Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

«Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ БҚО филиалының төрағасы Серік ЖАРЫЛҒАПОВ:Ауыл шаруашылығы дамысын десек, кооперациялануымыз керек

– Серік Әбдіғалиұлы, фермерлер одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалы қандай жұмыстармен айналысады? Қандай мәселелерге назар аудармақсыздар?
– Біздің одақ шаруаларға, шаруа­шылықтарға қолайлы жағдай жасауға жүйелі жұмыстануда. Сонымен қатар әрбір шаруаға ел көлемінде болып жатқан жаңа­лықтарды жеткізіп, мем­лекет тара­пынан болатын қолдау-көмектің тетіктерін түсіндіреміз. Фер­мерлер одағының бүгінгі саясаты – әр ау­данда, әр ауылдық округте өзінің бөлімшесін ашу. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге жаны ашитын, фермерлердің түйт­кілді мәселелерінен хабары бар әрі тегін жұмыс істейтін адамды табу оңай емес. Өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасымен, «ҚазАгро» АҚ-ның еншілес ұйымдары өкілдерімен бірге облыстағы Тасқала ауданынан басқа барлық ауданды түгелдей араладық. Менің түсінбейтінім – Ауыл шаруашылығы министрлері жаңадан тағайындалған сайын еліміздегі қабылданып қойған салалық бағдарламалардың жиі ауысатындығы. Бағдарлама бес жылға есептелген соң өзгертілмей, оған өмірдің талабына сай аз-мұз түзетулер қаулылармен енгізіліп отырса бірсәрі. Сондықтан қолда­ныстағы «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ламасының» әрі қарай жүзеге асырылғаны жөн. Мұны тек фермерлер одағының емес, көптеген шаруаның ой-пікірі деңіз. Кооперация жұмыстары жақсы қолға алынып басталып еді, министрлер ауысқан соң кейінге сырылды, енді оны қазіргі министр еске де алмауы мүмкін.
Кеңестер одағының шекпенінен шыққан Белоруссияда ауыл шаруа­шылығы күйремей, сол қалпында сақталып қалды. Белорус­стардың президенті ауыл шаруа­шылығы саласында жұмыс істеген, өзі агро­ном, кеңшар директоры болған. Бұл елде де қайта құру үрдісі жүрді. 2013-2016 жылдар аралығында онда төрт рет ауыл шаруашылығы көрмесі өтті. Соның төртеуіне де бардым.
Сондай іссапардың бірінде Минскіден 40 шақырым жердегі Борисов ауданындағы шамалы деген шаруашылыққа апарды. Шаруашылықты аралап көріп, басқасын көрмей-ақ қояйын деп шештім. Неге? Өйткені ол өзі малын өсіріп, егінін егіп, тұрғындарына қолайлы жағдай жасаған колхоз екен. Оның егі­сін бір кооператив келіп егіп береді, екіншісі улайды, кілең машина-трактор стансасы сияқты кооператив құрып тастаған.

Біреуі егінін орса, келесісі жинайды дегендей. Колхоздағылар 300-400 сүтті сиырын сауып, 400-500 ірі қарасын бордақылайды. Содан кейін мұндай кооперацияны бізде ұйымдастырудың тиімділігіне көзім жеткендей болды.
Ауыл шаруашылығы саласында шаруаларға берілетін несиелер, субсидиялар ұзақ мерзімге берілуі тиіс деп есептеймін. Малдан төл алып, оны әрі қарай өсіруге, игілігін көруге уақыт керек. Белоруссияда ауыл шаруашылығы несиесі 1 %-бен 30 жылға беріледі. Егер мен шаруа адамы болсам, алдағы тірлігімді ойша елеп екшеймін ғой: биыл мен 100 мал алсам, алдағы үш жылдың ішінде мынадай басын сатуға шығарамын, мал басын өсіруге мынадай басын қалдырамын деп. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы қайтадан өзгертіліп, қабылданды. Өткен жылы күзде өңірдегі шаруаларға «Сыбаға» бағдар­ламасы бойынша 2 млрд. теңге ша­масында несиелік қаржы берілді. Сол алынған қаржыға асыл мал табу мәселесі шаруа адамдарын қинайды. Іргедегі Ресейде карантин, шетелден мал әкелу қымбатқа шығады. Елі­мізде асыл тұқымды малдың түрлі палатасы құрылған, ендеше неге сол палаталар шаруаларға асыл малды іздеп табуға көмектеспейді екен деген ой мазалайды. Жалпы, біздің одақ шаруалардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды.
– Мемлекет шаруа адамына бар­лық жағдайды жасауда. Дегенмен шаруа ада­мын тағы қандай мәселелер қинай­ды?
–Иә, дұрыс айтасыз. Шаруа ада­мына мемлекет тарапынан лизингке техника, түрлі субсидия сықылды қолдау-көмек көрсетілуде. Фер­мерлер бұл қолдаудың шапағатын көруде. Бірақ бұл көмек барлық шаруаға қолжетімді және жеткілікті шамада болуы шарт. Егіс саласында субсидияны бұрын гектарына тө­лейтін. Сондықтан шаруалар арпа, бидай екпей, субсидия берілетін майлы дақылдарды егуге көшіп кетті. Үкімет бертін келе, майлы дақылды май сығатын кәсіпорындарға тапсырғанда тоннасына демеуқаржы береміз деп ережені ауыстырды. Бір жылдық шөп егуге де берді субсидияны. Оны кейбір жігіттер бір мың гектарды алады да, алқаптың айналасына бір жылдық шөпті егеді де, ортасына екпей бос қалдыратын тәсілді тапты. Сонысы әшкере болып, шаталғандар да болды. Қазір оны да алып тастады. Бұрындары сырттан жем сатып алсаң, оған да субсидия беріп жүрді. Бүгінде оның барлығы өзгерді. Қазір шетелден асыл мал сатып алсаң, мал басына 225 мың теңге, асыл тұқымды мал шаруашылығынан аталық мал алсаң, онда 150 мың теңге, асыл тұқымды сиырды өсіруге 20 мың теңге, тауарлық малға 10 мың теңге шамасында және бұзауға, қойға да аздаған субсидия берілуде. Сондықтан фермерлер одағы шаруалардың басын қосып, оларға еліміздегі ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықтарды жеткізіп, мемлекет тарапынан берілетін көмек-қолдауды біліп қана қоймай, іс жүзінде сондай тетіктердің шапағатын көрсін деп жұмыс істейді.
Бюджет қаржысына салынған мал өнімдерін өңдеу саласындағы «Батыс Марқа Ламб», «Батыс Кроун» сынды компанияларда хроникалық түрде «қолайсыз» жағдай қалыптасты. Етке мал өткізушілердің біразы адал малының ақшасын ала алмай жүр. Осы мәселе өзекті. Бүгінде «Кублей» кәсіпорны өңірдегі ет өңдеуші алпауытқа айналды. Тірі салмағы 400 келіден асатын малды 735 теңгеден аламыз депті, прайс парақшасында. Сонда еттің келісін 1470 теңгеден алмақ. Мал бордақылау алаңдарында семіртілген дайын мал бар болғанмен, облыста оны етке өткізетін жер жоқ. Дайын малды алып кетуге басқа біреу жұмыстансын. Мысалға, «Кублей» мал таситын көлік сатып алған. Енді етке өткізілетін малды өзі барып тиеп алып кететін болса, міне, бұл – дұрыс саясат. Бүгінде «Кублейде» мал өнімінің барлығы, тіпті малдың тұқайына дейін өңделеді. Бірақ етті нарықтағы бағадан арзандау алады, ол баға шаруаның мал өсіруге, семіртуге жұмсаған шығы­нын ақтамайды. Малды асылдандыр­дық. Қазақстанда өндірілген асыл малдың бұқадан басқасы сатылмай­ды, сонда қашарларын, төлін қайда жібе­реміз? Бұл да – өзекті мәселе. Шетелден мал сатып әкелеміз, малды асылдандыруға, қанды жаңартуға деп. Қош делік. Өзімізде асыл мал өндіретін шаруашылықтар тиісті палаталарға мүше болып, жарнасын төлеуде. Сонда асыл малды етке өткізгенде қандай пайда көреміз? Сол малды өсіруге мемлекеттен миллиардтаған субсидия бөлінді. Енді сол шаруашылықтар аяққа тұрғанда жергілікті асыл малды субсидиялайтын бағдарламаны жауып тастау дұрыс емес.
Сатып алған жемдік азықпен малды асырау қымбатқа түседі. Бөрлі ауданының орталығы Ақсайда кезінде құрама жем зауыты болды. Онда он жылдай жұмыс істегенмін. Түрлі себептерге байланысты 2012 жылдан бері ол тұрып қалды. Облысымызда құрама жем өндірісі дамымаған. Шаруалар арпа, бидайды кебектей алады да, малға тартып береді. Бірақ ешкім оны ірі қараның асқазаны қорытып жатыр ма, жоқ па, кебек сіңімді ме, әлде түк пайдасы жоқ па, деп сараптамайды. Ақ Жайық өңі­рінде ешқандай жем қоспай, құрама жем шығаратын әлеует бар. Ондай заманауи технология да бар. Бірақ оған қаржы құйып, іске асыратын адам болмай тұр.
–Серік Әбдіғалиұлы, Елбасы Жол­дауында ауыл шаруашылығы сала­сын жаңа экономиканың драйверіне айналдыру тапсырыл­ғаны мәлім. Соған орай ауыл шаруа­шылығының маманы, білікті агроном ретінде ауа райы күрт құбылмалы өңір саналатын Ақ Жайық өңірінде ауыл шаруашылығын дамытуда қандай жұмыстарды қолға алған жөн деп санайсыз?
– Қазіргі уақытта облыс аумағын­дағы көптеген су айдынын қамыс басып кетті. Сол қамысты кебектің ор­нына қосымша мал азығы ретінде майдалап, пайдалануға болады. Хло­релла деген бір клеткалы балдырлар бар. Башқұртстанда, Татарстанда, Өзбекстанда сонымен малды асырап отыр. Кезінде Атырау облысының «Ақжайық» деген шаруашылығында өткен ғасырдың 70-жылдары мал бордақылауға пайдаланып, жоғары жетістіктерге жетіскен. Сондықтан бұл – біздің өңірге үйлесе кететін технология. Яғни балдырға ұнтақтап қамыс қосып, қазақша айтқанда, көже жасалады. Сондай жобам дайын, бірақ қаражатым жоқ. Малды сырттан тасымалданатын сіңімсіз, құнарсыз әрі қымбат мал азығымен азықтандыру ақылға қонымсыз. Биыл Татарстанға барып, осы технологиямен танысып келмекпін. Бидайды сығып бермейміз, тартып береміз, сондықтан ол малға жұғымсыз. 2018 жылдың соңында және биылғы жылдың басында шаруалар «Ауыл шаруашылығын қаржылай дамыту қорынан» 2 млрд. теңге шамасында несиелік қаражат алды. Несиеге қол жеткізген сол жігіттерден «Қаржы алып, мал сатып аласыздар. Сонда сол малды немен асырайсыздар?», – деп сұрадым. Жаз­ғы мезгілде малды жайып бағар­сың, ал қыста не бересің? Сонау Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов аудандарының бір қиырында тұрсаң, облыс орталығынан не тасисың? Құрама жем өндірісі жоқ, малды құр шөппен асырай алмайсыз. Мал шаруашылығын дамытуда осы жағы ескерілуі тиіс.
Шыңғырлау ауданында сырым­дық үш жігіт өздерінің шаруашы­лықтарын ашты. Солардың әрқайсы­сы трактор, прессор, орақ, шөп тие­гіш сықылды техника алды. Оларға осының бәрін бірдей неге алған­сыз­дар, әрқайсыңыздың жеріңіз 2 мың гектардан, техниканы екі кісі бірі­гіп алсаңыздар жарайды ғой, дедім. Сонда есептеп қарасақ, 12 млн. теңге артық үнемдер еді. Қалған қаржыға 100 баспақ алып, 30 бастан бөліп алса, дұрыс болар еді. Келесі жылы одан төл алады, оны өсіріп табыс табады дегендей. Осылайша, үш дос қаржылық институттан несие алып, несие құрығын мойындарына ілді. Былтыр солардың біреуінің 30-40 малы бруцеллезге шықты. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында кооперация құрған дұрыс. Аталған сала өркендесін десек, ауыл құрдымға кетпесін десек, кооперациялануымыз керек.
– Тұшымды әңгімеңізге рақмет.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру