Валюта бағамы: $ 389.59 429.06 6.05 ¥ 55.07

Іскерлікке жаңаша қолдау көрсетілмек

Қазіргі таңда «Бизнес жол картасы-2025» бағдарламасына дайындық барысында мемлекеттік институттардың бұдан бұрынғы бағдарламаларын іске асырудың нәтижелері шығарылып жатыр. Ал, бағдарламаның негізгі операторы – «Бәйтерек» холдингі қолда бар құралдарды қолдауды жетілдіріп, жаңаларын даярлауда.

ҚР Ұлттық экономика вице-ми­нис­трі Ермек Алпысов­тың Үкіметтегі мәжілісте жария­лаған мәліметтері бойын­ша, «Бизнес жол карта­сы-2020» (БЖК-2020) бағдар­ламасын жүзеге асыру еліміздің эко­номикасындағы шағын және орта бизнестің (ШОБ) мәнін арттыруға мүмкіндік берген. 2015 жылдан бастап Қа­зақ­станның ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі – 24,9%-дан 28,3%-ға дейін өсті.
«Бәйтерек» холдингі – өзінің еншілес ұйымы «Даму» іскерлікті дамыту қоры арқылы БЖК-2020 бағдарламасының негізгі операторы болып табылады. Сонымен қатар шағын және орта іскерлік субъектілері бағдарламаның мына үш бағыттары бойынша: шағын/моно қалалар мен селолық жерлерде (салалық шектеулерсіз), экономиканың басымырақ секторларында және экспортер-кәсіпорындар ретінде қолдауға ие бола алады.
Атқарылған осындай жұ­мыс­­тардың нәтижесінде 2010 жылдан бері 13 мың жо­баға субсидия берілсе, осы бағ­дарламаны іске асырудың бүкіл кезеңі аралығында 5 мың жобаға кепілдік берілген.
БЖК-2020 бойынша 2018 жылдың қорытындылары / Инфограмманы «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы холдингі (ҰБХ) баспасөз қызметі ұсынған
– «БЖК-2020» бағдарла­масы жүзеге асырылған жыл­дарда соған қатысушылар 900 миллиард теңге салық төлепті, 13,5 трлн теңгедей болатын соманың өнімін шыға­руды қамтамасыз еткен. Бағдарламаны іске асыру­дың арқасында 89 мың жаңа жұмыс орны құрылып, 312 мың жұмыс істеп жатқан жұмыс орындарына қолдау көрсе­тілген, – деп атап көрсетеді «Бәй­терек» ҰБХ АҚ басқарма төр­ағасы Айдар Әріпханов.
Бұдан басқа, оның ай­ту­ынша, бағдарламаны жүзе­ге асыруда аймақтар іс-қимы­лы­ның үлкен маңызы бар. Холдинг облыстардың әкім­дік­терімен белсенді жұмыс істейді. 2018 жылы қаражат­тандыру (субсидиялау) аясын­дағы кредиттердің сомасы бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау облысы көш бастаған. Кепілдік беру ая­сындағы кредиттердің сома­сы бойынша – Ақтөбе облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы көш басында.

Бұл аймақтарда қазрдің өзінде табысты жобалар бар. Мәселен, Түр­кістан облысындағы «Бал Текс­тиль» ЖШС кілемдердің 500-ден астам сан­алуан түрлерін өндіреді және бүкіл әлемге әйгілі IKEA сауда белгісі үшін тұңғыш қазақстандық өнім жеткізуші болып табылады. Осы облыстағы «Билал» компа­ниясы ұнтақталған кофе өнді­рісімен айналысады.
– Шығыс Қазақстан облысында аса ірі мұнай өнеркәсібі және бұрғы­лау геологиялық барлау жабдықта­рын шығарушылардың бірі «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» қол­дауға ие болды. Қарыз сомасы 1,2 млрд теңге. Алматы облысында «Асыл Құс Агро» компаниясы құс фабрикасы құрылысына және құрал-жабдықтарына 1,3 млрд теңге несие алды. Бұл нысанда қазірдің өзінде 170 жұмыс орны ашылған, – деп хабарлады Айдар Әріпханов.
Әлеуметтік сипаттағы жобалар­дың пайда бола бастауы да қызық­тырады. Ақтөбе облысында хол­дингтің қолдауымен жеке мектеп, ин­тер­наттың құрылысы салынып жатыр, мемлекеттік-жеке серіктестік аясында шақыруы жылына 200 мыңға жететін жедел медициналық көмек қызметін көрсету бойынша жоба жүзеге асырылуда.


Холдинг басшысының ай­туынша, мұндай мысалдар өте көп, олардың әрқайсысы өз алдына ерекше, сон­дай-ақ нақты экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешеді. Сонымен қатар, «Бизнес жол кар­тасы–2020» бағдарламасының іс-қимылы 600 млрд теңге көлемінде тағы бес жылға бюджеттік қолдау көрсетілу арқылы ұзартылса, оларға талдау жасалып, ең тиімді бағдарламалар пайдаланылуы тиіс.
Мәселен, А.Әріпхановтың ай­туынша, қаражаттандыру мен несие беру бойынша айналым қаржы­сын толықтыруға кредиттер көлемін 60 млн теңгеден 360 млн теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Бұдан басқа кредит мақсатының тізбесі кеңеймек – енді жұмыс істеп жатқан бизнестерінде қазақстандық және шетелдік франчайзингті қолдануымен өз іскерліктерін бастап жатқан жаңа бағыттарды дамытып жүрген кәсіпкерлер қолдауға ие болады. Бұдан басқа, бағдарламаға қатысушы-операторлар тізбесі де кеңейеді – олардың қатары­на микроқаржы­лық ұйымдар қосылады, сондай-ақ мемлекеттік грант сомасы 3 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін артады.
Бизнесті қолдау бағадрламасын жүзеге асырудағы басты рөлінен өзге, холдинг енді Қазақстанда венчурлік инвестициялауды енгізу бойынша прогрессивтік міндетті де өз мойнына алып отыр. Соның ішінде, жаңа міндеттерге арнайы қайта құрылған “QazTech Ventures” АҚ екі венчурлік қор құруды жоспарлап отыр, бірі – Назарбаев университетпен, ал екіншісі – сингапурлік компа­ниялармен. Бұдан басқа, QazTech Ventures бизнес-инкубаторларды дамытумен айналысады. 2019 жылы үш бизнес-инкубаторлардан кем емес компанияларға қолдау жасау жоспарланған.
– Қаржылық қолдаудан басқа, бизнес-инкубаторлардың кәсіби құзіреттері мәселесі айрықша өткір. Осыған байланысты QazTech Ventures сырттан шақырылған сарапшыларды тарту жолымен, жобаларды коммер­цияландыру мәселелері бойын­ша инкубаторлар қызметіне методо­логиялық, кеңестік қолдауды іске асыратын болады, сондай-ақ бизнес-инкубаторлар резиденттерінің жоба­ларына гранттық қолдау алуына ықпал ететін боламыз, – деп атап айтты «Бәйтерек» ҰБХ басшысы.
Жаңа ақпараттық, қаржылық технологияларды қолдану түріндегі тың сын-тегеуріндер қолдау құ­ралда­рына талаптарды да туын­датып отыр.
– ШОБ-ты одан әрі ынта­ландыру үшін, кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолайлы жағдайлар жасауға бағыт­талған, өзгертулердің жетінші дестесі қабылданды. Биз­нес жол картасын 2025 жылға дейін созу аясында бағдарламаның тұғырнамасы жасалды, жұмыс тобы құрылды және оны тал­қылау басталды. Кепілдеме үшін кредит көлемін арттыру, микро­қаржылық ұйымдарды тарту, айналым қаржыларының үлесін көбейту жолымен, жобалардың тиімділігіне талаптарды арт­тырып, кепілдемелер бойынша жүктемелерді төмендетуге қа­тысты қаржылай қолдауды же­тілдіруге бағытталған өзгерістер даярланды. Франшиза сияқты мемлекеттік бағдарламалардың құралдарын кеңейту қажет. Бизнес-қауымдастықты бағдарламаны дайындауға белсенді түрде қа­тысуға шақырамыз, – деп іскер кәсіпкерлерді үндейді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру