Валюта бағамы: $ 384.97 427.12 6.04 ¥ 54.75

Қаржы секторын реттейтін тәуелсіз орган құрылады

Ұлттық банк қаржы секторын реттеу жөніндегі тәуелсіз орган құру туралы заң жобасын әзірледі. Елбасының тапсырмасына сәйкес қаржы нарығын қадағалау функцияларын бөлу, сондай-ақ тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін шектеу мақсатында әзірленген осы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Сенаттың жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы екі бағытты көз­дейді. Бірінші – қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын құру. Елдің экономикалық өсуіне ынталандыру үшін Ұлттық банк орталық банктің классикалық қызметтеріне шоғырлануға ниетті. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақша-кредит саясаты, валюталық реттеу және төлем жүйелерін дамыту. Ал қаржы нарығын реттеу мен дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей есеп беретін жаңа мемлекеттік орган – Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігіне беру ұсынылады. «Жаңа агенттікті құру Ұлттық банкті қайта ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Оның аясында берілетін қызметтер мен өкілеттіктер Ұлттық банктен ауысады. Осы орайда штат бірліктерін қайта бөлу ескерілген. Мамыр, алдымыздағы маусым айының ортасында барлық жұмыстарды Қаржы министрлігімен аяқтай­мыз», – деді Ұлттық банктің төр­ағасы Ерболат Досаев Сенат­тың жалпы отырысында.
Ұлттық банк пен агенттіктің қыз­меті тиянақты түрде, оның ішінде басқару органдарында өзара өкілдік ету арқылы үйлестіріледі. Агенттік респуб­ликалық бюджет есебінен қар­жы­ландырылады. Еңбекақы төлеу жүйесін үкімет бекітеді. Ерболат Досаев жаңа агенттік қызметшілерінің мәртебесі бас банк қызметшілерінің мәртебесіндей болатынын атап өтті. Бұл еңбекақы төлеудің бәсекеге қабілетті деңгейін белгілей отырып, біліктілігі жоғары қызметкерлерді жедел түрде іріктеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бас банк пен жаңа агенттіктің қыз­меті тығыз үйлеседі. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк пен агенттік Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің қызметі аясында өзара іс-қимыл жасайды. Кеңес міндетті түрде жүйелік тәуе­келдерді төмендету үшін ма­кро­пруденциялық саясат шараларын, дағдарысқа қарсы шараларды, жүйелік маңызды банктерді реттеу не мемлекеттік қолдау шараларын қабылдауға байланысты мәселелерді алдын ала қарауға тиіс. Тұтас алғанда қаржы нарықтарын реттеу мен қадағалау функциялары жаңа агенттікке бекітіліп беріледі. Ұлттық банкте төлем ұйымдарына, банктік емес айырбастау пункттеріне, инкассаторлық компанияларға қатысты реттеу мен қадағалау функциялары сақталады. Сонымен қатар қайталауды болдырмау және қаржы секторына жүктемені азайту мақсатында Ұлттық банк пен агенттік үшін бірдей қолжетімді болатын статистикалық және реттеушілік ақпараттың бірыңғай базасы құрылады.
Заң жобасының екінші бағыты, бұл – тұтынушылық кредиттеу нарығында реттеуші төрелікті және жүйелік проблемаларды жою. «Халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбайтын өсуін болдырмау мақсатында барлық кредиттеу субъектілеріне қатысты тиісті реттеу және қада­ғалау құралдарын енгізу талап етіледі», – деді Е.Досаев.
Қазіргі күні шамамен 5 миллиондай адамда тұтынушылық қарыз бар екен. Олардың жалпы берешегі 4 трлн теңгеден асады. Әрбір қарыз алушының берешегі орташа алғанда 800 мың теңгені құрайды. Тұтынушылық кредиттер қоржынының барынша белсенді өсуі реттелмейтін секторда байқалады. Бұл – онлайн-кредиторлар, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар. Сонымен қатар, азаматтардың кредит алуы ұлғаюда және қарыз алушылар мүдделерінің бұзылауы көбінесе осы реттелмейтін субъектілер тарапынан орын алатыны байқалып отыр, халықтың әлеуметтік осал топтары жауапсыз кредиттелуде. «Аталған проблемаларды шешу үшін қадағалау органының реттеу ауқымына кредиттеудің барлық субъектілерін енгізе отырып, оны кеңейту ұсынылады. Осы ретте заң жобасында банктік емес кредиттік ұйымдарды реттеудің сараланған жүйесін енгізу көзделеді», – деді Е.Досаев.
Сонымен қатар, заң жобасында Қазақстан азаматтарына қарыз беру бойынша кез келген қызмет жаңа қадағалау органының толық реттеу аясында болатындығы қарастырылған. Осы орайда кредиттік серіктестіктердің, ломбардтардың, микроқаржы ұйымдарының (оның ішінде онлайнкредиторлардың) кредит­тік қызметі қолданыстағы «Микро­қаржы ұйымдары туралы» заңның негізінде микро­қаржылық қызмет ретінде айқында­латындығын айта кеткен жөн.
Заң жобасында әрбір көрсе­тілген субъектінің қолданыстағы бизнес-үлгісін өзгерту көздел­мейді, тек қызметтің нақты түріне тән тәуекелдерге байланысты талаптар енгізілетін болады.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қаржы нарығын реттейтін жаңа агенттік Алматыда орналасатынын айтты. Ал, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің «болашақта Ұлттық банктің Нұр-Сұлтан қаласына көшуі жоспарда бар ма?» деген сұрағына бас банкир бұл мәселенің оң шешім тапқанын жеткізді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру