Валюта бағамы: $ 385.76 427.89 6.04 ¥ 54.79

Егінді нартәуекел еткендер егеді

Соңғы 10-15 жыл көлемінде Батыс Қазақстан облысында да тұқым шаруашылығы дамымай, құлдырап кетті. Өңірді бірегей және элита тұқыммен қамтитын Орал ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясының материалдық-техникалық жағдайы мүсәпірленіп, тұқым шаруашылығы, ғылыми-зерттеу орталығы ретінде уақыт көшінің шаңында қалды.

Іргелес Ресейде тұқымның неше атасы болғанымен, олардың барлығы бірдей кейбір көрсеткіштер бойынша талап деңгейінен шыға бермейді. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, бұдан бұрынғы жылдары Ресейдің іргелес облыстарынан құжаты дұрыс, бірақ іс жүзінде сапасы нашар тұқым сатып алып, шығынға батқан шаруалар тұқым жаңартуға аса құлықты емес.

Күзде тұқым бағасы арзан болғанымен, көктем шыға нарықтағы сұраныстың өсуімен бағасы аспандап шыға келеді. Қаржыдан онсыз да қиналатын кей диқан «қалдық» қағидаты бойынша егетін тұқымды асығыс сатып алып, «арзанның суы татымастың» кебін киетіні тағы бар. Әсілі, бірегей тұқымды өндірісші мен тұтынушы арасындағы араны ашылған делдалдан емес, тұқым өндірушіден тікелей сатып алғанға не жетсін?! Алайда шаруалардың көпшілігінде тұқым сақтайтын қойма жоқ.
Сала мамандары көктемгі егіс науқанынан екі-үш ай бұрын тұқым сапасын тексертіп алудың тиімділігін алға тартады. Ең дұрысы – сапалы тұқымды өз облысымызда өндіру. Соған орай биыл өңірімізде тұқым шаруашылығының консорциумын құру жұмыстары қолға алынған. Тұқым шаруашылығында мұндай жаңа жүйенің құрылуы селекционерлер мен тұқым өндірушілердің өзара байланысын нығайтып, сырттан контрафактілік жолмен келетін тұқымдарға тосқауыл болмақ. Ең бастысы, консорциум ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жоғары сапалы тұқыммен қамтамасыз етеді.

Өзіндік құны қымбат, бағасы су татымайды

Агроном мамандар егін шаруашы­лығындағы қалыптасқан тұқым егудің әдістемесі бойынша өңірді өзіндік табиғи ерекшелігіне қарай элиталық тұқым барлық егіс алқабының 10%-ын, бірінші репродукциялық тұқым 22%-ын, бірегей тұқым 5-6%-ын құрауы тиіс деседі. «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы» ЖШС БҚО-ның маңдайына біткен жалғыз аттестатталған элиталық тұқым шаруашылығы саналады. Біздегі өзге тұқым шаруашылықтары элиталық тұқым өндірмейді. Сон­дықтан жалғыз элита тұқымын өндірушісінің өнімдерін өзге тұқым шаруашылықтары тұтынады. Олар ондай тұқымды одан әрі өсіріп, көбейтіп, басқа егін салумен ай­налысатын шаруашылықтарға ұсынады.
Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы директорының орынбасары Валентина Лиманскаяның айтуын­ша, ғылыми-зерттеу институты ретінде станцияда түрлі дақылдың 19 сұрыпына (бидай, жаздық бидай, арпа, сұлы, тары, ноқат және өзгелері) тәжірибе жасайды. Осы уақытқа дейін онда майлы дақылдар сұрыптары зерттелмейтін. Енді бұл мекеме тұқым өткізуші ретінде аккредиттеуден өтіп, консорциум құрамындағы тұқым өткізушілердің қатарын толық­тырады. Мұның өзі облыстағы егін шаруашылығы алқаптарын әртарап­тандыру талабынан туындап отыр деуге болады. Биыл «Тұқым шаруа­шылығы туралы» жаңа заң бойынша аудандастырылған деген түсінік алынып тасталмағанмен, көмес­кіленген, яғни тұтынушыға ұсыны­латын тұқым деп түзетілген. Мұн­дай тұқым да аудандастарылған тұқым­мен қатар субсидияланатын болады.
Станция тұқым селекциясы жаңа тұқым сорттарын шығару жұмыс­тарымен айналысады. Кеңестік заманда станцияны мемлекет қамтамасыз етті, қаржыландырды. Ал, одан кейінгісі… «Ғылым өзін-өзі ешуақытта қамтамасыз еткен емес. Мен станцияда 1992 жылдан жұмыс істеймін. Содан бергі уақытта станцияда бірде-бір жаңа техника мемлекет есебінен тегін алынған емес. 2000 жылдың басында бірнеше комбайнды лизингке алып, оны он жылдан астам мерзімде әрең төлеп бітірді. Одан кейін «КазАгроИнновация» АҚ-ның (мемлекеттік мекеме) құрамында болғанда, 6-7 бірлік техника алынды. Қазір «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ деп атауы өзгертілген мемлекеттік компания қарамағына Ақтөбедегі, Оралдағы екі станция бір жылға сенімді басқаруға берілді», – деді В. Лиманская.
Тәжірибелік станция мемлекеттік тапсырманы орындайды. 2018 жылы тәжірибелік алқаптардағы дәнді дақылдардың әр гектарынан орташа түсім 2,5 центнерді құраған. Сонымен қатар егістік жерінің 745 гектары есептен шығарылған. Мамандардың есебінше, өндірістік шығындарға орай өткен жылы алынған тұқымдардың өзіндік құны тоннасына 250 мың теңгені құраған. Өзіндік құнның мұндай қымбатшылығы қалыбында даму мүмкін бе? Бірегей немесе элита тұқым алу үшін станция селек­ционерлері, ғалымдары ұзақ жылдар бойы еңбектенеді. Масақтағы дәнді жинап алып, оны супер элитаға жеткізуге кететін жеті жылғы барлық шығын элита тұқымның өзіндік құнын құрайды. Оның бір тоннасының бағасы қазіргідей 100 мың теңге тұрмауы тиіс, оның нарқы одан қымбат тұрады. Сондықтан станцияны дотациясыз, өз күшімен дами алады деу қиын.

Жаңа сорттардың  болашағы мол

Облыстағы диқандардың қолында өткен ғасырдың 70, 90-жылдарындағы тұқым сорттары бар. Әдістемеге сәйкес белгілі бір сұрып бес-алты жыл көлемінде пайдаланылады. Моральдық тұрғыдан ескіргенінің орнын жаңа тұқым сорты басуы тиіс. Бірақ бұл іс жүзінде орындалмайды. Селекционер ғалымдар жаңа тұқымды қолданысқа енгізудің қиындығын алға тартады. Мысалға, «Саратовская-42» бидай тұқымының өзі (түпнұсқасы) «Саратов облысындағы «Юго-восток» институтының өзінде жоқ көрінеді. Бүгінде шаруалар осы тұқымға ділгір. Басқа тұқымды пайдаланып, егіп көрген диқандар қайта айналып, осы тұқымды іздейді. Арпадан «Донецкий-8» тұқымы өзі «дүниеге келген» Украинаның Донецкий ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында таусылған. Оның диқандардың сұранысына ие болатын жөні бар, өйткені «Донецкий-8» тұқымы жергілікті табиғатқа бейімделген, құрғақшылық жылдары да жақсы өнім береді. Қазір «Саратовская-42» тұқымының орнын оған ұқсас «Альбидум 31, 32» бидай тұқымдары басқан. Орал ауыл шаруашылығы станциясының ғалымдары Краснокутский ауыл шаруашылығы тәжірибе станция­сының жаңағы қос тұқымының авторларымен бірігіп, бидайдың «Красноуральский» деген жаңа сұрпын шығарды. Бірақ ол әзірге көбейтілу үстінде. Оған патент алынып, тәжірибе алқаптарында жақсы өнім берсе, 2020 жылға қарай бір партиясын диқандарға ұсыну жоспарланған. Бұдан бұрынғы «Вол­гоуральская» сорты да Ресейдің се­лекционер-ғалым Н. Тулайков пен Самара ауыл шаруашылығы ғылы­ми-зерттеу институтымен бірлесіп шығарылған. Ол осыдан 5-6 жыл бұрын өңірдің егістік алқабының 50 пайызын қамтыды. «Волгоуральская» сортты бидай дәнінің жұмсақ болуы нан өндірісінде өнімнің сапасын жақсартуға, макарон өндірісінде тамақ бояғыштарынсыз-ақ пайдалануға жарамды. Сондықтан бұл сортқа әлі сұраныс болады деп болжайды селекционер-ғалымдар. Жаңа «Орал» сорты жергілікті станцияның және А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми орта­лы­ғымен бірлескен ізденістің нәти­жесінде пайда болды. Оны көбейту жұмыстары құрғақшылыққа байла­нысты кешігуде.

Тобықтай түйін: егіншілікке жаңа леп керек

БҚО, негізінен, аграрлық ай­мақ болғандықтан, егін және мал шаруашылығы секілді қос саланы қатар ұстап дамытуға жаңа көзқарас қажеттігі сезіледі. Теріскейдегі диқандар дәнді дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 40 центнерден өнім алады. Ал өнімі гектарына 5 центнерден шықса, ондай егінді жинауды тиімсіз санайды. Өңірдің шаруалары 5 центнер өнімге шүкіршілік етеді. Алайда өндіріс­тік шығындар қомақты. Егіннің шығымдылығы төмен болғандық­тан, егін шаруашылығының даму қарқынын арттыру қиын. Кей жылдары гектарынан 17 центнерден өнім алып, диқандардың бөрікті аспанға атқан кездері болды. Бірақ соңғы он жылдың көлемінде гектарына 7 центнерден өнім алынуда. Осыдан-ақ сырт көзге бәрі айқын көрініп, егіншілікке жаңа леп енгізу қажеттігі сезіледі.
Егін шаруашылығымен айна­лы­сатындар мал азықтық дақыл­дарды өсіру біздің өңіріміздің оң жамба­сына келетінін айтады. Ондай дақылдар құрғақшылыққа, құбылмалы ауа райына төзімді. Сол себептен де осындай дақылдарды өсіруге бетбұрыс, яғни бірте-бірте көшудің дұрыстығы сезіледі. Өйткені егіншілердің қолында дәнді дақылдар егістігіне қажетті бірыңғай техника, ал мал азықтық дақылдарға мүлдем өзге техника қажет. Дегенмен өңірдегі егін егу мәдениеті жыл санап өсе түсуде. Бұрындары тек бидай егетін шаруалар қазір өзге де дақылдарға мойын бұруда.

Серік ЖАРЫЛҒАПОВ, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы:
– Егінмен айналысатын кейбір шаруашылықтар 10-15 жыл бұрынғы дәнді дақылдар тұқымын елеп-елеп тазалап, соны пайдалануда. Оның аталығы, аналығы жоқ, көбісі өлі тұқым. Тұқымын жаңартып, агротехникалық шараны уақтылы жүргізіп отырған жер пайдаланушылардың егіні жыл сайын өнікті. Сапалы тұқым қымбат тұрады, бірақ қымбат болса да, жылдам өтіп кетеді. Ресейдің облыстарынан тұқым сатып алғысы келетіндерге қажетті ақпараттармен бөлісіп отырамын. Бірақ шаруалар тұқым сатып алуға, қолындағысын жаңартуға құлықты емес. Облысты түгелдей тұқыммен қамтитын Орал ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасында тұқым шаруашылығын жандандыру жұмыстары енді қолға алынуда.

Ғазиз РАБАЕВ, Теректі ауданындағы «АгроСервисБатыс» ЖШС-ның директоры:
– Тұқым шаруашылығы ретінде Ресейдің Саратов қаласындағы Оңтүстік-шығыс ғылыми зерттеу институты филиалымен тұрақты байланыстамыз. Жылда жаңа тұқым сатып аламыз, бірақ оны өткізе алмаймыз. Бірен-саран шаруа болмаса, жаңа тұқым алуға деген құштарлық жоқтың қасы. Оның үстіне тұқым бағасы да арзан емес. Былтыр тұқымның тоннасын 100 мың теңгеден алсақ, биыл 130 мың теңге болып кетті. Қазір «Добрыня», «Саратовская-73», «Фаворит», «Лебедушка» сынды жазғы бидайдың жаңа тұқымдарын бар. Бірақ сұраныс жоқ болғандықтан, көктемде сатып әкелген тұқымды, күзде элекваторға өткізіп жібереміз. Жалпы шаруашылықтардың көпшілігі егін егуде агротехникалық талаптарды сақтамайды. Тұқым жаңалаудың пайдасы мол. Қуаңшылық жылдарының өзінде біздің шаруашылық гектарынан 10-12 центнерден өнім алады. Сондықтан шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктіріп, күшейту керек. Тұқым шаруашылықтарына молырақ субсидия берілсе, олар өз кезегінде онымен шығынын жауып, шаруаларға тұқымды арзанырақ бағаға ұсынар еді.

Валентина ЛИМАНСКАЯ, «Орал ауыл шаруашылғы станциясы» ЖШС директорының орынбасары:
– Егін егуде аудандастырылған тұқым сорттарына иек артқан жөн. Өйткені ондай сорт түрлері сынақтан өткізілген, өңіріміздің құбылмалы табиғат жағдайына бейімделген. Мысалға, өткен жылы құрғақшылық салдарынан кейбір аудандарда (Сырым ауданында, Орал қаласы маңындағы шаруашылықтарда) егіннен өнім болмады, ал қайсыбір аудандардағы шаруашылықтар орташа өнім алуға қол жеткізді. Өңірімізде егін шаруашылығы нартәуекелді қажет етеді. Сондықтан топырақтағы ылғалды сақтау технологиясына барынша сүйену керек. Өткен жылы 65 күн бойы жаңбыр жаумады. Осындай құрғақшылық жағдайында нағыз керемет деген тұқымның өзі өнім бермес еді.
Бүгінде дамыған елдер стриптил технологиясына көшті. Осы технологияның өңірімізге қолайлы «қатып кететіне» көзім жеткендей болды. Онда топырақты өңдеу, гербицидтік препараттармен, зиянкестермен күрес шаралары қолданылады. БҚО-ға бұл технологияны енгізуге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ондай технологиялы тұқым сепкіш жоқ. Ғылым дамымай, шаруашылықтың дами қоюы қиындау.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру