ішінде біз ЕАЭС аясында ынтымақтастықтың барлық бағыттарында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Ұйымда берік институционалдық негіз жасалып, өзара іс-қимылдың тиімді форматы әзірленді. Қазақстан тең құқылық, серіктестік және өзара тиімділік қағидаттары негізінде Еура­зиядағы экономикалық интегра­цияның одан ары жалғасуын жақ­тайды. Бүгінгі отырыс ЕАЭО-ға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Биылғы жыл Арменияның төрағалық етуімен өтеді. Әріптестеріміздің алға қойылған мақсатқа жетуін және табысты төрағалық етуін тілеймін», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Елбасы шағын құрамдағы басқо­судан кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі
Жиында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төр­ағасы» атағын беру жөніндегі бастамасы үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің барлық мүшелеріне Ресейдің осы ұсынысын қолдағаны үшін ризашылық білдірді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың құрылу тарихына тоқталып, интегра­циялық бірлестіктің Еуразия кеңіс­тігінде қалыптасуының негізгі нәти­желерін атап өтті.
Елбасы Еуразиялық экономи­калық одақ Жер шарының 184 миллион тұрғыны бар орасан зор бөлігінің өмірлік маңызы бар сауда-экономикалық дәлізі саналатынын атап өтті. «Біз бес мемлекеттің күш-жігерін жұмылдырып, орасан зор аумақта бірегей экономикалық одақ құрдық. Біздің бизнес қауым­дастықтарымыз тығыз ынты­мақтасып, Еуразиялық экономи­калық одақтың мүмкіндіктерін пайдалануда. Қазақ­станда Одақ елдерімен бірлесе құрған кәсіпорындардың саны 11 мыңға жетті», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жоғары Еуразиялық экономи­калық кеңестің құрметті Төрағасы әлем елдерінің 40-қа жуығы Одақтың жұмысына қызығушылық танытып отырғанын айтты.


Сондай-ақ, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті тең әріптестік пен бір-бірінің нарығына еркін кіруге қатысты Одақтың реттелмеген мәселелеріне тоқталды. «Елдеріміздің ортақ ғылыми-өндірістік әлеуетін оңтайлы іске асыруды қамтамасыз ететін өнеркәсіптік кооперация әзірге интеграцияның өзегіне айналмады. Одақ алғашқы бес жылдықтағы қарқынды даму сатысынан кейін ілгерілеудің күрделі әрі баяу кезеңіне қадам басты», – деді Елбасы.
Әлемде қалыптасқан жағдайға және өңірлік үрдістерге байланысты Нұрсұлтан Назарбав интеграциялық үдерісті одан әрі дамытуға қатысты өз ойын ортаға салды. «Еуразиялық экономикалық одақтың стратегиялық аясын кеңейтіп, интеграция идеясын ілгерілету қажет. Біз Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік Шығыс Азия елдері ассоциациясы арасында жан-жақты экономикалық ынтымақтастық орнатуымыз керек. Бұл оңай міндет емес. Дегенмен, егер біз бірлесе жұмыс істейтін болсақ, мұндай идеяны ілгерілетуге болады. Еуразиялық экономикалық кеңістіктің мәнісі тұйықталуда емес, керісінше, оны жаһандық өзара іс-қимыл үшін барынша ашық етуде», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бірлескен ірі инфрақұ­рылымдық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар­ды жандандыру қажеттігін айтты. «Қы­тайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы инфрақұрылым мен логистикаға қатысты бөлігінде Еуразиялық эконо­микалық одақ әлеуетінің жалғасы ретінде қарас­тырылуға тиіс. Бұл бастама бәріміз үшін ұтымды болады. Оның эконо­микалық ықпалы орасан зор болып, бірлестіктің ішкі және сыртқы мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізеді», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Осы ретте Елбасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің географиялық тұрғыда өте тиімді орналасқанын ескере отырып, ірі бірлескен жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын үдету қажеттігіне назар аударды. «Ол үшін елдерімізде қуатты базаға ие болып отырмыз. Мәселен, Қазақстан бірқатар ауқым­ды халықаралық жобаны қазірдің өзінде жүзеге асырып отыр. Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстанның көлік-логистикалық активтерінің инфрақұрылымдарын және құзіретін дамытуға шамамен 30 млрд доллар инвестиция салынды. Бұл 5 темір жол мен 6 халықаралық автомобиль бағдарын ашуға мүмкіндік берді», – деді ҚР Тұңғыш Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев мүше-мемлекеттердің ішкі өндірісін дамытуға бағытталған «ақыл­ды интеграцияны» жүзеге асы­рудың маңыздылығына тоқталды. ЕАЭО елдері қандай тауарлар импорттайтынына сараптама жасау керек. Осы орайда Елбасы біз инфляцияның 50 пайызын тұтыну тауарларын импорттаудан алып отырғанымызды айтты. «Барлығымыз да өзімізде шығатын тауарларды импорттаймыз. Машина жасау өнімдерін импорттаймыз, бұл жарайды. Бірақ халық тұтынатын киім-кешек пен аяқ киімді, тіпті азық-түлікті қайта өңдеудің жетіспеушілігі салдарынан импорттап отырмыз, – деді Елбасы. – Сауда теке-тіресі жағдайында нарықтарды жаулау үшін жаңа стратегия қажет. Мысалы, АҚШ пен Қытайдың бір-біріне санкция енгізуіне байланысты өндіріс тізбегінде белгілі бір тапшылық болады. Осы тұста босаған нарықты толтыру үшін өз тауарымызды неге ұсынбасқа? Біз бұл жағдайды ұтымды пайдалана аламыз. Осы және басқа да бастамаларды ескеріп, 2025 жылға дейінгі жол картасын әзрлеуді ұсынамын», – деді Елбасы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев халықтарымыздың игілігі үшін интеграциялық бірлестікті одан әрі дәйекті дамытудың маңыздылығын атап өтті. «Бұл орайда экономикалық мақсаттарға беріктік және міндеттерді тек экономикалық қажеттілік тұрғы­сынан жүзеге асыру ниеті инсти­туттарымыздың жұмысындағы негізгі басымдық болуға тиіс. Баршаңызға толағай табыс тілеймін», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елордада өткен Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңес оты­рысының қорытындыларына ар­налған брифингте Армения пре­мьер-министрі Никол Пашинян күн­тәртібіне шығарылған барлық мәселе бойынша ортақ келісімге қол жеткізілгенін айтты. «Біз Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысын аяқтадық. Мәселелердің кең ауқымын талқыладық және күн тәртібіндегі барлық дерлік мәселелер бойынша келісімге келдік. Бұл – ЕАЭО-ның мерейтойлық отырысы. Еуразиялық интеграция туралы идея осыдан 25 жыл бұрын ұсынылды, ЕАЭО құру туралы шартқа қол қойылғанына 5 жыл өтті. Бұл нышандық мәні бар дата және бұл кездесудің Қазақстан елордасында өтуінің символдық мәні бар», – деді ол.
Армения үкімет басшысы оты­рысқа шығарылған кейбір мәсе­леге қатысты әлі де қайта оралу және пысықтау жұмыстары жүргізілуі қажет екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері жүргізетін болады. «Қазіргі уақытта ЕАЭО-ның сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейту өте маңызды. Бүгінде ЕАЭО-ның Сингапурмен, Мысырмен, Сербиямен, Израильмен, Үндістанмен келіссөздері жүріп жатыр. Меніңше, бұл ЕАЭО елдері үшін өте маңызды бағыттар. Себебі ЕАЭО елдерінің бизнесі үшін нақты мүмкіндіктер аясын кеңейтеді», – деді Никол Пашинян.
Сондықтан Еуразиялық эконо­микалық кеңес отырысы барысында жоғарыда аталған барлық бағыттар бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды. Толықтай алғанда, Никол Пашинян Жоғары ЕАЭК мерейтойлық отырысын сәтті өтті деп бағалады.
Жиын соңында Жоғары Еуразия экономикалық кеңеске мүше мемлекеттер басшылары бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру