Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

Қонақжай халықтың болашағы жарқын

Ұлы даланың дана ойшылы Конфуций елі

Қазақстан Республикасында туризмді әрі қарай дамыту үшін барлық қажетті, мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар бар. Осыған байланысты республика Үкіметі өзінің ұзақ мерзімді дамуы жөніндегі бағдарламасында туризмді экономиканың маңызды салаларының бірі ретінде жариялағаны белгілі.

Өйткені Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы Қазақ­стан халқына арнаған Жол­дауында Қазақ­стан Респуб­лика­сының турис­тік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру керектігін атап өткен болатын.
Туризм біздің елде жаңа­дан қа­лыптасып келеді. Ал Шығыстағы алып мемлекет Қытай­­дың туризмі өте жақсы да­мыған. Жақында Алматы қала­сын­дағы Қытай Халық Рес­публика­сының Бас консулдығының ұйымдас­тыруымен бір топ журналист қауымы Қытайға барған болатын. Алғашқы сапарымыз ел астанасы Бейжің қаласынан бас­талды. Дүниежүзілік өркениетке сүбелі үлес қосқан, өзіндік бай мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар, бүгінде қарышты қадамдарымен экономика, бизнес, инновация және тағы да бас­қа салаларда бәсекелестерінен оқ бойы озық шығып, дамудың даңғыл жолына бет алған алып мемлекеттеміз. Бұрын-соңды ат басын бұрмаған жерге келу – көкейіңде көп сауалдарды туындатып, әртүрлі ойларға да шомдыратыны бар. Өйткені, таным көкжиегің кеңейіп, алдыңнан бір жаңа дүниелер шыға бастайтыны мәлім. Бейжіңге кіргеніміз­де басқа әлемге тап болғандай әсер алдық. Өйткені бірнеше мыңжылдық тарихы бар бұл қала өзіндік қолтаңбасы, әсемділігі, шығыс пен батыс, сонымен қатар бүкіл халыққа негізделген алып та көркем шаһар екендігімен ерекшеленеді екен.
Тәулігіне мыңдаған ұшақтар ұшып келіп, ұшып кетіп жататын Бейжің әуежайының ішінде ығы-жығы халықты байқай алмадық, бірақ сыртқа шыққанымызда, жолаушылар қарасының сәт сайын көбейіп жатқанының куәсі болдық. Сары түске боялған таксилер бірінен соң бірі тоқтап, әртүрлі жастағы азаматтар қол­жүк­терін түсіріп, содан кейін әуежайды бетке алып, әйтеуір, сырт көзге тынымсыз бір шақты елестеткендей. Қаланың өмірі де жаңа күнге серпін бергендей: көшелер жүйткіген көлік­терге, жұмысына асыққан адам­дар­ға тола бастаған шақ. Басқа елге келгенімізде әдетте ауа райын салыстыратынымыз бар емес пе, мұнда ауа райы – аса дымқыл болып көрінді. Дегенмен де біздің делегация сәтті келгенін айтып жатты. Бейжіңге көктемнің соңғы айы мен күз мезгілінің ең алғашқы айында барған дұрыс көрінеді. Бұл кезде ауа-райы ыс­тық та емес, суық та емес, жылы әрі аздап жаңбырлы болады екен.
Әдемі көпірлер мен қоғамдық көліктер көздің жауын алады. «Цзянь Го» мейрамханасына келгенімізде тамақтардың небір түрін көрдік. Тіпті тағамның сапасы өте жоғары екендігін әрі аспазшылар бар ынтасымен тәп-тәтті дайындайтынын көрдік. Бұдан кейін делегация мүшелері Бейжіңнің теміржол бекетіне барып, Цзинань қаласына қарай жолға шықтық.


Цзинань қаласы Шэндон про­­винциясының орталығы бо­лып саналады. 8177 шаршы шақырым жерді алып жатқан бұл қалада 3,5 миллионнан астам адам тұрады екен. Қала­сында ағаштар жайқалып өскендігін әрі жапырақтарында ешқандай да шаңның жоқтығын көргенде таңғалдық. Шаһарда жаңадан салынып жатқан зәулім үйлер мене биік ғимараттар көздің жауын алады. Ауа райы үнемі жаймашуақ болып тұратындықтан ба, жергілікті халқының да жүзінде жылулық байқалып тұрады. Бұл қалаға келуі­міздің басты себебі халықаралық форум болатын.
Белгілі философ, ойшыл, Конфу­цийдің (Құң-зы) отаны Цюйфу қала­сына қарай жолға шықтық. Жасыл желекке көмкерілген табиғат әсемділігінде шек жоқ. Ең бастысы Цюйфу қаласында журналис­тер қауымы ұлттық киім ханьфуды киіп салтанатты шараға қатысты. Храмдарға барып, Конфуцийдің үйінде болып, үлкен әсер алдық. Бұдан кейін каллиграфиялық жазуды үйрендік. Қытай иеро­глиф­терімен танысып, жергі­лік­ті қа­уым өкілдерімен жылы шырай­лы әңгімелестік. Байқаға­ны­мыздай Қытайда бәрі де өз ана тілін­де сөй­лейді екен. Қытай­ша жөнді біл­мей, ағылшын ха­лық­ара­лық тіл ғой түсінеді десек, жергілік­ті халықтың көбісі білмейді екен. Есесіне орыс тіліне құрмет жоғары екен. Бұл бірін­шіден, Қытай мен Ресей, сонымен қатар ТМД мемлекеттері ара­сын­дағы байланыстың жақ­сы екендігін көрсетсе, екіншіден, Кеңес одағының идеологиясын қабылдаған Шың елі бұрынғы одақтас 15 мемлекетке аса құр­мет­пен қарайды екен.
Жалпы аумағы 815 шаршы ша­қырым, ал халқы 600 мыңнан сәл асатын киелі, Конфуцийдің туған өлкесі Цюйфу қаласы сабырлы шаһар екендігін танытты. Жергілікті халық, асықпай, бәріне сабыр мен байыппен қарап, күлімсіреп жүретінін байқадық.
Провин­ция құра­мына кіре­тін Цюйфу қаласы осылай­ша бізге ыстық көрінді. Портты қала Нанбо бізге үлкен әсер қалдырды. Чжэцзян про­винциясына кіретін бұл шаһардың аумағы 9365 шаршы шақырым болса, халқы 6 миллионға жуықтайды екен. 11 ірі негізгі ауданға бөлінетін бұл қала ылғалдылығымен ерекше­ленетін көрінеді. Чжоушань порты керемет дамып келе жатқандығын, бүкіл дүниежүзіне контейнермен зат таситындығын естідік.
Бұдан кейін Чжэцзян провинциясына қарасты Аньчан қаласына бардық. Ежелгі қала болып саналатын бұл шаһардың туризмі жақсы дамыған. Әсіресе, бұл қаланың базар орталығына барғанымызда Италияның Венеция қаласына ұқсас көріністі тамашаладық.
Чжэцзян провинция­сы­ның бас­ты қаласы Ханчжоу қаласы өте үл­кен қала екен­дігі байқалып тұрды. Бұл қала өте қонақжай қала екен. Қытайлық Таня есімді қыз журналис­тер қауы­мына қаланы таныстырып, сұрақ­тарымызға жауап беріп отырды. Аумағы 17 мың шаршы шақы­рымға жуық, ал халқы 9 мил­лион­дай бұл мекенде тұрғындар көшеде әртүрлі көліктермен жүреді екен. Велосипед, мопед, самокатпен жүйткіген көліктерге бір мезгілде машина да автобус та қатарласып келіп қалса да, ешқандай ым-шымсыз бір-бірін түсініп, жол беріп жатады. Көшеде кептелісті көрмейсіз. Тіпті автобуста лық толы адамды да байқамадық. Бәрі де көңілді жайдарлы жүздерінде мейірімге толы тұрғындардың жүрге­нін көресіз. Хэфан көшесінің өзі неткен әдемі десеңізші! Сиху көлінде журналистер қауымы кішігірім кемеге отырдық. Таби­ғат өте керемет. Тап-таза! Айнала жап-жасыл ағаштар мен әсем Будда храмдарының мүсіндері алыстан менмұндалап тұрады.
Ханчжоумен қимай қоштасып, қай­та­дан ел астанасы Бейжіңге келдік. Бей­жіңде біз CICC (China International Com­munication Сеnter) каналында болдық. Бұл теледи­дарда орыс тілін өте жетік білетін адамдарға жұмыс табы­лады екен. Тіпті кейбір әріптес­теріміз Қытайда 10 жыл тұрса да әлі де болса жергілікті халықтың тілін меңгере қоймапты. Тура Қазақстандағыдай жағдай екен. Орыс тілінде хабар таратып, қыруар қаржы тауып жүрген бұл әріптестеріміз Қытайда суға жүзген балықтай өздерін еркін сезінеді екен. Тіпті туған еліне қайтқылары жоқ. Олардың сөзіне сенсек, бұл жердің ауа райы мен тамағы өте жақсы, ең бастысы халқы қонақжай да мейірімді екендігін тілге тиек етіп жатты. Осы­дан-ақ Қытай халқы шетелдік қалам­герлерге құрметпен қарайтынын көруге болады емес пе?!
Jusfoun Big Data Information Group Co., Ltd компаниясының офисіне бардық. Көптеген заттарды өндіріп отырған болашағы жарқын бұл компания көптеген елдерге инвестиция­сын құятын көрінеді. Болашақта Қазақстанмен де байланысты орнатуды көздеп отырған бұл компанияның өсу қарқыны жоғары деңгейде.
Гугун Музейіне біз дәл Ха­лық­аралық Музей күніне тұспа-тұс кел­ген­діктен халықтың көп екендігін көрдік. Бұл күні му­зейді аралау тегін екен. Гугун мұражайы – ортағасырлық қытай сәулет өнерінің бірегей ескерткіші. 1420 жылы Пекин қаласындағы Тянаньмэнь ала­ңының солтүстік жағына салынған Мин және Цин әулеті императорларының сарайы болды. Аумағы 723600 шаршы метр. Айналасы биіктігі 10 метр дуалмен қоршалған. 1912 жылы Қытайда патшалық билік жойылып, республика жарияланған соң сарайдың бір бөлігінде ескі мәдени жәдігерлер көрмеге қойыла бастады, 1918 жылы мем­ле­кеттік мұражай осында көші­рілді. 1925 жылы Қытай үкіметі оны Гугун мұражайы етіп қайта құрып, көпшіліктің көруіне рұқсат берді. Экспонаттардың жалпы саны 1 миллион 100 мың. Мұражайда сирек кездесетін тарихи, әдеби, діни қолжазбалар мен ксилографиялық кітаптар­дың 500 мыңнан астам данасы сақтаулы. Олардың ішінде қытай­шадан басқа шүршіт (маньчжур), моңғол, тибет, ұйғыр, түрік-шағатай жазуындағы кітап, қол­жазбалар да мол. 1948 жылы Гоминьдан үкіметі Гугун мұра­жайынан әр түрлі мұралар мен сирек кездесетін қолжазба кітап­тардың 230 мыңнан астам данасын Тайваньға алып кетті. 1965 жылы Тайвань – Гугун мұра­жайы ашылды.
Иә, сонымен көршілес Қытай елінің даму көкжиегін көріп қайттық. Көңілге түйгеніміз көп. Бұл елден үйре­неріміз де аз емес екен. Әсіре­се, жаңа техно­логияларды игеру, инно­вацияларға серпін беру, кәсіпкерлік салаларды өркендету, заманауи талап­­тарға сай болатын бәсе­келес­тік орта қалыптастыру ба­ғытында игі тәжіри­белері мол. Сонымен қатар әрбір қытайлық азамат өз отанының шын мәнін­дегі патриоты екенін де бай­­қа­дық. Демек, елін шексіз сүйіп, оның асыл мұраттарына адал болу, соған бар қызметіңді арнау – же­тіс­­­­тік­ке апаратын даңғыл жол екені сөзсіз.
Қытай халқы өте еңбекқор, мейі­рімді, дана, сабырлы да шыдамды екендігін аңғардық. Кез келген қытайлық сізді танымаса да жыми­ып қарап сұрағыңызға жауап беруге дайын. Ең бастысы мейі­рімге толы бұл халықтың ішкі жан дүниесі таза екендігін байқауға болады.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру