Валюта бағамы: $ 385.76 427.89 6.04 ¥ 54.79

Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет

Қазақстанның табысты дамуы мемлекеттік қызмет саласының сапалы жұмысына тікелей байланысты. «Қазақстан-2050» даму стратегиясының жүзеге асырылуы бүкіл мемлекеттік аппараттың түбегейлі жаңаруын талап етеді. Осы орайда мемлекеттік қызметкерлердің сауатты, адал және құзіретті маман болуы маңызды. Заңды құрметтейтін, адамдардың мұқтаждықтарына сергек қарайтын қызметкерлер мемлекеттің мерейін көтереді. Мемлекеттік биліктің кәсіби құзіретті аппараты болғанда ғана кез келген демократиялық өзгерістерді табысты жүзеге асыруға болатыны көпке аян. Халыққа қалтқысыз қызмет ету елдің тұрақты дамуына ықпал етеді.

Мемлекеттік қызметке жаңа тұрған жастардың ант беруі және әнұранды орындауы салтанатты әрі аса маңызды шара болып есептеледі. Мәселен, ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Алматы қаласы Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қабырғасында әкімшілік мемлекеттік қызметкердің анты асқан жауапкершілікпен, терең патриоттық сезіммен қабылданады. Мемлекеттік қызметке келген әрбір жаңа қызметкер мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген айрықша сенім екенін ұғына отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамаларын сақтауға, халыққа адал және кәсіби түрде қызмет көрсетуге, мемлекет мүддесін қорғауға ант береді. Бұл мемлекеттік қызметтегі өте маңызды міндет, антты бұзу мемлекеттік қызметкер деген биік атаққа сай келмейді. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының бүкіл мән-маңызын терең түсініп, өзінің халыққа қызмет ету жолына түскенін ұғынуы тиіс. Әрбір мемлекеттік қызметкер өз елінің нағыз патриоты, ісіне адал берілген, әділетті болуы міндетті. Мемлекеттік қызметкердің жағымды имиджін қалыптастыру процесі атқарушы биліктің имидждік саясатымен тығыз байланысты. Осы аталған қасиеттердің барлығына ие адам ғана нағыз мемлекеттік қызметкер бола алады. Сондықтан таңдап алған мамандығыңның бүкіл жауапкершілігін түсіне білу қажет.
Осы тұрғыда жастарға жүктелетін міндет зор. Өйткені жастар – еліміздің дамуының стратегиялық ресурсы. Олар қоғамдағы өте белсенді және әлеуетті топ болып есептеледі. Жастар­дың мемлекеттік құрылыстағы алатын орны орасан. «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруда да жастардан, өскелең ұрпақтан көп нәрсе күтілетіні белгілі. Бұл олардың ел болашағы екеніне байланысты. Олар мемлекеттік қызметтің қаншалықты жауапты, маңызды жұмыс екенін сезінгендіктен де осы салаға келуге шешім қабылдайды. Мәселен, бізде жыл сайын кадрлық құрам жас мамандармен толығып отырады. Яғни, олар үшін мемлекет бүкіл қажетті жағдайды жасап отыр. Бүгінгі күні Алматы қаласы Ішкі мемлекеттік аудит департаментінде 40 мемлекеттік қызметкер болса, соның 25-і жастар.
Мемлекеттік қызметке келуді қа­лаған кандидаттармен әңгімелесу кезінде оның не үшін осы саланы таңдағанын сұраймыз. Сонда олар мем­лекетке қызмет етуді қалайтынын, бұның қоғамдағы құрметті қызмет екенін, мансаптық өсу перспективасы жоғарылығын келтіреді. Сондай-ақ, бұл құрметпен қоса үлкен жауапкершілік те. Өйткені, мемлекеттік қызметкер жұмысының сапасы марапаттармен емес, нақты жұмысымен, қоғамға пайдалы нәти­желерімен өлшенеді. Ең бастысы, белсенді өмірлік ұстанымға ие болып, жақсы маман болуға тырысу қажет.
Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттік қызметкердің миссиясы елдің мүд­десін қорғау жолында халыққа мін­сіз қызмет ету екенін атап айтқан болатын. Бәсекеге қабілетті мем­лекеттік қызмет құру – өркендеген Қазақстанды құру деген сөз. Сондық­тан да біз, Алматы қаласы Ішкі мем­лекеттік аудит департаментінің қызметкерлері, еліміздің табысты дамуы мен гүлденуі әрқайсымыздың өнімді жұмысымызға тікелей байланысты екенін жақсы түсінеміз. Алдағы уақытта да елдегі реформалардың қайнаған ортасында мемлекет мүддесіне адал қызмет ете беруге тиіспіз. Бұл біздің болашағымызға деген сенім сыйлайды.

Айнұр Тоқаева,
Алматы қаласы ішкі мемлекеттік
аудит департаментінің бөлім басшысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру