Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

Ішкі валюта нарығындағы ахуал хақында

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Еліміздің бас банкінің мәлімдеуінше, ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты болып отыр. Бағам белгілеу қаржы реттеушісінің қатысуынсыз сұраныс пен ұсыныстың нарықтық факторларының негізінде орын алған. Ұлттық валюта бағамы жыл басынан бері бір АҚШ доллары үшін 384,2 теңгеден 379,43 теңгеге дейін нығайды. Бағам белгілеудің іргелі драйверлері оңтайлы қалыптасуда. Мәселен, жыл басынан бастап мұнай бағасы бір баррель үшін 54-тен 70 долларға дейін өсті. Мұнай бағасының өсуі, сондай-ақ шетелдік портфельдік инвестициялардың әкелінуі аясында жыл басынан бері Ресей рублінің нығаюы байқалады.
Америка Құрама Штаттары федералдық резервтік жүйесі көзқарасының пайыздық саясатқа қатысты жұмсаруы да ақша ағындарын дамушы нарықтарға қайта жіберуге және қазақстандық активтерге деген сұранысқа ықпал етеді. Алайда орын алып отырған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысының шешілуіне қатысты белгісіздік барлық дамушы елдер валюталарына қысымды сақтайды. Төлем балансының жай-күйі жақсаруда. Алдын ала бағалауға сәйкес 2019 жылғы бірінші тоқсандағы ағымдағы шот 834,8 млн доллар деңгейінде күтіледі. Ағымдағы шоттың профициті қатарынан екінші тоқсан ішінде теңгенің нығаюына алғышарттар жасайды. Сәуірдің соңында жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың активтері жылдың басынан бері 58 млрд АҚШ долларынан 59,3 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Қазақстан Ұлттық банкінің алтын-валюта резервтері сәуірде 0,2 пайызға ұлғайып, 2019 жылғы 1 мамырда 27,1 млрд АҚШ долларын құрады. Қажетті минимум 3 ай болған кезде олардың көлемі тауарлар мен қызметтер импортының шамамен 8 айын құрайды. Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, жалпы халықаралық резервтер сәуірде 0,4 пайызға өсті.
Қазақстан Ұлттық банкінің жалпы халықаралық резервтерінің көлемі сыртқы борышқа және тауарлар мен қызметтер импортына қызмет көрсету бойынша макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті болып табылады. Жыл басынан бастап резервтер көлемінің төмендеуі сыртқы міндеттемелерге, оның ішінде үкіметтің сыртқы борышы мен квазимемлекеттік секторға қызмет көрсету, сондай-ақ салымдарды долларсыздандырудың жалғасуына байланысты екінші деңгейдегі банктердің корреспонденттік шоттарынан қаражаттың әкетілу салдары болып табылады. Ұлттық банк жекелеген сарапшылардың арандатушылық бақылауына және болжамдарына ермеуді және тәуекелді алыпсатарлық операцияларды жүзеге асырмауды ұсынады. Банк валюталық нарықтың жай-күйіне тұрақты негізде мониторинг жүргізуді жалғастырады және қажет болған жағдайда қаржылық тұрақтылыққа қауіпті болдырмау бойынша қажетті шаралар қабылдайды.
Жуырда, 17 мамырдағы сауда-саттық қорытын­дылары бойынша теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,4 пайызға нығайып 378,93 теңге деңгейінде қалыптасты. Сыртқы валюталық нарықта 2019 жылғы 10 мамырдан 17 мамыр аралығындағы неғұрлым маңызды оқиға АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысының өршуі болды: Қытай көлемі 60 млрд. доллар америкалық тауарлар импортына баж салу бойынша жауап шараларымен шықты. Сондай-ақ АҚШ еуропалық өндіріс автомобильдеріне 25 пайыздық баж енгізу туралы мәселені алты айға дейінгі мерзімге кейінге қалдырды, сәуірде АҚШ-та бөлшек сауда мен өнеркәсіптік өндірістің төмендеуі туралы статистика жария етілді, Ұлыбританияның оппозициялық партиясы брекситке байланысты үкіметпен одан әрі келіссөздерден бас тартты. Аталған факторлар АҚШ доллары бағамының дамыған елдердің валюталарымен салыстырғанда нығаюына әкелді. Дамушы елдердің валюта бағамдарының АҚШ долларына қарағанда серпіні мынадай түрде қалыптасты: Ресей рублі мұнай бағасының өсуіне орай 135 млрд. рубльге, яғни федералдық қарыз облигацияларының 5 жылдық, 9 жылдық және 10 жылдық табысты үш аукционының аясында 0,8 пайызға нығайды, Үндістан рупиясы мұнай бағасын белгілеудің өсуі, сондай-ақ наурызда өнеркәсіптік өндірістің 0,1 пайыз қысқаруы туралы деректерді жария ету аясында 0,4 пайызға, Мексика песосы 0,4 пайызға әлсіреді. Мексиканың орталық банкі бірінші тоқсанда экономиканың баяулауына қарамастан, негізгі мөлшерлемені 8,25 пайыздық деңгейде сақтап қалды. Инфляциялық тәуекелдер өсті, атап айтқанда сәуірде бағаның өсуі таргеттің жоғарғы шекарасынан асып түсті. Индонезия рупиясы сәуірде сауда-саттық тапшылығының рекордтық кеңеюі туралы деректерді жария ету, сондай-ақ Қытай мен АҚШ арасындағы сауда-саттық келіспеушіліктер аясында 0,9 пайызға әлсіреді. Елдің бас банкі ішкі экономиканы ынталандыру қажеттілігін ескере отырып, әлемдік қаржы нарығының серпінін қадағалап отыратынын мәлімдеді. Түрік лирасы бюджет дефицитінің болжамдағыдан көп болуына байланысты орталық банкінің резервтік қаражатынан 6 млрд. долларды пайдалану туралы мәселені қарап жатқаны туралы қаржы министрлігі мәлімдемесінің аясында 1,3 пайызға әлсіреді. АҚШ долларына қарағанда көлемі жағынан неғұрлым көп сатылатын дамушы елдердің валюталары нарығында алыпсатарлықтың алдын алу және бюджет кірістерін ұлғайту жөніндегі шаралар ретінде ел үкіметі кейбір валюталық транзакциялар үшін 0,1 пайыз мөлшерде салық енгізді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру