Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

«Қарапайым заттар экономикасының» қадамдары

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алға қойылған міндеттерге сәйкес отандық кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Аталған құжат іскер жандардың қолайлы салық мөлшерлемесі арқылы жатар орын, ішер тамақ, киер киім сынды халықтың күнделікті тіршілік мұқтаждарын өтеуін көздейді. Бағдарламаны орындау мақсатында отандық кәсіп­орындарға 600 млрд теңге көлеміндегі қолжетімді кредит бөлудің айрықша шарттары қарастырылған.
Бұл жобаны іске асыруға шағын және орта бизнес өкілдерін белсене тарту мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының негізінде мемлекеттік органдардың, өңірлердің және даму институттарының қатысуымен «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту жөніндегі жобалық кеңсе жұмыс істей бастады. Кеңсе алаңында апта сайын өтетін отырыстар негізінде 300-ге жуық жиын өткізілді, барлық өңірлерден келген 1000-нан астам әлеуетті кәсіпкердің пікірі тындалды, бизнес алдында тұған міндеттер анықталып, бағдарламаны жетілдіру жөніндегі кешенді ұсыныстар әзірленді. Солардың негізінде кепілдік құралдарын енгізуді, айналым қаражатын толықтырудағы қаржыландыру мөлшерін 30 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтуды және құс еті мен мақта талшығы сияқты бірқатар тауарларды тізімге қосуды қарастыратын түзетулер қабылданды. Аталған өзгерістер 150 кәсіпорынға 270 млрд теңге сомасында қолдау көрсетіп, 10 мыңнан аса жұмыс орнын құруға, бюджетке түскен салық көлемін 38 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жобалық кеңсе жұмысында барлығы 700 млрд теңге сомасына 900-ге жуық әлеуетті жоба қаралу үстінде. Оның ішінде екінші деңгейлі банктер құны 25 млрд теңге болатын 41 жобаны мақұлдады, оған қоса 111 млрд теңгеге 126 жоба қарастырылуда. Салалар бойынша тамақ өнеркәсібі, агрокешен, жеңіл өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларындағы жобалар бойынша бизнестің қызығушылығы жоғары болып отыр. Бұдан басқа, қазіргі уақытта кеңсе негізінде бағдарламаға қосылатын түзетулердің екінші жиынтығы әзірленуде, онда мемлекеттің субсидиялайтын бөлігі белгілене отырып, соңғы қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлемені төмендету ұсынылады. Бұл өзгеріс кәсіпкерлер үшін несие құнын арзандатуға мүмкіндік береді және бағдарламалар арасындағы сәйкессіздікті жояды. Екінші түзетулер қоржыны қарыз қаражат мерзімінің үштен бір бөлігінен аспайтын мөлшерде несие бойынша жеңілдетілген, 2 жыл 3 айдан аспайтын кезеңді енгізу және бағдарлама аясында несиелендіру үшін жаңа тауарларды қамтуды қарастырады.
Несиелендіру бағдарламасын ойдағыдай іске асыру 2025 жылға қарай бағдарлама шеңберінде несиелендірілген тауарлар бойынша импорт үлесін 59 пайыздан 37 пайызға қарай төмендетуге, 16 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, салық көлемін 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Отандық кәсіпорындарды қаржылық қолдауды күшейту мақсатында алдағы 3 жылда 500 млрд теңге, оның ішінде «Бәйтерек» холдингінің құралдары арқылы 470 млрд теңге бөлінетін болады. Даму желісі бойынша экспортты қаржыландыру көлемі 3 жыл ішінде 300 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша жүйелі шаралар әзірленді: ағымдағы жылғы шілдеден бастап білікті жеткізушілер тізіліміне енгізілген өндірушілер арасында ғана «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын сатып алуды белгілейтін нормалық құжат қабылданды. Бұл тізілімге енгізудегі жалғыз өлшем индустриалдық сертификат болып табылады. Тиісті мемлекеттік орган «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, құрылыс және жобалау бойынша үлгілік келісімшарттар әзірледі, оған құрылыс материалдарын жобалау және сатып алу кезінде отандық өнімдер тізілімін міндетті түрде пайдалану жөніндегі талаптар енгізілген. Ағымдағы жылдың маусым айында олар толығымен құқықтық базаға кіріктірілетін болады. Биылғы наурызда бекітілген жеңіл, тамақ және жиһаз өнеркәсібін, сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіруді дамыту жөніндегі жол карталарын орындау шеңберінде мемлекеттік органдар мен өңірлер үшін жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторлар әзірленді. Биыл маусым айында олар бекітіліп, орындау үшін өңірлерге жіберілетін болады.
Отандық тауар өндірушілерден өнім сатып алуды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмыс істеуде. Олардың «қарапайым заттар экономикасы» тауарларына қатысты өкілеттігі кеңейтілді. Бұл комиссиялардың міндеті сатып алу жоспары мен нақты көрсеткішке, сондай-ақ жергілікті қамту үлесіне бақылау жасап, нәтижелері жөнінде билік органдарын апта сайын хабардар ету болып табылады. Қолға алынған шаралар негізінде халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамытудың қазіргі бағдарламасына енгізілуге тиісті өзгерістер әзірленді. Олардың ішінде түпкі қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлемені 9 пайыздан 6 пайызға дейін төмендету, несие мерзімінен аспайтын уақытқа жеңілдікті кезеңді енгізу және несиелендіру үшін тауарлар тізімін кеңейту бар. Сондай-ақ мұнда шикізаттық емес экспортты дамыту аясында бюджет қаражатын уақытылы игеру шаралары да көрініс тапқан.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру